Accessibility links

Қазақстан Таиландта тұтқындалған азаматтарына көмектесу жолдарын іздестіріп жатыр

  • Ескендір ЕРТАЙ

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі консулдық қызметі департаментінің хабарына қарағанда, бұдан екі ай бұрын Таиландта есірткімен ұсталып, өлім жазасына кесілуі мүмкін қазақстандық төрт азаматты тергеу ісі әлі жүргізіліп жатыр. Қазақстанның сыртқы істер министрі Қасымжомарт Тоқаев олардың тағдырына байланысты Таиланд корольдігінің сыртқы істер министрі Суракиярта Сатиратаймен хабарласқан.

Әзірге бар ресми хабарлар бойынша, Қазақстан азаматтарының қандай да бір арандатудың құрбаны емес екені, есірткі салынған микроконтейнерлер олардың асқазанынан табылғаны дәлелденіп отырған көрінеді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі қаңтардың 19-ында Таиландтың Маесай ауданындағы өткізу бекетіндегі тексеріс кезінде асқазандарынан 3 килограмға жақын героины бар микроконтейнер табылған төрт азаматтың тағдыры қыл үстінде екенін хабарлады.

Консулдық қызмет департаментінің директоры Уәлихан Қоңырбаевтың айтуынша, Таиландта героинмен ұсталған төрт жігітке тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан жағы уақиғаның барысын бақылап отыр. Заңгер Марат Башимовтың айтуынша, Таиландта есірткімен ұсталғандардың тағдырына Қазақстан жағынан тек қана сыртқы істер министрлігі ғана ықпал ете алады деген пікірде.

Ал, адвокат Ерғали Нұрғалиев болса, «Қазақстан мен Таиланд Королдігі арасында қылмысқа қатысы бар азаматтар мен күдіктілерді экстрадициялау туралы» халықаралық келісім шарт болмаған жағдайда, сөз болып отырған төрт азаматтың тағдыры тек Таиланд сотының үкіміне тәуелді. Заңгер Марат Башимов Таиланд соты қазақстандық азаматтарға ең ауыр жаза қолдануы мүмкін. «Өйткені Таиланд өлім жазасын қолданбау туралы Еуроодақтың, Еуропарламенттің, БҰҰ-ның талаптарын орындамай отырған мемлекеттердің бірі» дейді заңгер.

Таиланд полициясының алдын ала тергеу барысында анықталғаны- қазақстандық азаматтар героинды Таиландтың аумағынан алып шығып, содан соң сатпақ болған. Ал Таиландта есірткі контрабандасымен ұсталғандарға өлім жазасы кесіледі.
XS
SM
MD
LG