Accessibility links

Президент Ақаев елден қашып, Қырғызстанда билік оппозиция қолына өтті


Қырғызстандағы толқу 24 наурызда шарықтау шегіне жетіп, оппозицияны қолдаған халық президент Асқар Ақаевтың бас кеңсесін басып алды. Президент Ақаев елден кетіп қалғаны хабарланды. Бас министр Николай Танаев қызметінен кетті. Билік оппозицияға өтіп жатыр.

Конституциялық сот төрайымы Чолпон Баекова ұлттық телекомпанияда сөйлегенінде бас министрдің қызметі өз еркі бойынша тоқтады деп жариялады. Конституциялық сот төрайымы Қырғызстан Халық Одағының Координациялық кеңесіне уақытша үкімет мәртебесі берілгенін айтты.

Жоғары сот дауға айналған соңғы парламенттік сайлаудың қортындыларын жойды, парламенттік билік ескі парламентке берілсін деп ұйғарды. Жұмаға қараған түні ескі парламент төтенше мәжіліске жиналып, жағдайды талқылады. Оппозиция басшысы Құрманбек Бақиев ұлттық теледидарда бейсенбі күні кешкісін сөйлегенінде елдегі жағдай қиын деп сипаттады:

- Республика президенті Асқар Ақаев елден кетіп қалды. Ол Қырғызстан жерінде жоқ. Үкімет басшысы Николай Танаев қызметінен кетті. Біз қиын, тіпті дағдарыс жағдайындамыз.

Бақиев Ақаевтың қай елге кеткенін айтқан жоқ. Президент Ақаевтың қайда екені әзірше белгісіз. Әр түрлі бұлақтар қарама-қайшы ақпарат айтады. Бейсенбі күнгі шешуші оқиғаның бірі – ереуілшілер түрмеде соңғы бес жыл бойы отырған оппозиция басшысы Феликс Құловты азат етті.

Феликс Құлов – "Ар-Намыс" партиясының төрағасы, елдің бұрынғы вице-президенті. Құлов қолма-қол Бішкекке жеткізілді, ұлттық теледидар арқылы сабырлыққа шақырды, президент Асқар Ақаев оппозиция басшыларымен кездесіп, билікті бейбіт жолмен беруді қарастырсын деді:

- Тыныштық пен сабырлық баршамызға аса маңызды. Билік бейбіт жолмен ауыссады дегенге, жетекшілердің ешқайсына зақым келмейді дегенге қолымыздан келгеннің барлығын жасаймыз. Құрметті президентіміз заң жүзінде сайланған, біз осыны бағытқа алып, халыққа осыны айтып, биліктің конституциялық жолмен ауысуын қамтамасыз етуіміз керек.

Феликс Құлов Ақаевтың жақын адамдары оны табуға көмектеседі деген үміттемін, Ақаевқа және оның әулетіне қауіпсіздік кепілдемесін береміз деп мәлімдеді. Оппозиция басшылары ел қауіпсіздігін және тұрмысын қамтитын мемлекет орындары тұрақты істеп жатыр деді. Мәселен, шекара күзеті, ішкі істер министрлігі сияқты басты салалардың қызметтері бірден бақылауға алынды.

Феликс Құлов Бішкекте жұманың таңына шейін тәртіпті қалпына келтіруге күш саламыз, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және АҚШ дағдарысты шешуге көмектеседі деп санаймын деген ойын айтты:

- Мен түрмеден басшылық жасауға шыққан жоқпын, мен тәртіпті сақтау үшін шықтым, осыны бас міндетім деп есептеймін.

Қырғызстандағы жағдайды Қазақстан үкіметі ертеден қатты бақылап отыр. Бейсенбі күнгі сөзінде бас министр Даниал Ахметов Қырғызстандағы текетірестің конституциялық жолмен шешілгенін қалаймыз деді. Ал Қазақстан оппозиция одағы болса – Қырғызстанның қанаушы билігі елдің түбіне әбден жетті, қырғыз халқының қалауына қосыламыз деді. Оппозиция басшыларының бірі Болат Әбілов Азаттық радиосына бейсенбі күні берген сұхбатында Қырғызстандағы жағдайды халықтың еркіндікке ұмтылған ғаламат үлгісі ретінде қабылдаймын деді:

- Бұл басқа да диктаторларға құлаққағыс. Өзгерістің кезі жетті, әділ, ашық сайлау керек. Ең бастысы әділ сайлау керек. Бұл - ең басты шарт.

Болат Әбілов Қырғызстандағы жағдай көршілес елдерге оң әсерін береді деп айтты:

- Бұл Орталық Азия аймағы өміршең аймақ екенін көрсетеді. Азия демократияға дайын емес, реформаға дайын емес дегеннің барлығы жалған. Халық еркін өмір сүру керек.

Оппозиция басшыларының бірі Петр Своик Қырғызстан – кедей ел, Қазақстан – оған қарағанда бай ел, сондықтан демократиялық құбылыстар Қазақстанда баяу жүреді деген қате дейді. Алдағы президенттік сайлауға қазір қалыптасқан тәжірибемен баруға болмайды деп санайды Петр Своик:

- Ғалымжан Жақиянов түрмеде отырған кезде, Әкежан Қажыгелдин және Мұхтар Әблязовтар шетелдерде жүрген жағдайда елде президент сайлауын өткізуге болмайды. Бірінші кезекте осындай саяси мәселелерді шешпей, сайлау өткізуге болмайды. Сайлауды тағы бір рет бұрмалау Назарбаевтың қолынан енді келмейді.

Қырғызстандағы толқу үш аптадан аса созылды. Бұл елде 28 ақпанда өткен парламент сайлауы дауға айналды. Оппозиция Асқар Ақаев сайлауды тағы бұрмалады деп бас көтерді. Ақыры, Қырғызстанда әп сәтте жаңаша саяси жағдай қалыптасты.
XS
SM
MD
LG