Accessibility links

Прагада оқитын қазақстандық жастар қазақ сарбазы Мәжит Жүнісовтың зиратына гүл қойды

  • Әбдіғани ЖИЕНБАЙ

Прагадағы зиратта жерленген қазақ сарбазы, Совет одағының батыры Мәжит Жүнісовтың қабіріне гүл қойылып, рухына арнап құран оқылғаны туралы Азаттық радиосы алғаш хабарланғаннан кейін ол жерге келушілер жиілей бастады. Қазақстандық боздақтар қабірінің басынан гүл үзілмейді.

Мамырдың 8-і күні, жексенбіде, Прагадағы Олшанска зиратында мәңгілік қоныс тапқан Совет Одағының батыры, қазақ жауынгері Мәжит Жүнісовтың басына Чехияда оқитын қазақстандық жүздеген жас алғаш рет келіп, батырдың қабіріне гүл қойды. Мәжит Жүнісовқа және осы зиратта жерленген өзге де Орта Азиялықтарға, бұрынғы советтік азаматтарға арнап құран оқылды.

Азаттық тішісі зират басына келушілерді сөзге тартқан еді.

- Біз өте ерекше сезімдеміз. Бір жағынан, батыр ата-бабаларымыздың жатқан жеріне келіп, ішімізде от лаулап жанып жатқандай. Екінші жағынан, Жеңіс күні деп жүрегімізде қуаныш болып отыр. Соның бәрі қосылғанда, ол сезімді сөзбен айтып жеткізе алмайсың, - дейді қазақ студентерінің бірі.

- Бұл жерде қазақ сарбазы – Совет одағы батырының және басқа да боздақтардың жерленгенін бұрын естіген бе едіңіздер?

- Жоқ, бірінші рет осында келіп, есітіп білдік.

- Біз бүгінгі мереке - 2-дүниежүзілік соғыстағы Жеңіс күніне орай келген едік. Чехияда соғыс кезінде осы елдің азаттығы үшін шайқаста қаза тапқан отандастарымыздың басына гүл қойып, ол батырлардың рухына бас ию үшін арнайы келіп отырмыз. Өзім Батыс Қазақсnан облысы Орал қаласынанмын, - дейді Нұргүл есімді жас докторант:

Батыр Мәжит Жүнісовтің де туып-өсіп, майданға аттанған жері Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданы екенін естігенде Нұргүл ерекше толқыды.

Қазақ батырының қабірі басында кездескен Чехия азаматы:

- Меніңше, ел азаттығы үшін жанын пида еткен бұл марқұм батырларға, олардың ерлігіне лайықты құрмет көрсетілген жоқ. Жастар олар жөнінде жөнді білмейді, олар ұмытылған, - деп өз ойын жеткізді.

Ал, Прага университетінде оқитын қазақ жасы Райхан Ұзақбай қызы чех жігітінің сөзіне өз уәжін білдірді.

- Бұл зиратта бірталай қазақстандық, Орта Азиялық боздақтардың жатуының өзі тарих. Бұл - өте маңызды, бұны білу керек. Бұл марқұмдар біз үшін, біздің осындай еркін өміріміз үшін, болашағымыз үшін ерлік көрсетті, біз үшін жанын қиды! - деді студент қыз Райхан.

Мамырдың 8-інде Олшанска зиратындағы отандастарының басына гүл қойып, олардың мәңгілік рухына тағзым ету үшін жүз шақты қазақстандық жас азаматтар келді. Деректерге қарағанда, жалпы Чехия университеттерінде қазіргі таңда 200-ден астам қазақ жасы дәріс алатын көрінеді. Сондай-ақ, бұл зираттағы боздақтарды еске алу үшін мамырдың 7-інде осында қырғызстандық студенттер де келген болатын.
XS
SM
MD
LG