Accessibility links

Халықаралық ұйым өкілдері екі заң жобасына қарсылықтарын білдірді

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Мамырдың 10-ы күні Алматыда бірқатар халықаралық ұйым өкілдері Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйым өкілдерінің қызметіне байланысты дайындалып жатқан екі заң жобасын кері шақырып алуды сұрап парламент мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджановқа ашық хат жолдады.

Бұл туралы Алматыда дүйсенбі күні “Фридом хаус” ұйымының Қазақстандағы өкілдігінің директоры Антонио Станго мырза мәлім етті. Ол үкіметтік емес ұйымдарға қатысты “Қазақстан аумағында жұмыс істейтін халықаралық және коммерциялық емес ұйымдардың қызметі туралы” және “Коммерциялық емес ұйымдардың мәселесі жөніндегі кейбір заңнамаларға өзгеріс енгізу туралы” әзірленіп жатқан заң жобалары Қазақстанның демократиялық дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді деді.

Антонио Стангоның айтуынша, егер бұл заң жобалары мақұлданатын болса, негізінен адам құқығын қорғаумен айналысатын шет елдік және жергілікті үкіметтік емес ұйымдардың қызметіне айтарлықтай нұқсан келтіріп, Қазақстанды халықаралық қауымдастықтың қаржылай көмегінен құралақан қалдырады.

Халықаралық ұйымдардың жетекшілері жоғарыда аталған заң жобаларындағы халықаралық және үкіметтік ұйым өкілдіктерін әділет министрлігінде қайта тіркеуден өткізу, іс-шаралар өткізу үшін жергілікті атқарушы биліктен рұқсат алу, ұйымның жыл сайынғы шығыны мен кірісі жөнінде есеп беріп тұру, өкілдік жетекшілерінен Қазақстан азаматтығын талап ету сияқты баптары халықаралық құқықтық стандарттар мен тәжірибелерге сай келмейтіндігін атап көрсетті.

Қазақстан парламенті мәжілісінің төрағасы атына жолдаған ашық хатқа Freedom House, International Republican Institute, National Democratic Institute, Internews Network, Open Society Institute, International Center for Not-For-Profit Low тәрізді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қол қойған.

Саясаттанушы Ерлан Қарин, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты әзірленіп жатқан заң жобаларынан демократияға қауіп төнетіндей жайттарды аңғарып тұрмағанын айтады:

- Сарапшылар мен жергілікті ұйымдар тарапынан наразылық білдірілген тұстарын үкімет алып тастады. “Сорос” қоры немесе басқа үкіметтік емес ұйымдарға осы заңнаманы қабылдамай-ақ, әртүрлі шешімдер шығарып, тексеріске ұшыратты. Сондықтан билік белгілі бір ұйымға, топқа қатысты шара қабылдаймын десе, қабылдап өткізе алады. 11-қыркүйек оқиғасынан кейін АҚШ-та көптеген жаңа шешімдер қабылдап, сол шешімдерде халықаралық ұйымдар тарапынан сынға ұшырады. Сондықтан халықаралық ұйым өкілдерінің жұмысына байланысты заңға өзгерістер енгізу тек Қазақстанда ғана болып отырған жоқ. Мұндай өзгерістер қажет. Тосын жағдайлар кезінде сырт мемлекеттердің араласуына тиым салу керек, әйтпесе жағдайды уыстан шығарып аламыз. Қырғызстандағы жағдайды көре отырып оны мойындаймын.

Саясаттанушы Аралбек Боранбаев “Халықаралық ұйым өкілдерінің көтеріп отырған мәселесі орынды. Өйткені, елбасымыз өз жолдауында демократияны дамытамыз деп айтқан болатын. Діни экстремистік мәселелерді басқалай шешудің жолдарын қарастыру керек. Өзбекстан, Қырғызстандағы жағдайлардың барлығы да демократияға шек қою мәселесінен туындады. Бізде Қазақстанда ондай жағдайларды болдырмау үшін осы заңды қабылдамау керек. Билік осы жерде ақылмен шешім қабылдау керек» дейді.

Ал ашық хат жолдап отырған халықаралық ұйым өкілдері мамырдың 19-ы күні Астанада парламент депуттарымен кездесіп, заң жобасына қатысты сауалдарын қоюды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG