Accessibility links

“Сеть.kz” газеті оқырманға жетпей қалды

  • Гүлмира ХАМЗА

Мамырдың 20 күні қазақстандық оқырмандардың қолына “Сеть.kz” немесе бұрынғы “Республика” басылымы тимеді. Газет сатушылары мұның себебін білмейді, ал редакция қызметкерлері мұны билік тарапынан жасалған заңсыздық деп отыр.

35 мыңдай дана болып шығатын “Сеть.kz” газеті жұма күні шықпай қалды. Әдетте, апта сайын бұл газетті сатып, аз-мұз нәпақа табатын Зинаида Ивановна мамырдың 20-күні бөлшек саудада барлық мерзімді басылым болғанымен, “Сеть. Kz” газетінің не себептен шықпай қалғанын білмейді.

Бұл сұраққа жауапты жұма күні “Сеть.kz” газеті редакциясының қызметкерлері мен “Сөз бостандығын қорғау жөніндегі” қоғамдық комитет төрағасы Болат Әбілов берді. Сеть.kz” басылымының заңгері Сергей Уткинның айтуынша, бейсенбі күні газетті басып жатқан баспаханаға Қазақстан Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігінің Ақпарат және мұрағат комитетінен ескерту келіп түскен.

- Бұл ескертуде “Сеть.kz” газетін есепке алу туралы куәліктің мерзімі 2004 жылы күшін жойған деп айтылған. Осыған байланысты газет енді жарыққа шыға алмайды делінген. Мәселенің мән-жайына келер болсақ, заң бойынша кез-келген газет тіркеуден өткеннен кейін жарты жылдың ішінде жарыққа шығуы керек, олай болмаған жағдайда газет бұл құқығынан айырылады. Біз өзімізде бар құжаттардың барлығын тексеріп, барлығы дұрыс екеніне көз жеткіздік.

Редакция қызметкерлерінің айтуынша, ақпарат және мұрағат комитетінің осы ескертуі негізінде, “Сеть.kz” газетін таратушылардың көлігін жұма күні Алматыда, таңғы 4-те жол полициясы қызметкерлері тоқтатып, полиция бөліміне алып барған. Ол жерде полиция газеттің баспаханадан сол күні шыққан 40 мыңдай данасын алып алған. Қазіргі кезде газет заңгерлері бұл мәселе бойынша, Мәдениет, ақпарат және спорт министріне арыз жазып жолдапты.

- Жағдайдың анық-қанығы шешілгенше, заң бойынша, газет жарыққа шыға береді, - дейді газет заңгері Сергей Уткин.

Ал “Сеть.kz” газеті бас редакторының орынбасары Галина Дырдина, газет төңірегінде орын алып отырған оқиғаның барлығы заңсыз дейді:

- Бұл айтқан сөзімді дәлелдеп беру үшін, біз қажетті құжаттардың барлығын көрсетуге дайынбыз.

“Сеть.kz” газетінің жағдайына байланысты түсінік беруін сұрап,0 мамырдың 20-күні ақпарат және мұрағат комитетіне телефон шалғанымызда, мекеме өкілі бұл мәселе бойынша тек дүйсенбі күні хабарласыңыздар деп жауап қайтарды.

Газеттің басындағы бұл даулы мәселеге байланысты Азаттық радиосына пікір білдірген тәуелсіз журналист Шәріп Құрақбай, мұны жоспарлы түрде іске асып отырған жайт деп санайды.

- Бұл биліктің не істерін білмей отырғанының белгісі. Заңды да, этикалық, моралдық ережелерді де ысырып тастады. Бұл - жабайы аңдардың ісі іспеттес - күшті әлсізді ұстап, күш көрсетеді.

Сондай-ақ, жұма күні қазақстандық «Навигатор» интернет-басылымы да ашылмады. Интернет-басылымның бас редакторы Юрий Мизинов, өткен түні өзі жұмыс істеп отырғанда, Интернеттен белгісіз біреулер хостинг арқылы еніп, веб-парақшаны бүлдіріп тастағанын айтты.

Қазақстандық бірқатар журналистер мен қоғамдық ұйымдар мамырдың 22-күні Алматыда сөз бостандығын қорғауға байланысты митинг өткізуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG