Accessibility links

Қазақстанда мобильді байланыстың жаңа технологиялары енгізілді

  • Дәнеш ҰЗАҚ

Қазақстанда мобильдік телефон саласында жаңа технологияларды енгізу жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Солардың бірі - қол телефонын интернетпен сымсыз байланыстыруға мүмкіндік беретін GPRS технологиясы.

Қазақстандағы GSM желісіндегі негізгі мобильді байланыс операторларының барлығы өз клиенттеріне аталған технология бойынша қызмет көрсетеді. Қол телефонын сатушылардың айтуынша GPRS технологиясы бар телефондарды негізінен жастар сатып алады екен.

27 жастағы бизнесмен Сергей Лавров өзінің қол телефонындағы GPRS технологиясын күнделікті іскерлік мақсаттар үшін пайдаланатынын айтады.

- Ноутбукке қосыласың да, интернет арқылы қажет мәліметтерді жібере бересің, GPRS технологиясы мен үшін ең алдымен интернетке шығуға қажет. Сондықтан мен оны жиі қолданамын.

Қазақстанға іссапармен Түркиядан келген келесі бір бизнесмен Мұстафа есімді азамат GPRS көмегімен Түркиядағы өзінің кеңсесімен кез-келген уақытта байланысып тұруға мүмкіндік бар екенін жеткізді.

- Бұрын интернетке тек компьютер арқылы қосылсақ, қазір қол телефонында қолданылатын жаңа технологиялардың арқасында мобильді телефон байланысының көмегімен-ақ интернетке шығуға мүмкін болды. Тіпті, жаңа телефондар бүтіндей бір ноутбуктардың қызметін атқаруда десе де болады.

Қазақстанда қазір GSM желісіндегі басты мобильді байланыс операторларының барлығы өз тұтынушыларына GPRS технологиясы бойынша қызмет көрсетеді. Осының арқасындан, көптеген адам өз қол телефондарын интернетке қосуға, мобильді телефон арқылы электронды поштамен жұмыс істеуге, үлкен көлемдегі дыбыс пен бейне файлдарды жіберуге және қабылдап алуға мүмкіндік алды.

Түркиялық азамат Мұстафа мобильді байланыс саласында жаңа технологияларды енгізу жағынан Қазақстан өзге елдерден қалыспай келеді деген баға береді:

- Байқағаным – мұндағы мобильді телефон байланысының даму деңгейі Түркиядан еш кем емес, өте жақсы дамып келеді.

High teck саласының мамандары бұл технология интернетті пайдалану ақысын арзандатуға мүмкіндік береді дейді. Өйткені, GPRS-ті қолданған адам тек өзі жіберген және алған мәлімет үшін ғана ақша төлейді. Ермек есімді студент мобильді телефоннан интернетке қосылу ақысын әлі де арзандатса деген тілекте.

- GPRS-ті аптасына 2-3 рет қолданамын. Негізінен интернеттен түрлі музыка мен суреттер көшіріп алу үшін. Байланыс сапасы жақсы, тек бағасы біраз арзандаса дейміз.

Алматының орталығындағы ірі әмбебап дүкендердің бірінде қол телефонын сатып тұрған Сәкен есімді азамат сатып алушылардың көпшілігі мобильді телефондарда GPRS жүйесінің бар-жоқтығына мән бермейтінін айтады.

- GPRS бар телефонды жұрт көп сұрай ма?

- Жоқ, онша көп сұрамайды. Ондай телефондарды негізінен оқушылар, студенттер, көбіне жас балалар сатып алады.

Алайда қол телефонын сатумен айналысатын Зухра есімді қыз бұл айтылғанмен келіспейді. Оның айтуынша, жұртшылық арасында қазір GPRS технологиясына деген қызығушылық артып келеді екен.

- Маған келетін сатып алушылардың әрбір екіншісі GPRS жүйесі орнатылған телефондарды сұрайды. Әсіресе - жастар. Менің өзімнің телефонымда да GPRS бар, бірақ мен оны қолданбаймын.

Зухраның айтуынша, ол бір-екі рет GPRS көмегімен интернетке шыққан екен. Байланыс сапасы нашар болғандықтан, бұл жүйені пайдалануды қойдым дейді Зухра. Осы дүкенде бізге кез болған Берік есімді азамат та GPRS жүйесіне өз телефонын қоса алмай жүргенін айтты.

- Менің телефонымда бұл технология орнатылған, алайда, телефоным арқылы интернетке қосылмақшы болған талабымнан ештеңе шықпады. Себебін білу үшін телефонды өзім абоненті болып табылатын “К mobile” мобильді байланыс оперторының қызмет көрсету орталығына апарып едім. Ондағы қызметкерлер де мені GPRS арқылы интернетке қоса алмады.

Қазақстандық мобильді байланыс операторлары мұндай жағдайды, аталған технологияның жұмысын толық қамтамасыз ететін қажетті жаңа жабдықтардың аздығымен түсіндіреді.

Қазақстанда «K mobile», «Excess», «Beeline» сауда белгісімен мобильді байланыс қызметін көрсететін “КаР –Тел” компаниясы жақында американдық «Motorola» компаниясынан алдағы 5 жылда 100 миллион АҚШ долларының жаңа құрал-жабдығын сатып алу үшін келісім-шарт жасасқанын жариялады. Жаңа құралдар, компания өкілдерінің айтуынша, мобильді байланыс сапасын жақсартып, оның байланыс ауқымын кеңейтеді. Сонымен қатар қол телефоны иелеріне, GPRS технологиясын кеңінен пайдалануға мүмкіндік бермек.
XS
SM
MD
LG