Accessibility links

Мұнай бағасы өсуінің экономикаға ықпалы үлкен емес


Мұнай бағасы шарықтаған сайын, мұнайға деген әлемдік талап, сұраныс ұлғайып барады. Осы аптада Нью-Йорк биржасында шикізат бағасы барлық кездегіден де асып, рекордты шегіне жетіп, бір баррель мұнайдың құны 59 долларға барды.

Әлемдік қаржыгерлер мұнай бағасы жақын арада 60 доллардан асады деген болжамдар айтуда. Және ол мұндай деңгейде жыл бойына қалады деп отыр. Дегенмен де мұнайды тұтынушылар жағынан оның қымбаттап кеткеніне байланысты аса қынжылушылық байқалмайды. Керісінше 1973-74 және 1979-80 жылдардағы мұнай дағдарысымен салыстырғанда қазір әлемдік экономика қарышты қадамдарға қарай аяқ басқан сыңайда. Неге бұлай? Лондондағы Ғаламдық Энергия зерттеулері орталығының талдаушысы Маночей Такин бұның өздері үшін де кейбір құпиясы болып тұрғанын айтады.

- Сарапшылардың барлығы да мұнай шикізатына деген бағаның жоғарылауы сұранысты төмендетпегеніне қайран қалады, - дейді ол.

Такиннің айтуынша, мұны түсіндірудің екі жолы болуы мүмкін. Оның бірі - мұнай бағасының көтерілуі доллардың басқа валюталарға, мәселен, еуро және иенге қарсы бағамының әлсіреуінен болып отыр, екіншіден, Европадағы бензин бағасының 80 проценті салықтан құралады. Бірақ, бұл екі фактордың екеуі де АҚШ-қа қатысты емес, онда салықтар 30 процент төңірегінде, төмен десе болады. Бірақ, 10 маусымға дейінгі төрт апта ішінде Америкада жанар-жағар май сұранысы 3,3 процентке артты, ал реактивті ұшақтар отыны мен дизель пайдалану 6,5 процентке ұлғайған. Такин қазіргі мұндай экономикалық жағдайдың қалыптасуына басқаша бір жайттардың ықпалы болуы мүмкін деп түсіндіреді.

- 1980 жылдардағыдай мұнайдың шынайы бағасы дегенде, біз мәселен, қазір оның қымбаттауынан сұраныстың сол жылдардағыдай өзгеруін көріп отырған жоқпыз. Өйткені, ол кездің өлшемімен алсақ,ол баға да сол кез үшін жоғары болды, - деген сарапшы, сол 1980 жылдардағы бір баррелдің 30 доллар болуы бүгінгі 80 долларға тең деп бағалайды.

Париждегі мұнай өнеркәсібі мен оны тұтынушыларға қатысты талдаушы Терри Баудин мұнай бағасының бұлайша шарықтауы мұнай өндірушілердің тікелей өздерінің қатесі деп атап көрсетеді.

- Бұл көптеген жылдар бойғы мұнай өндірісіне салынған инвестицияға байланысты, соның салдары. Мұнымен айналысуға болады, алайда ол көп қаржыны қажет етеді, - дейді ол.

Ал Венада мұнай өндіруші елдердің ОПЕК ұйымының өкілі Абдул Рахман әл-Херажи шикі мұнай өндірушілер бағаның қымбаттауына кінәлі емес деген пікір білдіреді:

- Бұл проблема тазалау заводтарынікі, мұнай өңдеушілердің проблемасы, - дейді ол.

Сөйтіп, Әл-Харежи мұнай өңдейтін әлемдік зауыт-жабдықтардың бәрі де ескірген, бұл ретте АҚШ-тың қосымша проблемасы бар, оның зауыттары тек жеңіл өнімді ғана өңдей алады. Мұның өзі АҚШ зауыттарының ОПЕК елдерінің көпшілігі сататын ауыр және қышқыл өнімдермен жұмыс істеуін қиындата түседі деп атап көрсетеді. Сонымен, мұнай сарапшылары әлемдік нарықта мұнай өнімдеріне деген тапшылық, әсіресе, егер қыс өте қатал, суық болатын болса, биылғы қыста қатты сезілуі мүмкін деген болжам айтады.
XS
SM
MD
LG