Accessibility links

Астанадағы қатаң тәртіптегі абақтыда орта білім алған алғашқы түлектерге аттестат тапсырылды

  • Айнагүл САҒДИ

Әділет министрлігінің Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасының ЕЦ 166/10 абақтысында орта білім алған алғашқы түлектерге аттестат тапсырылды. Қылмыстық атқару комитетінің мәліметінше, Астана маңында орналасқан абақтыда 18 адам 9-шы сыныпты, 6 адам 11-ші сыныпты бітіріп шықты. Олардың қайсыбірі абақтыдан шыққаннан кейін жоғары оқу орындарына түсіп, оқуларын ары қарай жалғастырмақ ниетте.

Осыдан үш жыл бұрын Астананың шет аймағында орналасқан қатаң тәртіптегі ЕЦ 166/10 колониясында сотталғандарды орта білім беру бағдарламасы бойынша оқыту қолға алынған болатын. Биыл абақтыдағы мектепті бітірген алғашқы түлектер қолдарына аттестат алды. Әділет министрлігіне қарасты қалалық қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ақпарат бөлімінің бас маманы Кентай Алдырбайдың айтуынша, олардың көпшілігі кезінде орта мектепті аяқтамаған.

- Ол жерде 1-2-ші сыныпты ғана оқығандар, орта мектепті бітірмегендер бар. Қылмыстық атқару жұйесі комитеті қабаң тәртіптегі абақтыда білімін жетілдіру жөніндегі мектеп ашып, ұстаздар алып, міне алғашқы нәтижесін көріп отырмыз, алғашқы түлектер бітіріп шығып жатыр.

Солардың бірі – 27 жастағы Серік есімді жігіт. Осыдан бірнеше жыл бұрын орыс мектебін аяқтаған ол абақтыда қазақ бөлімінде оқыпты.

- Бұған дейін училище бітірген едім, орыс мектебінде оқыдым. Енді өзімнің анамның тілі ғой деп осында қазақ тілінде оқып шықтым.

Серіктің абақтыда отырғанына бір жыл болыпты. Бір жылдың ішінде білімімді толықтыруға, өткен тақырыптарды еске түсіруге мүмкіндік туды, - дейді. Ол бостандыққа шыққаннан кейін оқуын жалғастырмақ ниеті бар екенін айтады.

- Негізі Алматы жаққа барып теміржолдың оқуын оқимын ба деп ойлағанмын.

Ал Қанат орта мектепті бітіргені жөнінде аттестатты абақтыда алып отыр екен.

- 11-ші сыныпты бітіріп, қолыма аттестат алып отырмын. Бұған дейін тек 10-шы сыныпты аяқтап, 11-шіні оқымай қойғанмын.

Абақтыдағы оқу ісі Білім және ғылым министрлігі бекіткен орта білім беру бағдарламасы бойынша жүреді. Мұғалімдер қаладағы орта мектептерден келіп оқытады, - дейді Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің Астана қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары Талғат Құтымов.

- Бізде дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері түстен кейін сабақ өтіп тұрады. Оған қала мектептерінің мұғалімдері келеді.

Аталған колонияда 800-ге тарта адам жазасын өтеуде. Олардың 160-сы орта білім беру бағдарламасы бойынша оқып жатыр, - дейді қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ақпарат бөлімінің бас маманы Кентай Алдырбай.

- Ол қандай қылмыс жасаса да қылмысын мойындап, соны ертең еңбегімен көрсетіп, елдің ертеңі үшін жұмсауы керек. Ол ертең болашақ маман болып шығады, олардың арасынан ғалымдар да, қайраткерлер де шығуы мүмкін.

Астана қаласындағы қатаң тәртіптегі ЕЦ 166/10 абақтысындағы мектепте оқитындар 18 бен 30 жас аралығындағылар.
XS
SM
MD
LG