Accessibility links

Еуразия университетін гуманитарлық ғылымдар мамандықтары бойынша бітіріп шыққан түлектер диплом алды

  • Айнагүл САҒДИ

Шілденің 4-і күні Астанадағы Еуразия ұлттық университетін бітіруші түлектерге диплом тапсыру рәсімі өткізілді. Университет басшыларының айтуынша, 10 факультет бойынша 250-ге жуық бала бітірсе, олардың 75-і «Қызыл диплом» иегерлері. Алайда, олардың дені мұғалім мамандығын алғанмен мектепке барғылары жоқ. Оған мектептегі жалақының аздығымен қоса, мұғалім беделінің төмендеп кеткендігі себеп дегенді айтуда.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін Гуманитарлық ғылымдар мамандықтары бойынша бітіріп шыққан 239 адам шілденің 4-і күні қолдарына дипломдарын алды. Бұлардың барлығы Қазақстанда сұранысқа ие мамандықтар қатарынан саналады, алайда олардың бәрі бірдей өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді деп айту қиын дейді Гуманитарлық институттың директоры, профессор Дихан Қамзебекұлы:

- Бұлардың арасында 60 пайызға жуығы мемлекеттік тапсырыспен оқығандар, сондықтан олар мемлекеттік жолдамалар бойынша барулары керек. Ал қалған ақылы негізде оқығандардың барлығы өздерінің қалаған жерлеріне бара алады. Бірақ, негізінен барлық бітірушілердің баратын жерлері белгілі. Қазір бұрынғыдай бақылауға алынбайды, сондықтан кейбіреулері барған жерлеріне көңілдері толмай, басқа мамандықтарға кетіп жатады.

Рима Ережепова аталған университеттің тарих факультетін тәмәмдап отыр. Ол тарих пәнінен сабақ бергісі келетінін, алайда еңбек жолын мектептен бастағысы келмейтінін айтады. Рима өзінің деңгейін мектеп мұғалімінің деңгейінен биік деп санайды:

- Мен еңбек жолымды мектептен бастағым келмейді. Мен жоғары оқу орнында сабақ беру арқылы өзіме жол ашқым келеді. 5жыл осында оқыдым, жоғары көтерілгім келеді, мектеп менің деңгейім емес.

Ал Гүлжан Ыбраева бала күнінен археология саласына қызығып өскендіктен соған жақын мамандық деп тарих факультетіне түскен екен. Болашақта тарих саласын жіті зерттеп, ғылым жолына түссем дейтін Гүлжан Ыбыраева да мектепке әзір барғысы келмейтінін айтады.

- Мен ғылыми орталықтарға дипломымды апарып көрсетіп, алып жатса сол жерде ғылыммен айналысқым келеді. Мектепке барғым келмейді.

Еуразия университетінің оқытушысы Рымкүл Аббасқызы оқу орнын жаңадан аяқтап жатқан жас мамандардың мектептен қашқақтауына бірнеше себеп бар. Ең бастысы мұғалім мәртебесінің төмендеп кетуі, - дейді:

- Қазіргі университет түлектері оқытушы, мұғалім мамандығын ең соңғы вариант деп есептейді. «Егер басқа жұмысқа орналаспасақ сонда ғана кафедраға оқытушы болып келеміз» дейді. Мен мұғалімнің мәртебесін көтеріп, бұрынғы жеңілдіктерді қайтару керек деп санаймын.

Университеттің журналистика факультетін «Қызыл дипломмен» аяқтап отырған Алмас Байдрахманов журналист мамандығын мәртебелі мамандық деп есептейді. «Сондықтан, басқа салаға ауысу ойым жоқ», - дейді.

- Журналистика біріншіден мәртебелі мамандық болса, екіншіден қауіпті де мамандық. Өйткені, әр айтқан сөзіңе жауап беруге тура келеді.

Шілденің 4-і күні Ақбөпе Асқарованың екі баласы бірдей диплом алып отыр екен. Ол қолдарына дипломдарын алып, еңбек жолын бастағалы отырған балаларының болашағының жарқын болғанын қалайды.

- Бүгін ұлым мен қызым университеттің 2 бірдей дипломын алып отыр, бізден бақытты адам жоқ шығар. Осы уақыт аралығында болған қиындықтардың барлығы артта қалды. Осы күнге шүкір деймін. Жалпы, ең бастысы балаларымның замана талабына лайық жан-жақты азамат болғанын қалаймын , - дейді Ақбөпе Асқарова.
XS
SM
MD
LG