Accessibility links

Қазақстанның жоғары оқу орындарында кешенді тестілеу басталды


Қазақстан Республикасының 56 жоғары оқу орнында өткізілетін бұл кешенді тестілеуге елдегі 162 жоғары білім ордасына құжат тапсырған 55 мыңнан астам абитурент қатысады деп жоспарланып отыр. Оған негізінен әскер қатарынан оралғандар мен екінші жоғары білім алуға ниетті адамдар, сонымен қатар, алдыңғы жылдары жоғары оқу орындарына түсе алмай қалған қыз-жігіттер қатысып жатыр.

Талапкерлер тестілеу залына орныққаннан кейін Қазақ Ұлттық Университетінің сыртында тек бір топ ата-ана қалды. Солардың бірі 48 жастағы Гүлшат апай үш баланың анасы. Отағасы екеуі де жұмыссыз екен.

- Жұмыс жоқ. Бұрындары колхоз еді - ол тарап кетті, содан кейін ұжым болды, бірақ ол да тарап кетті. Енді азын-аулақ малға шөп тауып, сонымен күн көреміз. Ендігі үмітім осы қызым оқуға түсіп кетсе екен. Соның тілеуін тілеп отырмын, - дейді Гүлшат ана.

Гүлшат апайдың үміт артқан қызы Айгүл бүгін тестілеуді алғашқы болып тапсырып шықты. Ол екі сағаттың ішінде төрт пән бойынша 120 сұраққа жауап бергенін айтты.

- Төртінші пән - физика. Негізінен логикалық мықты ойлауды қажет ететін сұрақтар болды, - деді ол.

Айгүлдің соңынан кешікпей шыққан Болат халықаралық қатынастар факультетін таңдапты.

- Тест сұрақтары ауыр болғанғандықтан есім шығып кетті, жауабына сенімді болып тұрып байқамай, қазақ тілінен қате жауапты белгілеп жібердім, - дейді ол.

Дегенмен, тестілеуді тапсырған талапкерлердің басым бөлігі сұрақтар жеңіл еместігін айтады. Сауалнамаға қатысқандардың барлығы тест сұрақтары қиын деп жауап берді. Кешенді емтихан қабылдау барысында тесттік әдісті қолданудың өзі дұрыс емес дейді қазақстандық «Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерсайын Ерқожа.

- Мысалы, бала ойлау үшін кітап оқу керек, ойлану керек. Ал, мына тест сұрақтарына бала механикалық түрде жауап береді. Өткенде 240 түлек 120 балл алды деді. Тіпті, мұғалімнің өзі мұндай балл жинай алмайды. Сондықтан, мен еш уақытта бұған сенбеймін, - деді Ерсайын Ерқожа.

Қазақстан Білім және ғылым министрлігіне қарасты тест орталығының бас маманы Гүлмира Чумикееваның айтуынша, арнайы комиссиясы тест сұрақтарын сараптап отырады. Биылғы тесттің нұсқасы жеңілірек дейді ол:

- Бұл жолы тестілеуге былтыр бітіргендер, әскерден келгендер, екінші жоғары білім алатындар тапсырады. Сондықтан, сұрақтары да жеңілдетілген. Мен ауыртпашылық болмайды деп ойлаймын, - дейді тестілеу орталығының өкілі.

Алайда, қазақстандық «Ұрпақ тағдыры - білім» қоғамдық ұйымының жетекшісі Ерсайын Ерқожа осыдан он үш жыл бұрын қолға алынған тестілеу әдісі әлі күнге мақсатына жеткен жоқ деп отыр. Оның айтуынша, мұндай әдіс жоғары оқу орындарына қабылданғандығы туралы мәліметті талапкерлер бір күннің ішінде білуі үшін ұйымдастырылыпты.

- Бірыңғай ұлттық тест болсын, кешенді тест болсын, бәрібір қортындысы тамыз айының ортасында белгілі болады. Сонда біз не ұтқанымыз бар? Ештеңе ұтқан жоқпыз.

Десек те, биылғы жылы талапкерлердің мемлекеттік грант арқылы оқуына мол мүмкіндік жасалып отыр дейді білім және ғылым министрлігіне қарасты тест орталығының бас маманы Гүлмира Чумикеева:

- Президент биылғы Жолдауында барлық несиеге оқып жатқандарды грантқа ауыстыратыны туралы айтқан болатын. Сондықтан, биылдан бастап бізде кредит деген жүйе жоқ. Тек грант, биыл оның көлемі де ұлғайған, - деді Гүлмира Чумикеева.

Ал, бірыңғай ұлттық және кешенді тестілеудің қортындысы бойынша гранттық жүйе арқылы оқитын студенттердің тізімі тек тамыз айының 10-ынан кейін белгілі болмақ. Кешенді тестілеу Қазақстанның жоғары оқу орындарында шілденің 21-іне дейін жалғасады.
XS
SM
MD
LG