Accessibility links

Парламент Сенатының депутаттығынан үміткер ретінде тіркелген 46 адамның 31-і «ОТАН» партиясының мүшелері

  • Ескендір ЕРТАЙ

Шілденің 29-ы күні 24-сағатта Парламент Сенаты депутаттығына ұсынылған кандидаттарды тіркеу аяқталады. Сенат депутаттығына кандидат ретінде өз кандидатурасын ұсынған 78 адамның 47-і тіркеуден өтіп, 32-сі әртүрлі себептермен өтпей қалды. Ал тағы 12 адам өз кандидатураларын қайтарып алған.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыру комитетінің меңгерушісі Наталья Вичниченконың айтуынша, 1999 жылы қыркүйек айында облыстық және Алматы мен Астана қалалық мәслихатынан сайланған 16 Сенат депутаттарының орынынан үміткер ретінде 78 адам өзін-өзі ұсынған.

«Олардың 47-сі тіркеуден өтсе, оның біреуі тіркеуден өткен соң өз кандидатурасын кері қайтарып алды. Заң бойынша белгіленген кестеге орай тіркеу барысына шағымданушылар жоқтың қасы», - дейді Орталық сайлау комиссиясының өкілі.

Саясаттанушы Болатхан Тайжан бұл сайлаудың тек аты ғана бар деп санайды:

«Билік өзіне қажетті адамдарды ғана өткізудің жолдарын жан-жақты ойластырып жатыр».

Бұған дейін Парламент Сенатының депутаты қызметінде болғандардың бірқатары бұл жолы қайтадан сайлауға түсуге ынта білдіріп отыр. Олардың ішінде Өмірбек Бәйгелді, Әбілхан Машани, Тасбай Симамбаев, Аманжол Бөлекпаев, Аманкелді Сыздықов секілді сенаторлар тіркеуден өткен. Ал, Қарағанды облысы бойынша Уәлихан Қайсаров пен Шығыс Қазақстан облысы бойынша Зәуреш Батталованың кандидатурасы Парламент Сенатының депутаттығына тіркеуден өтпей жатыр. Оның себебін Зәуреш Батталованың өзі бірнеше аудан бойынша мәслихат депутаттары дауысының жетіспеушілігінен деп отыр.

«Қазақстанның тәуелсіз бақылаушылар жүйесі» қоғамдық ұйымының жетекшісі Дос Көші, өзі басқаратын бақылаушылар ұйымы Сенат сайлауын бақылаудан бас тартып отырғанын айтады.

«Өйткені, ол халық өкілдерінің сайлауы деп есептелмейді. Сенаторларды мәслихат депутаттары таңдайды», - дейді Дос Көшім.

Орталық сайлау комиссиясы бекіткен кесте бойынша шілденің 29-ында сағат 24-те Парламент Сенатының депутаттығына кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталады. Тіркеуден өткен үміткерлердің 31-і «Отан» партиясының мүшелері болса, Қазақстанның Азаматтық партиясы мен «Асар» партияларынан екі-екіден үміткерлер тіркелген.
XS
SM
MD
LG