Accessibility links

“Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” атты жаңа қауымдастық құрылды

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Алматыда 12 қыркүйек күні Қазақстандағы бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері алдағы республика президенті сайлауының қарсаңында тәуелсіз мониторинг жүргізу үшін “Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” қауымдастығын құрғандығын мәлімдеді.

“Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” қауымдастығының құрамы заңды және жеке тұлғалардан тұрады. Алматыдағы Демократияны қолдау орталығының директоры Наталья Чумакованың айтуынша, “Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” қауымдастығын құру арқылы олар, алдағы президент сайлауының әділ әрі ашық өтуіне ықпал етуді мақсат етіп отыр.

Дүйсенбі күні “Азаттық” радиосына, жаңадан құрылған қауымдастықтың қандай жұмыстарды атқаруды көздеп отырғандығын хабарлаған Наталья Чумакова, 1999 жылғы Президент сайлауына қатысқандықтарын айтып, алдағы саяси науқанның әділ өтетіндігіне күмәнмен қарайтындығын білдірді. Алайда, мемлекет басшысының әділ сайлау өткізуге уәде беруі, оларды “Қазақстандағы сайлаушылар лигасын” құруға итермелепті. Қазіргі таңда “Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” осы шараны өткізуге қатысты қаржы жинай бастапты. Бірақ, олар сайлау әділ әрі ашық өтуі үшін, ешқандай да саяси партиялардан және билік орындары тарапынан қаржылық көмек алмайтындықтарын мәлімдеп отыр.

“Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” қауымдастығын құрушылардың бірі, кәсіпкер Асхат Пернебеков бұл туралы “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, өздерінің саяси партиялардың және ешқандай де шетелдік ұйымдардың көмегіне арқа сүйемейтіндіктерін хабарлады. А.Пернебековтің айтуына қарағанда, “Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” алдағы президенттік сайлауда 2 мың тәуелсіз бақылаушыны әзірлеуді жоспарлап отыр.

«Қазақстандағы сайлаушылар лигасы» қауымдастығындағы бақылаушылардың ешкімге де бүйрегі бұрмасы үшін, оларды тек ешқандай да партияға қатысы жоқ азаматтардың қатарынан жасақтау жоспарланып отыр», - дейді ол.

Жалпы, Қазақстанда үкіметтік емес ұйымдар соңғы сайлау процестерінің бәріне де белсене ат салысып келеді. Алайда, саясаттанушы Досым Сәтпаев үкіметтік емес ұйымдардың сайлау барысына қатысуы, тек формальді түрде ғана болады деп есептейді.

«Өкінішке қарай, Қазақстандағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі мен атқаратын қызметі немесе дәрежесі аса жоғары болмағандықтан, билік орындары олардың айтқан уәждеріне құлақ аспайды. Жалпы, сайлау процесі бақылаушылар тарапынан ешқандай да қатты сынға ұшырамайды. Бәрінен бұрын көпшілікті дауысты санау процесі алаңдатады. Әсіресе соңғы Парламент сайлауынан кейін электоронды сайлау жүйесі көпшіліктің көкейінде күмән туғызды. Ал, электронды сайлау жүйесін жүргізетін Орталық сайлау комиссиясы Президент әкімшілігінің қатаң бақылауында болғандықтан, дауысты санау процесінің әділетті өтетіндігі ешкімді де сендіре алмайды. Сондықтан да менің ойымша сайлаудың әділ өтуіне бақылаушылардың көп болғандығы әсер ете алмайды», - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

“Тәуелсіз бақылаушылар жүйесі” атты үкіметтік емес ұйымның жетекшісі Дос Көшім сайлауды бақылайтын үкіметтік емес ұйымдардың заңдық құқы жоғары болғанда ғана, олар өздерінің көздеген мақсаттарын жүзеге асыра алады деп есептейді. Дос Көшімнің айтуынша, кей жағдайда бақылаушылардың құрамындағы азаматтардың арасында да белгілі бір кандидаттың мүддесін өткізу үшін жұмыс жасайтындар болады. Ал, жаңадан құрылған “Қазақстандағы сайлаушылар лигасы” қауымдастығының хабарлауынша, олар өз жобасын жүзеге асыру үшін 45 мың доллар көлемінде қаражат жинауды көздеп отыр.
XS
SM
MD
LG