Accessibility links

Баспасөзге шолу. 09.15.2005 жыл


Бейсенбі күнгі мерзімді басылымдар алдағы өтетін Президент сайлауына кеңірек тоқталыпты. Орталық Сайлау Комиссиясының басшысы Оңалсын Жұмабеков алдағы Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген он үміткерді тіркейтіндігін хабарлапты.

“Время” апталығында жарық көрген саясаттанушы Алтынсары Сәкеновтың алдағы өтетін президенттік сайлауға байланысты сараптамалық мақаласында “Әділетті Қазақстан” қозғалысы белсенділерінің Асылбек Қожахметовтың егер де олардың ұсынып отырған үміткерін қатыстырмай қойса, оппозицияның бұл сайлауды өткізуге өз қарсылықтарын білдіретіндігін мәлімдегендігі айтылыпты. Сондай-ақ, мақалада “Асар” партиясының басшысы Дариға Назарбаеваның оппозицияның мұндай мағынадағы мәлімдемесін, олардың өздерін көрсету үшін жасап жатқан қадамы ретінде бағалаған пікірі де беріліпті. Дариға Назарбаеваның айтуынша, оппозиция алдағы сайлауда жеңіске жете алмайтындығын түсінгендіктен, осындай мағынадағы мәлімдеме жасап отыр. Автор өз мақаласында Қазақстандағы оппозицияның өздеріне қысым көрсетіп жатқандығын ылғи да айтатындығына тоқталып, бұл уәждердің шындыққа жанаспайтындығы туралы ойын білдіріпті. Осы сөздеріне дәлел ретінде мақала авторы, “Әділетті Қазақстан” саяси блогының еш кедергісіз тіркелгендігін және оппозиция басшыларының бірі - Жармахан Тұяқбайдың маусым айында Алматы қаласында өткен халықыралық конференцияға ешқандай кедергісіз қатысқандығын мысалға келтіріпті.

“Жас Алаш” басылымында жарық көрген Мұхтар Жанұзақұлының “Сайлау барометрі” атты мақаласында оппозицияда елге белгілі, жұртқа жанашыр адамдар тобының бар болғандығымен олардың уақыт жағынан ұтылып жатқандығын баяндалыпты. Мақала авторының айтуынша, оппозицияның Демократиялық күштердің үйлестіру кеңесін, одан соң “Әділетті Қазақстан” блогын құруы, бірегей кандидат ретінде – Жармахан Тұяқбайдың атынан Жаңа Конституция жобасын жариялауы олардың деңгейінің анағұрлым өскендігін айғақтайды. Алайда мақала авторының сараптамасына сүйенсек, Қазақстандағы басқару жүйесі толғымен Ақ Ордаға бағынышты етіп жасалынғандықтан, жергілікті басшылар қолындағы биліктен айырылып қалмас үшін, жанын салып бағады.

“Түркістан” басылымында жарық көрген Есенгүл Кәпқызының талдау мақаласында оппозицияның революция болған мемлекеттерді жиі көлденең тарта беретіндігі айтылыпты. Алайда мақала авторы оппозицияның ұстанып отырған саясаты мен бағдарламаларында жаңашылдық сипат аз деп есептейді. Сондай-ақ автор өз мақаласында оппозиция ортақ үміткер ретінде ұсынып отырған Жармахан Тұяқбайдың кейбір саяси және ұлттық мәселелерге келгенде жалтақтық танытып алатындығын сөз қылыпты.

Сондай-ақ “Түркістан” басылымында алдағы президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген ұміткерлердің бірі сенатор Уәлихан Қайсармен жүргізілген сұхбат жарияланыпты. Газет тілшісіне берген сұхбатында сенатор Уәлихан Қайсаров Қазақстанның келешегін ойлағандақтан осы сайлауға қатысуға бел буғандығын мәлімдепті.

Орталық Сайлау Комиссиясының басшысы Оңалсын Жұмабеков “МК в Казахстане” басылымына берген сұхбатында алдағы Президенттік сайлауға қатысуға ниет білдірген он үміткерді тіркейтіндігін хабарлапты.

“Алматы ақшамы” газетінде жарық көрген Құттыбек Аймаханның мақаласында Алматы қаласында үстіміздегі жылдың 4 желтоқсанында жарияланған Президент сайлауына дайындық жұмыстары мен бұл сайлаудың барысы жөнінде түсіндіру жұмыстарының басталып кеткендігі хабарланыпты.

“Экспресс К” басылымы болса Нұрсұлтан Назарбаевтың алдағы президенттік сайлауға қатысу үшін мемлекеттік тілден сынақ тапсырғандығына айрықша тоқталыпты.
XS
SM
MD
LG