Accessibility links

Қостанайда оппозициядан президентікке кандидатты қолдау жөніндегі штаб кеңсесі өртенді


Қыркүйектің 26 күні “Әделетті Қазақстан үшін” қозғалысының жетекшілері Қостанай облысындағы Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі штаб кеңсесі өртенгенін айтты. Оппозиция өкілдері бұл оқиғаның артында билік тұруы мүмкін деген пікірді жоққа шығармайды, ал өрт орын алған жерді зерттеген мамандар қандай да бір ақпарат берудан бас тартып отыр.

Жексенбі күні орын алған өрт салдарынан Қостанайдағы штаб кеңсесіндегі біраз техника зардап шеккен, кеңсенің терезесі сынған. Күзетшісінің жылдамдығының арқасында кеңсені толығымен аман-сақтап қалуға мүкіндік туды, - дейді штаб өкілдері.

- Қыркүйектің 25 күні таңғы сағат 4-тен өте біздің “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының Қостанай облыстық бөлімінің кеңсесі өртке оранды. Оның куәгерлері бар, өртті сөндірген қызметкерлер бар. Куәгерлердің айтуынша, өрт орын алған жерде терезенің шишалары жатқан, техникалық құрал-жабдықтардың айтарлықтай бөлігі өртенген, - дейді “Әділетті Қазақстан үшін” қозғалысының белсендісі Әміржан Қосанов.

Өрт таңғы сағат 5-ке қарай орын алса, сағат 8.30-да оқиға орнына өрт сөндірушілер келген. Олар өртенген бөлмеде сынған шиша мен күйіп кеткен компьютер мониторын көрген. Жарты сағаттан кейін бұл жерге ішкі істер басқармасының мамандары және прокуратура қызметкерлері жеткен. Сол кезде полиция сақшылары өздеріне керек заттарды алып кеткен.

- Полиция өкілдері, прокуратура қызметкерлері өрт орын алған жерді суретке, бейнетаспаға түсірілген материалдардың барлығын алып алған. Екіншіден, олар қазіргі кезде барлық жорамалдарды алып тастап, компьютердің мониторы немесе басқа бір құралдың қызып кеткенінің салдарынан өрт шықты, дегенді айтып жатыр. Сондықтан, біз билік өкілдерінің бір жақты пікір білдіріп отырғандығын, белсенді түрде жұмыс жасап жатқан оппозициялық штабтың ісіне кедергі жасау үшін ұйымдастырылып отырған шара деп ойлаймыз, - деді Әміржан Қосанов.

Бұл орайда біз Қостанай облыстық ішкі істер басқармасынан болған оқиға жайында қандай да бір ақпарат білуге тырыстық. Алайда, ішкі істер басқармасының баспасөз қызметі бұл жөніндегі ақпаратты тек баспасөз қызметінің жетекшісі береді, ал қызмет жетекшісі орнында жоқ деп жауап қайтарды.

“Азаттық” радиосына Қостанай облысындағы өртті сөндіруші қызметтен де жауап алудың сәті түспеді. Оппозиция өкілдері бұл мәселені толық зерттейміз дегенді айтады.

- Себебі, бұл оппозициядан бірегей үміткер Жармахан Тұяқбайды қолдау жөніндегі штабтың жұмысына өз кедергісін тигізді, -дейді Әміржан Қосанов.

Әзірге олар Қостанайдағы оппозициялық кандидатты қолдау штабында болған өрт салдарынан келген шығын көлемін анықтап жатыр.
XS
SM
MD
LG