Accessibility links

Қазақстанда кедейлердің 2 пайызы ғана микроқаржыландыру бағдарламасына қатыса алады

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы Қазақстандағы микроқаржыландыру мәселесіне арналған толық мәліметтерді қамтитын «Қазақстандағы микроқаржыландыру: баршаға арналған мүмкіндіктер» атты есебін жариялады. Есепте Қазақстанда микроқаржыландыру қызметі деңгейінің төмендігі, атап айтқанда елдегі кедейлердің 2 пайызы ғана аталған бағдарламаға қатыса алып отырғандығы айтылған.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы шеңберінде жасалған Қазақстандағы микроқаржыландыру мәселесіне арналған есепте, елдегі микроқаржыландыруға қатыса алатын клиенттердің тек жартысына ғана аталған бағдарлама бойынша қызмет көрсетіліп келетіндігі анықталған. Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының Еуропамен ТМД елдері үшін аймақтық бюросының директоры Калман Мижей «Соңғы 30 жыл ішінде әлемдегі микроқаржыландыру ұйымдары кедейлердің өміріне нақты өзгерістер енгізіп, оларға тұрмыс деңгейін көтеруге және жеке меншіктерідің санын көбейтуге мүмкіндіктер берді. Сондықтан Қазақстандағы кедей адамдардың да қаржы қызметтеріне қол жеткізуі даму саласында жұмыс істейтін Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы үшін де бұл ретте басты әрі маңызды мәселе» дейді. Сондай-ақ Калман Мижей мырза Қазақстандағы микроқаржыландыру мәселесіндегі негізгі проблемалар ретінде аталған қызметтің кедей азаматтарға жетпей жатқандығы мен бұл жоба бойынша қаржыландыру шеңберін кеңейту қажеттігін айтады.

Ал Қазақстан микроқаржыландыру ұйымдары қауымдастығының президенті Шалқар Жүсіпов Қазақстан сияқты халқы аз қоныстанған елдің бұл мәселедегі ең өзекті проблемасы - басым бөлігі кедейшілік деңгейінде өмір сүріп отырған ауылдық аймақтарды микроқаржыландыру қызметімен қамту болып отыр дейді.

Дегенмен, Шағын кәсіпкерлікті қолдау қорының директоры Бекет Көпбосынов бұл мәселеге қазір мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп отырғандықтан ауылдағы елді мекендерге дейін микроқаржыландыру қызметімен қамту жұмыстары жүргізіліп жатқандығын айтады.

Алайда жалпы Қазақстандағы микроқаржыландыру жүйесін жетілдіру үшін ең алдымен бұл ретте аталған саланың заңнамалық жағынан уақыт талабына сай болуын қолға алуымыз қажет дейді Қазақстан микроқаржыландыру ұйымдары қауымдастығының президенті Шалқар Жүсіпов.

Сондай-ақ қазақстандық мамандар Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы әзірлеген Қазақстандағы микроқаржыландыру мәселесіне арналған толық мәліметтерді қамтитын «Қазақстандағы микроқаржыландыру: баршаға арналған мүмкіндіктер» атты есебімен өздерінің келісетін де, келіспейтін де тұстары бар екенін айтады.
XS
SM
MD
LG