Accessibility links

Қазақстандық оппозицияға жұмыс істейтін қызметкердің жоғалған қызы табылмай отыр

  • Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

ҚР президенттігінен үміткер «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының қызметкері Елена Никитинаның 14 жастағы қызы Оксана Никитинаның 31-қазаннан бері жоғалып кетуіне орай дүйсенбі күні оппозиция өкілдері Алматыда, елдегі президент сайлауы алдындағы үгіт-насихат науқаны басталғаннан бергі алғаш рет рұқсат етілген митингі өткізді. Жиында жұртшылық атынан оппозиция жетекшісі Жармахан Тұяқбай президент Н.Назарбаевтың бұл істі тікелей өз бақылауына алуы қажеттігін айтып хат жолдады.

ҚР президенттігінен үміткер «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының басшылығы қараша айының екісінде қызметкерлері Елена Никитинаның қызының із-түзсіз жоғалып кетуіне заң орындары қызметкерлерінің қатысы бар екендігіне бірнеше нақты дәлелдері бар екендігін жариялаған болатын. Олар Оксана Никитинаның жоғалып кетерінің алдында бірнеше рет оның анасы Елена Никитинаны өздерін құқық органдарының қызметкерлеріміз деп таныстырған екі азаматтың «өздеріне жұмыс істеуге» үгіттегені мен ол үшін қомақты қаржы беріп тұрмақ болғандары жазылған бейне және үн таспаларын алға тартқан еді. «Бұл барлық айғақты заттарды құқық қорғау органдарына тапсырғанымызбен іздестіру жұмыстары шабан жүргізіліп, бүгінге дейін еш нәтиже берген жоқ» дейді, «Әділетті Қазақстан үшін!» қозғалысының жетекшісі әрі президенттіктен үміткер Жармахан Тұяқбайдың сайлау штабы баспасөз қызметінің басшысы Айдос Сарым. Сондықтан ол бұл жайтқа орай митинг өткізіліп, Жармахан Тұяқбай президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы істі тікелей өз бақылауына алуы қажеттігін өтініп, хат жолдағандығын айтады.

Ал, осы мәселеге орай «Азаттық» радиосына Алматы қалалық Ішкі істер басқармасының баспасөз қызметкері Арман Жусанбай іздестіру жұмыстары өз деңгейінде жүргізіліп жатқанын айтып, бұл іске орай қандай да бір ақпарат берген азаматқа 2 миллион теңге сыйақы тағайындағандарын жеткізді. Бірақ, қыздың анасы Елена Никитина Оксананың үшті-күйлі жоғалуы кездейсоқтық емес деген пікірде.

«Мұның алдында әлдекімдер кездесуде өздерінің милициядан келгендіктерін меңзеп, штабта болып жатқан жаңалықтарды жеткізіп тұруды сұрап, ойлан деп ескерткен болатын», - дейді Елена Никитина.

Сондай-ақ, Жармахан Тұяқбайдың Алматы қалалық сайлау штабының жетекшісі Асылбек Қожахметов:

«Алдында бопсалап, сосын адамның жоғалуына қарап, бұл оқиғаның саяси астары бар деп есептеуге негіз бар. Дегенмен, мұндай ойындардың уақыты емес, мұндай қайғы да қажет емес», - дейді.

Және де А.Қожахметов Жармахан Тұяқбайдың сенімді өкілі ретінде Оксананы табуға көмектесетін қандай да бір ақпарат үшін өз тараптарынан 1 миллион теңге сыйақы тағайындағандарын айтты.
XS
SM
MD
LG