Accessibility links

Бішкектегі Қазақстан елшілігінің алдында наразалық шарасы өтті

  • Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Сейсенбі күні Бішкектегі Қазақстан елшілігінің алдында наразылық шарасы өтті. Оған қатысушылар Қырғызстан астанасында 13 желтоқсан күні тұтқынға алынған Қазақстан азаматы Махамбет Әбжанның әлі күнге дейін бостандыққа жіберілмегендігіне наразылық білдіріп, оны қуғындауды доғаруды талап етті. Бұл шараға өзін шетелдегі қазақстандық оппозицияның, қырғыз бөлімінің өкілдері ретінде таныстырып жүргендердің бірі Азамат Жетпісбаев пен Қырғызстандағы “Кел кел” жастар ұйымының мүшелері қатысты. Кейбір ақпарат құралдары таратқан мәліметтерге жүгінсек, Махамбет Әбжанға Қазақстанда қаржы заңын бұзған деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Бірақ, Қырғызстанда оппозициялық қызметпен айналысып жүрген қазақстандық азамат Махамбет Әбжан мен оның жақтасы Азамат Жетпісбаев өздерінің саяси көзқарастарына қатысты қудалауға ұшырағандығын айтып отыр.

Осыған орай 13 желтоқсанда Махамбет Әбжанмен бірге тұтқынға алынғанымен, кейіннен бостандыққа жіберілген, өзін шетелдегі қазақстандық оппозиция бюросы қырғыз бөлімінің жетекшілерінің бірі ретінде таныстырып жүрген Азамат Жетпісбаев, сейсенбі күні “Азаттық” радиосына берген сұхбатында, Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінің алдында наразылық шарасын өткізуге мәжбүр болғандықтарын хабарлады. Оған қатысушылар Қазақстан билігінен Махамбет Әбжанды қудалауын тоқтатуды талап еткен. Сондай-ақ олар Қырғызстан Президенті Құрманбек Бәкиевтен қазақстандық азаматтар Махамбет Әбжан мен Азамат Жетпісбаевқа саяси баспана беруді сұраған. Наразылық шарасы өткізілген кезде, олармен сөйлесуге Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінің ресми өкілі шыққан.

Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінің консулы Төленғазы Ұйқынбаев сейсенбі күні “Азаттық” радиосына бұл мәселеге қатысты берген түсініктемесінде, елшілік алдында ешқандай да шерудің болмағандығын, тек екі адамның ғана өздеріне келгендігін айтып, қазіргі уақытта бұл мәселенің мән-жайының анықталып жатқандығын айтты. Қырғызстандағы “Кел-кел” жастар қозғалысының мүшесі Мэлс есімді азамат бұл наразылық шарасының өтуіне өздерінің де қатысқандығын айтып, дәл қазіргі уақытта Махамбет Әбжанмен байланысуға ешқандай да мүмкіндік болмай жатқандығынан хабардар етті.

Оппозициялық бағыттағы бірқатар интернет сайттарда жарық көрген, шетелдегі қазақстандық оппозиция бюросының қырғыз бөлімінің атынан таратылған ақпаратта, Қырғызстанда оппозициялық қызметпен шұғылданып жүрген қазақстандық азаматтардың ұсталуына Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің де қатысы бар екендігі айтылған болатын. Алайда, Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметінің өкілі Мұхтар Анарбеков “Азаттық” радиосына берген түсініктемесінде бұл оқиғаға ҰҚК-нің ешқандай қатысы жоқ дегенді айтты. Ал, Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасының баспасөз қызметінің жетекшісі Сәулебек Жәнкенұлы Қырғызстанда жүрген қазақстандық азамат Махамбет Әбжанның саяси көзқарасына емес, қаржылық қылмыс жасауға қатысы бар деген айып бойынша іздеуде екендігі туралы мағлұмат берді.

Шетелдегі қазақстандық оппозиция бюросының қырғыз бөлімінің атынан таратылған ақпаратта Махамбет Әбжанды қорғауға байланысты қоғамдық комитеттің де құрылғандығы хабарланған болатын. Сейсенбі күні осы комитеттің мүшесі, құқық қорғаушы Әзиза Абдурасұлова Қырғызстанда тұтқынға алынған қазақстандық азамат Махамбет Әбжанның тағдырынан мемлекет басшысы Құрманбек Бәкиевтің де хабардар болғандығын айтып берді. Алайда соған қарамастан, бүгінгі уақытқа дейін Махамбет Әбжанға адвокатымен сөйлесуіне рұқсат берілмеген дейді оның жақтастары. Сондай-ақ өз сөзінде құқық қорғаушы Әзиза Абдурасұлова Қырғыз президенті Құрманбек Бәкиевтің істің анық-қанығы белгілі болмайынша, Махамбет Әбжанды Қазақстанның заң орындарына бермейтіндігін айтып, өз уәдесін жасағандығына тоқталды.

Соңғы алынған мәліметтерге жүгінсек, қазақстандық азамат Махамбет Әбжанды өз елінің заң орындарына беруге қатысты Қырғызстан билігіндегі көзқарас екіге жарылып отырған көрінеді.
XS
SM
MD
LG