Accessibility links

Иран мәселесі ақыры БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолданды


Мюнхен қауіпсіздік саясаты конференциясы деген ұйымның жиыны биыл қырық екінші рет өтіп жатыр. Мюнхен конференциясында Иран мәселесі қыза түскенде Халықаралық атом энергетика агенттігі Иран мәселесі БҰҰ қауіпсіздік кеңесіне шығарылсын деген түпкілікті шешімді қабылдады. Иран текетірес күшейеді деп қолма-қол жауап берді.

Биылғы жиынға елуден астам елден 250 шақты қонақ келді. Германияда өтіп жатқан үш күн пікірсайыста Еуропа және Америка қатынастарындағы сыртқы саясат және қауіпсіздік саясатының мәселелері талқыланып жатыр. Жексенбі күні конференцияда Азия құрлығындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланбақ. Мюнхен қауіпсіздік саясаты конференциясының дәстүрі 1962 жылы бастау алған. Конференция дәстүрін неміс баспагері Евальд-Хайнрих фон Клейст-Шмензин қалады. Конференцияға әдетте министрлер, парламент депутаттары, қолбасшылар, ғалымдар мен баспасөз өкілдері шақырылады. Конференцияны Германия үкіметінің басшысы, канцлер Ангела Меркел ашты. Конференцияның бірінші күнінде Грузия президенті Михаил Саакашвили сөйледі, ол ең алдымен Грузияны НАТО әскери одағына қабылдауға үндеу айтты. Бұдан екі тарап та пайдасын көреді, Грузия қазірдің өзінде НАТО-ның Косово мен Ауғанстандағы операцияларына қатысады, Ирақтағы әскери қимылдарды қолдайды деді. Саакашвили НАТО-ға өту ойды Грузия халқының 80 пайызы қолдайды деді.

Мюнхен конференциясының күн тәртібінде ең өзекті мәселе ретінде Иран ядролық мәселесі қаралып жатыр. Терроризмге қарсы соғыс және НАТО одағының болашағын талқылауды да бірінші кезекте атаған жөн. Конференцияда АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельдтың сөзімен қатар Ресей қорғаныс министрі Сергей Ивановтың сөзі ортаға салынбақ. Рамсфельд бүгін жалпы Германия, канцлеры Ангела Меркелден кейін сөйледі. Ангела Меркел Иран ядролық бағдарламасында шектен шығып кетті, Иранның ядролық қару жасау ұмтылысы тоқтатылуға тиіс деді:

- Иран ядролық бағдарламасын одан ары дамытуын тоқтатса деп қалаймыз, бұл біздің міндетіміз. Иран ядролық бағдарламасының дамуына қарасақ - оның бейбіт мақсат емес, әскери мақсаты бар екені түсінікті. Иран әдептен асып тұрып, шектен шығып кетті. Иран президенті бұған орынсыз араңдатуларын қосып отыр. Сондықтан бізде шара қолдануға тиістіміз.

Меркел, сол сияқты, Иран президенті Махмұд Ақмединижаттың өзін жеке сынады, бұл кісі Израиль мемлекеті жойылу керек деп айтады, Холокост зұлматы болмады деп айтады деп көрсетті. АҚШ қорғаныс министрі Дональд Рамсфельд, өз кезегінде, әлем қауымдастығы ядролық Иранның болғанын қаламайды деді. Иран әлем бейбітшілігіне қауіп төндіріп тұр, Иран терроризмге қамқорлық жасайтын ең негізгі ел, - деді АҚШ қорғаныс министрі.

Иран үкіметі Мюнхен конференциясына сыртқы істер министрінің орынбасары Аббас Арағчиды жолдаған. Ал енді Халықаралық атом энергетика агенттігі дәл осы Мюнхен конференциясының қыза түскен тұсында Иран ядролық мәселесін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне шығаруға келісті. Еуропалық елдер ұсынған қаулы жобасын Халықаралық атом энергетика агенттігінде 27 ел қолдады, үш ел қарсы дауыс берді. Иран өкілі Аббас Арағчи бұл жаңалықты білмей тұрып, Мюнхен конференциясында былай деді:

- Бұл мәселе БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне жолданатын болса анығын жан жақты ашып алуға тура келеді. Өз еркімізбен жүргізіп отырған барлық қызметтерімізді тоқтатуымызға тура келеді. Біздің парламентте осындай заңның бар екенін білесіздер. Сондықтан бұл дауды тек қоздыра түседі.

Бұл түпкілікті шешім Иран ядролық мәселесін енді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде талқылауға жол ашты. Иранға саяси не болмаса экономикалық шектеу шараларын қабылдау мәселесі талқыланбақ енді. Дегенмен, Иранға қарсы БҰҰ шарасы кемінде бір айдан соң қолданылсын деген де ұсыныс бар бүгін қабылданған резолюцияда. Халықаралық атом энергетика агенттігі осы кезеңде Иран мәселесі жайында егжей-тегжейлі баяндама дайындамақ. Резолюция компромисс жағдайында қабылданды. Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері боп табылатын Ресей мен Қытай БҰҰ тарапынан Иранға наурыз айына шейін ешқандай шара қабылданбасын деген шарттарын қойды, сол шарттары қабылданған соң ғана келісімдерін берді. Иран делегациясының басшысы Джавад Вайди Иран ядролық кәсіпорындарын жеке-жеке тексеруге БҰҰ инспекторларын енді кіргізбейміз деді. Иран тарапынан айтылған ең алғашқы реакция осындай.
XS
SM
MD
LG