Accessibility links

Абақтыда аштық жариялап жатқан Б.Әбіловтің денсаулығы нашарлап, ауруханаға түсті


Жексенбі күні Алматы абақтысында сот шешімі бойынша 15-тәулікке қамалып, әкімшілік жазасын өтеп жатқан қазақстандық оппозиция қайраткері Болат Әбіловтың денсаулығы нашарлап, қаладағы №5-ші ауруханаға жеткізілгені мәлім болды. Әбіловтің адвокаты Серікқали Мусиннің «Азаттық» тілшісіне айтуына қарағанда, наурыздың 13-інен бері абақтыда аштық жариялап жатқан оппозицияшыл саясаткер сенбінің кешінен бастап басы айналып, өзін әлсіз сезіне бастаған. Ал жексенбі күні Б.Әбіловтің қан қысымы күрт төмендеп кеткендіктен ол дереу ауруханаға жатқызылған.

Адвокат Серікқали Мусин «Азаттық» радиосына, жексенбі күні таңертең Алматының №5-ші ауруханасына жатқызылған Болат Әбіловтың денсаулығын тексерген дәрігерлер, оның қан қысымы 60/80 деңгейіне дейін төмендеп, ағзасының қатты әлсірегенін анықтағанын айтты.

«Әбілов мырзаның бес күн бойы абақтыда аштық жариялап жатуының салдары оның денсаулық жағдайының күрт төмендеуіне әкеп соғып отыр», - деді адвокат С.Мусин.

Оппозиция қайраткерінің хал-жағдайын дәрігерлердің өз аузынан білмек болғанымызбен, Болат Әбілов жатқызылған аурухана дәрігерлері сырқат адамның денсаулығына қатысты баспасөз үшін ешқандай мәлімет бермейтіндерін айтты.

Қазақстанда әлі ресми тіркелмеген «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы әрі «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалыстың төралқа мүшесі Болат Әбілов наурыздың 13-інен бастап қайтадан Алматы абақтысына жабылған болатын.

Алматы қаласындағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сот Болат Әбілов басқа пікірлес серіктерімен бірге «ақпаның 26-күні Алматыда заңсыз шеру ұйымдастырды» деп айыптап, ақпанның 28-күні Б.Әбіловті бес тәулікке абақтыға қамау жөнінде шешім шығарған еді. Бірақ, ол шешімге қанағаттанбаған Алматыдағы Бостандық ауданының прокуроры наразылық білдіріп, шағым түсірген соң, бұл істі қараған Алматы қалалық соты наурыздың 1-күні Әбіловке берілген жаза мерзімін 15 тәулікке дейін ұзартқан болатын. Алайда, сол күннің ертеңінде Б.Әбіловтың қайын енесінің қайтыс болғанына байланысты және «Нағыз Ақ жол» партиясының тең төрағасы Ораз Жандосовтың кепіл болуымен Болат Әбіловке қайтыс болған жақынын жерлеу рәсімдерін өткеру үшін мұрсат берілген еді. Одан кейін наурыздың 13-күні Б.Әбілов жазаның қалған бөлігін өтеуге абақтыға қайтадан отырғызылды.

Айтпақшы, бұл екі арада Б.Әбілов өзіне және елдегі оппозициялық санаулы басылымдардың бірі «Свобода слова» газетіне қарсы Адонис Дербас есімді канадалық кәсіпкердің берген талабы бойынша сотқа жауапекр ретінде қатысты. Бұл істі қараған Алматының Медеу аудандық соты наурыздың 10-күні шетелдік азаматтың шағымын қанағаттандырып, оның пайдасына «Свобода слова» газетінен 50 мың теңге, ал Болат Әбіловтен 1 млн теңге айыппұл өндіріп алу туралы шешім шығарды. Алайда, газет редакциясы мен Болат Әбілов бұл айыптауда саяси астар бар деп бағалайтындарын айтып, онымен келіспейтіндерін мәлімдеді.

Наурыздың 13-і күні, абақтыға қайтадан қамалған сәттен бастап аштық акциясын бастаған Болат Әбілов енді ауруханаға түскендіктен, Қазақстан заңнамасына сәйкес, сот шешімімен оған тағайындалған жаза мерзімі тағы да үзілген болып саналады, дейді заңгер.

«Ал, біздегі заң ережелері бойынша, денсаулығы түзелгеннен соң, Б.Әбілов соттың шешімімен өзіне кесілген жаза мерзімін толық өтеп шыққанша абақтыға қайтадан жабылады», - дейді адовокат Серікқали Мусин.

Бұған дейін Алматы әкімшілік соты қазақстандық 11 оппозициялық саясаткерді заңсыз митинг ұйымдастырып, өткізді деп айыптап, сот шешімімен 7 адам, соның ішінде екі әйел – 5-тәуліктен 15-тәулікке дейін абақтыға жабылып, тағы 5 адамға әртүрлі мөлшерде айыппұл салынды. Олар ақпаның 26-күні Алматыда содан екі апта бұрын қастандық құрбаны болған марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы мен онымен бірге қаза тапқан екі серігін еске алуға арналған наразылық жиынына қатысқаны үшін жауапқа тартылған еді.
  • 16x9 Image

    Кенжебек НҰРҚАСЕНҰЛЫ

    Кенжебек Нұрқасенұлы - 1967 жылы туған. Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған.
    Семейдегі «ТВК-6» телеарнасында, «СолDAT» газетінде, «Қазақ тарихы» журналында жұмыс істеген. Азаттық радиосында 2001 жылдан бері еңбек етеді. 

XS
SM
MD
LG