Accessibility links

Алматыда «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысының жиыны өтті


Осыдан бір жыл бұрын құрылған қозғалыстың наурыздың 26-күні Алматыда өткен жиынына Қазақстанның барлық аймағынан келген 243 делегат пен 100-ден астам арнайы шақырылған қонақтар, халықаралық және шетелдік ұйым өкілдері мен журналистер қатысты.

Жиынның күн тәртібінде талқыланған негізгі мәселе – Қазақстандағы қазіргі саяси жағдайға арналды. Мінбеден сөйлеген шешендердің барлығы, авторитарлық билік басқарған Қазақстанда қуғын-сүргін көріп келген еркін ойлы азаматтар қатарында соңғы жылдары жұмбақ қазаға ұшырап, қастандық құрбандарына айналғандар санының артып бара жатқанына ресми билік тікелей жауапты екенін қадап айтты. Қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай Қазақстан билігіндегі дағдарыс қоғам үшін қауіпті шырқау шегіне жетті деген баға берді.

«Оппозицияны сабауға, түрмеге салуға, тіпті өлтіруге болатын шығар, бірақ олар бізді ешқашан да бағытымыздан тайдырып, қорқыта алмайды», - деді Ж.Тұяқбай.

Жиында сөйлегендер Қазақстанда соңғы құрылған елді демократияландыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның жұмысына «Әділеті Қазақстан үшін» қозғалысының қатысуы үшін ең әуелі қастандық құрбандары болған азаматтардың өлімі толық тергеліп, ашылуы тиіс деген талапты орындатқаннан кейін ғана барған дұрыс деген қортындыға келді.

«Ал президент Назарбаев елдегі оппозицияны өзінің тілін алып, қолын жалайтындардың қатарында көргісі келіп отыр, бірақ біз ондай оппозиция болмаймыз», - деді Ғалымжан Жақиянов.

«Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төралқа мүшесі, Қазақстанда әлі тіркелмеген «Алға» саяси партиясының жетекшісі Асылбек Қожахметов, қозғалыстың өзі ішіндегі кемшін тұстардың барлығын атап, қозғалыстың жұмысын тиімді арнаға бұру үшін кейбір жайттардың басын ашып алуға шақырды. Қожахметов мырзаның бұл сөзінен қозғалыс қатарында қарама-қайшы пікірлердің барлығы аңғарылды дейді сарапшылар.

«Әрине, қоғамда саяси пікір алуандығының болғанын қалайтын қозғалыстың ішінде әртүрлі пікірлердің айтылғаны заңды да. Бірақ, егер оны қозғалыстың кейбір бөлігі дұрыс қабылдамаса, ол жағдай ортақ жұмысқа теріс әсер етуі де мүмкін», - дейді қазақстандық саясаттанушы Андрей Чеботарев.

Өз сөзінде саясаткер Әміржан Қосанов тек қана биліктің белгілеп берген заң шеңберінде жүру қозғалыс жұмысына тұсау болатынын айтып, ең алдымен саяси бағыттағы қызметке кедергі болатын қолданыстағы заңды өзгертуге күш салуға шақырды.

Қазақстандық оппозицияның қазіргі билікпен диалогы мүмкін бе деген сауалға, сарапшы Андрей Чеботарев оппозицияның қойып отырған талаптары оның батыл қадамдарымен жалғасын тауып жатса, онда елдегі саяси оқиғалардың өрбуін жеделдетуі ықтимал деп санайды.

«Мәселен, Қазақстан оппозициясының ақпаның 26-күні Алматыдағы орталық алаңда өткізген шарасы оппозицияның соңғы бір жыл бойы атқарған жұмысына пара-пар болды», - деген баға береді сарапшы.

«Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысы 2005 жылғы ақпанда Қазақстандағы оппозициялық бағыттағы демократиялық күштердің басын біріктіріп, Қазақстанда авторитарлық президенттік басқару жүйесін өзгертуді және президент сайлауында ортақ үміткер шығарып, жеңіске жету мақсатымен құрылған болатын. 2005 жылғы наурыздың 20-күні Алматыда өткен қозғалыстың құрылтай жиынында Парламент Мәжілісінің бұрынғы төрағасы Жармахан Тұяқбай қозғалыстың жетекшісі болып сайланды. Ал елде 2005 жылғы 4-желтоқсан күні президент сайлауы өтетіні жарияланғаннан кейін, былтырғы жылы қыркүйектің 10-күні Қазақстанның біріккен оппозициясы президенттікке ортақ кандидат етіп Ж.Тұяқбайды ұсынды.

Алайда, былтыр желтоқсанның 4-күні Қазақстанда өткен президент сайлауының ресми қортындысы бойынша Қазақстанды соңғы 16 жылдан бері үздіксіз басқарып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаев кезекті 7 жыл мерзім қайтадан республика президенті қызметіне сайланғаны туралы жарияланды. Орталық сайлау комиссиясының ресми мәліметінде Н.Назарбаев дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91 процентінің қолдауына ие болғаны, ал Ж.Тұяқбайға 6 проценттен астам адамдардың дауыс бергені айтылған еді.

Былтырғы президенттік сайлау алды науқан кезінде, қарашаның 12-күні кешкісін, Алматыдағы өз үйінде қазақстандық оппозиция өкілдерінің бірі, «Әділетті Қазақстан үшін» республикалық қозғалысы кеңесінің мүшесі, Қазақстанның төтеншен жағдайлар жөніндегі агенттігінің бұрынғы төрағасы Заманбек Нұрқаділовтің жансыз денесі табылған еді. Марқұмның денесінде кеуде тұсына екі рет және басынан бір рет атылған оқ іздері және мәйіттің жанында тапанша жатқаны анықталды. Бұл істі тергеген Қазақстанның Ішкі істер мекемесінің тергеу тобы Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірді деген қортынды жасады. Ал, содан кейін тура 3 ай өткенде – 2006 жылғы ақпанның 13-інде Алматы маңында тағы бір оппозиция лидері, Қазақстанның бұрынғы ақпарат министрі, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының және оның оққағары мен қорғаушысының қолдары артқа байланған күйі атып өлтірілгені мүрделері табылды. Бұл жолы тергеу ісі бойынша бұларды, А.Сәрсенбайұлын жеккөргендіктен Сенат аппаратының жоғары лауазымды шенеунігі арнайы кісі жалдап, оны атуға тапсырыс берген деген ресми ақпарат таратылды. Бұл байламды парламент алдында сөйлеген президент Н.Назарбаев та қуаттады. Бірақ, қазақстандық оппозиция бұл мәліметтерге сенімсіздікпен қарап, қаза болған саясаткерлердің өліміне шынайы кінәлі адамдарды тауып, оларды жазалауды талап етумен келеді.

Ақпанның 26-сында Алматыдағы Республика алаңында көпшіліктің қатысуымен өткен, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған жиынға қатысқаны үшін Алматы қаласының әкімшілік соты қазақстандық оппозиция белсенділерін «рұқсат етілмеген митинг ұйымдастырды» деп айыптап, сот шешімімен 7 адам, соның ішінде екі әйел – 5-тәуліктен 15-тәулікке дейін абақтыға жабылып, тағы 5 адамға әртүрлі мөлшерде айыппұл салынған-ды.
XS
SM
MD
LG