Accessibility links

Рауан Шаекин: «77 депутат 77 баланы асырап алса, жетім балалар мәселесі шешіле қоя ма екен?!»


Қазақстан Үкіметі Парламент депутаттарының шетелдік азаматтардың қазақстандық балаларды асырап алуларына мараторий жариялау керек деген мәселесімен келсіпейді. Бұл Қазақстан Констиуциясының 14-бабына қарсы келеді екен. Соңғы мәлімет бойынша, осы уақытқа шетелдік азаматтарға 6 мыңға жуық бала берілген. Ал бүгінде Қазақстандағы балалар үйінде әртүрлі жағдайда түскен 17 мыңға жуық жетім балалар тәрбиеленіп жатыр. Білім министрлігінің мәліметінше, олардың 80 пайызының денсаулығы нашар. Ал кейбір депутаттар шетелге бала беріп, өздері пайда табу үшін балалардың көбіне өтірік диагноз қояды дейді.

«Шетелдік азаматтарға Қазақстаннан бала асырауларына тыйым салу керек» деген Парламент Мәжілісі депутаттарының көтерген мәселесіне Қазақстан Үкіметі бірден үн қатты. Олар бірден Қазақстан Конституциясын алға тартты. Депутаттардың алдына келген Әділет министрінің орынбасары Серік Нұғыманов жетім қалған әрбір баланың отбасында тәрбиеленуіне құқығы бар дегенді айтты:

– Осы саланы заң жүйесінде реттеуіміз керек. Заңның орындалу барысын қадағалауымыз керек. Басқа ұлттық өкілдері болсын біреу баланы асырап аламын десе ондай құқығы болуы керек. Шетелден келіп, осы мен ауру баланы алайын, денсаулығына көмек берейін, құқығын бұзбайын дейтін болса, неге біз тыйым салуымыз керек, – дейді Әділет вице-министрі Серік Нұғыманов.

Қазақстаннан бала алуға тілек білдірушілердің дені АҚШ азаматтары екен. Биылғы жылдың өзінде шетел азаматтары қазақстандық 113 баланы асырап алған. Ал олардың ішінде бір жынысты отбасыға берілген бала жоқ дейді Қазақстанның Сыртқы істер минитрінің өкілі Дәуренбек Ырысқали. Бірақ жалғыз ілікті шетел азаматтардың бала асырап алғандығы жайында мәліметтер бізде бар деп отыр, – Дәуренбек Ырысқали:

– Асырап алған жалғыз басты адамдардың ішінде ер азаматтар да бар. Олардың ориентацияларының қандай екенін, төсекте кіммен бөлісетіндігін қалай білеміз, негізінде біздің консулдыққа бір жынысты отбасылардың арыз бергені бар. Бірақ біз оларды қабылдаған жоқпыз, – дейді Дәуренбек Ырысқали.

Жалпы сыртқы істер министрлігінің өкілі Дәуренбек Ырысқали өздерінің шетелдік бір жынысты отбасыға бала берулеріне қарсы екендігін айтады. Бірақ қазақстандық құқық қорғаушы мекемелердің өкілдері Қазақстан Конституциясын алға тартады дейді.

Парламент депутаттары шетелдік азаматтарға бала беруге мараторий жариялайық дегенде құқық қорғаушы өкілдердің дені онда Парламент депутаттары бір-бір баладан асырап алсын дегенді айтқан болатын. Осы мәселеге қатысты Парламент Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин «Азаттық» радиосына былайша пікірін білдірді:

– Егер құқық қорғаушы өкілдер «депутаттардың өздері бір-бір баладан асырап алсын» деп айтатын болса, онда олар өздерінің салаларындағы жұмыстарын білмейді деп есептеймін. Асханада сөйлесуге болады «сен асырап ал, ол асырап алсын» деп. Олар көтерілген сұрақтарды керісінше, депутаттармен бірге, ата-аналармен бірге шешуге тырысу керек. Олар сонда 77 депутат 77 баланы асырап алса, проблема шешіледі деп ойлайма екен?!, – дейді Мәжіліс депутаты Рауан Шаекин.

Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, республика бойынша 17 мыңға жуық бала балалар үйінде, интернаттарда тәрбиеленеді. Ал олардың үш мыңнан астамы әке-шешесі жоқ таза жетімдер екен. Білім министрлігі жанындағы бала құқығын қорғау департаментінің басшысы Мәншүк Әбдікарімова «бала асырап алғысы келетін Қазақстан азаматтарының дені баланы таңдайды. Олар ауру баланы алғылары келмейді. Тіптен бізде екі-үш жылдан кейін баланы қайтадан балалар үйіне өткізіп жататын жағдайлар кездеседі», – дейді. Ол сонымен бірге «шетелдік азаматтарға ең алдымен денсаулығы нашар балаларды ұсынамыз. Ал балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан 17 мыңға жуық баланың 80 пайызы ауру» дейді.

Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Рауан Шаекин «бір Қарағанды облысы бойынша 500 ден астам қазақстандық отбасы бала асырап алу үшін кезекте тұр. Ал оларға бала жоқ деп асырап алуға бала бермей отыр» дейді:

– Бала асырап алғысы келетін қазақстандық отбасына «бала жоқ» деп бермейді. Мен білім министрлігінің өкілінен сұрадым, шетелге алып кеткен 5200 баланың қаншасы ауру деп, бірақ ол жауап бере алмады. Біз ойлаймыз, арадағы делдалдар өздері реттеп отырады, қандай баланы шетелге жіберу керек деп. Кім біледі, олар баларларға жалған диагноз қойып, ауру деп шетелге жібере беруі мүмкін. Оларды тексеріп жатқан ешкім жоқ. Өздері айтып отыр емес пе, екі-үш жылдан кейін баланың ауру екені белгілі болады деп, – дейді Рауан Шаекин.

Айта кету керек, осыдан бұрын хабардар еткендей, Американың Орегон штатындағы Бенд қаласының тұрғыны Джон Альберт Сайнс деген азамат асырап алған 10 жасар қазақстандық жетім қызды зорлап, жыныс қатынасын жасауға мәжбүрлегені үшін түрмеге қамалғандығы, алайда оның кепілдікке ақша беріп босап шыққаны жөніндегі ақпарат бойынша сыртқы істер министрлігінің өкілі Дәуренбек Ырысқали «бұл ақпараттың шын, өтірігі 12 –сәуірде белгілі болады» деп отыр.
XS
SM
MD
LG