Accessibility links

Баспасөзге шолу. 05.18.2006 жыл


Бейсенбілік баспасөзде саясаткер А.Сәрсенбайұлының өліміне қатысты әрқилы болжамдар келтіреді. Қазақстандағы демократия мәселесі да журналистердің басты тақырыбына айналып отыр.

Саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлының өліміне қатысты сот жүретін күн жақындап келеді, баспасөз де осы істің анық-қанығына жетуге ынтық. А.Сәрсенбайұлының өлімін тергеп жатқан ресми орындар күдікті санап отырған «Өтембаевтың «өтінішін» асыра орындаған «Арыстанның» артында кім тұр?» деген сауалды «Алтын Орда» газеті көтерді. «Тапсырыс беруші ретінде ұсталған Өтембаевтың марқұм Алтынбекке қатысты айтқан пікірін тапсырысты орындаушы Рүстем Ибрагимов жөнсіз қабылдап, тосын әрекетке барыпты. Шындығында кінәсінен бас тартып отырған Ержан Өтембаев бар болғаны Сәрсенбайұлын Бөгенбай батыр мен Орманов көшелерінің қиылысына әкелуді ғана нұсқағандығын растады» деп жазылған мақалада. «Ал, «Арыстанның» сарбаздары болса, бар болғаны майор Әбікеновтың бұйрығын орындағандарын айтуда. Алайда мұнымен келісе салар майор жоқ. Сол себепті де оның пікірін сот алдында төрт бірдей қорғаушы жақтамақ» деп жазады «Алтын Орда» газеті. Мақалада саясаткер өліміне қатысты тағы бір болжам айтылады: «Құқық қорғаушылар Ержан Өтембаевты негізгі кінәлілерді қолға түсіру жолында әдейі қамап отыр, деген алып-қашпа сөз. Дәлірек айтсақ, Ержан Өтембаев тергеушілерге серіктесіп, негізгі тапсырыс берушінің қолға түсуіне көмектесіп жүруі де ықтимал» делінген «Алтын Орда» газетіндегі мақалада.

«Алтынбек Сәрсенбайұлына жасалған қастандықтан соң Ақорда ақпараттық қауіпсіздікке мықтап көңіл бөле бастағандай» деп жазады «Жас Алаш» газеті. Журналист Шадияр Өстемірұлының шағын сараптамасында «Ертісбаев Мәдениет және ақпарат министрінің креслосына отырғалы бері ақпарат айдынында «құмдағы дауыл» басталды да кетті» деп келтірілген. Әрі қарай ақпарат саласында болып жатқан өзгерістерді тізіп отырып, мақала авторы «Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасына дейін Ақорданың осындай батыл қадам жасай алуы мүмкін бе еді?» деген сауал тастаған. Өз сұрағына өзі «жоқ» деп жауап бере отырып, «ол үшін алғышарттар керек болатын. Астананың бұл әрекетінен еліміздегі 2012 жылға дейінгі жүретін саяси процестерді реттеуге бағытталған шараны аңғаруға болады» деп жазады автор. «Осы «реформалардың» тасасында тәуелсіз ақпарат құралдарына қысымның көбею қаупі де бар. Бұдан былай тәуелсіз басылымдарды тіркеу мәселесі қиындай түспек. Ертісбаев өз сұхбатында бұл күдігімізді де теріске шығарып жүрген жоқ» делінген «Жас Алаш» газетінің сараптамасында.

«Полицияның арнайы отряды «Айна плюс» оппозициялық газетіне қарсы» деген бағанамен басталатын мақала «Zonakz.net» тәуелсіз интернет сайтында жарық көрді. Онда Алматының Медеу аудандық сотында арнайы отряд командирінің орынбасары С.Архиповтың «Айна плюс» газетіне қатысты шағымына орай істі тыңдау процесі басталғандығы айтылады. Оған аталған газет бетінде наразылық шараларын тәртіпке келтіріп жатқан құқық қорғау органдары қызметкерлерінің суреті басылғандығы себеп болған. «Шағымданушы газеттен бір миллион теңге көлемінде өтемақы сұрап отыр. Бұл газеттің толық тақырға отыруымен бірдей» деп жазған «Zonakz.net» тәуелсіз интернет сайтында.

Медеу аудандық сотында «Айна плюс» газетіне қатысты іс тыңдалып жатқан күні Австрия астанасында Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәселесі талқылана бастағанын да интернет-сайт назардан тыс қалдырмапты. «Венадағы жиында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Әлихан Байменов 2009 жылы аталған ұйымға төрағалық ету Қазақстан үкіметі үшін үлкен сын болатындығын айтты» деп жазады «Zonakz» сайты. «Байменовтың пікірінше, Қазақстандағы саяси жүйені демократиялаудағы нақты қадамдар қамтылған «Қазақстан-2009» жоспарын қабылдаған жөн» делінген бұл жайындағы мақалада.

Ал Қазақстандағы демократияны дамытуды көздейтін мемлекеттік комиссияның жұмысына «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасы Жармақан Тұяқбайдың неге қатысқысы келмейтіндігі баяндалған мақала «Жас Алашта» газетінде басылды. «Олар шақырудан, біз жауап қатпаудан жалығар емеспіз..» деген бағанамен басталатын сұхбатта Жармахан Тұяқбай: «Біз Мемлекеттік комиссияның жұмысын жетілдіру мақсатында өзіміздің ұсыныстарымызды айттық, Олардың қабылданған-қабылданбағаны белгісіз. Комиссияның жұмысына әлі күнге дейін қатыспағандығымыздың басты себебі осы» деп жауап берген. Сонымен қатар. Ж.Тұяқбай халықпен жүйелі түрде жұмыс жүргізе алмай жатқандығын да жасырмаған. «Ол үшін алдымен өзімізідің жұмыс бағдарламамызды анықтап алуымыз қажет. Оның үстіне қазір айтарлықтай саяси науқан да жүріп жатқан жоқ» делінген «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының төрағасының «Жас Алаш» газетіне берген сұхбатында.
XS
SM
MD
LG