Accessibility links

БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты мүше бес ел және Германия өкілдері бүгін Венада бас қосуда


Оның барысында Техранның ядролық бағдарламасы жайы талқылануда. Сондай-ақ Құрама Штаттардың жаңа ұсынысын бүгін таң ертең Иран жағы қабылдамай қойған болатын. Ол ұсыныс бойынша Техран уранды байытуын тоқтатқан жағдайда Иранмен тікелей сөйлесулерді бастау жөнінде Уашингтон ұсыныс жасаған еді.

Иранмен тікелей сөйлесулерді жүргізуші Еуропа одағына мүше Британия, Франция және Германия елдерінің қатарына қосылғысы келетіндігін Буш әкімшілігі сәрсенбі күні мәлімдеген болатын. Құрама Штаттары Мемлекеттік хатышысы Кондолеза Райс Уашингтондағы баспасөз мәслихатында:

“Дипломатиялық шешім мен табысқа жету жолдарын күшейтудегі біздің ұмтылыстарымызды баса көрсету үшін, Еуропалық әріптестерімен бір стол басында бас қосып, Құрама Штаттар өкілдері Иран өкілдерімен кездесетін болады. Ол үшін Иран тарапы уранды байытуын және басқа да әрекеттерін тоқтатуы тиіс”, - деді Райс ханым.

Құрама Штаттардың бұл ұсынысын ресми Техран қабылдамай тастады. Журналистерге берген сұхбатында Иран Сыртқы істер министрі Манучер Моттаки Уашингтонмен тікелей сөйлесулерді қолдайтындығын, алайда Техранның уранды байытуын тоқтатпайтындығын айтты. Сондай-ақ ядролық энергия өндірудегі Иранның хұқынан бас тартпайтындығын ескертті.

“Мүмкін Райс ханымның бұл мәлімдемелері Құрама Штаттардың Ирақтағы қылмыстарын жабу үшін жасап отырған ұмтылыстары болар”, - деді Моттаки мырза.

Бейсенбі, маусым айының 1-і күні Венадағы басқосуында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес елдің және Германияның Сыртқы істер министрлері, сондай-ақ Еуропа одағы Сыртқы істер бойынша басшысы Хавиер Солана Иранмен арадағы сөйлесулерге Құрама Штаттардың қосылуы туралы сауалды талқылауда. Оған қатысушылардың кейбіреуі АҚШ-тың бұл бастамасын қолдап шықты. Солана мырза бұл біздің ортақ мүддеміздің мықты және ілгерішіл жемісі болып отыр, деді.

Қытайдың БҰҰ-дағы өкілі Ваң Гуаңия да АҚШ шешімін қолдай келіп, дегенмен Иранмен арадағы сөйлесулерге алдын-ала шарттар қоймау керек, деді.

Техран ядролық дағдарысты одан әрі жалғастырған жағдайда Иранға тиым жариялау қарарына қол жеткізу үшін Американың дипломатиялық пайдаға ұмтылысында осы жолғы ұсыныстары рөл атқарады, деп үміттенуде АҚШ тарапы. Иранның ядролық мәселесін тек қана дипломатиялық жолмен шешу керек, деп келе жатқан ресми Мәскеу мен ресми Бежіннің ұстанған бағытына ресми Уашингтон да иліге бастағандай, деп жазуда Құрама Штаттар бұқаралық ақпарат құралдары ресми өкілдердің пікірлерін келтіре отырып.
XS
SM
MD
LG