Accessibility links

Дариға Назарбаева: «Оппозициялық басылымдарды қаржыландыратын Ақорданың маңайындағы адамдар»


Сәрсенбі күні өткен Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Отан» партиясының мүшелері үкіметтен келіп түскен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» заң жобасына қортынды әзірлеуді маусым айының аяғына дейін аяқтау керек деді. Алайда, «Асар» партиясының төрайымы Дариға Назарбаева бастаған топ заң жобасын кері қайтару керек деген мәселе көтерді. Өйткені, аталған заң жобасы Қазақстандағы санаулы оппозициялық басылымды тұншықтыру деп бағалап отыр. Дегенмен заң жобасы жұмысқа қабылданды.

Өткен сейсенбіде Астанадағы Мәдениет және ақпарат министрлігі орналасқан ғимарат өртке оранған күні мәдениет және ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаев Парламентте «Отан» фракциясы депутаттарының алдында «кабинетсіз қалған министрді аяңыздар» деп бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға өзгерістер енгізу жөніндегі заң жобасын ұсынып, тез арада қабылдауын өтінген еді. Сол кезде «Отан» партиясының депутаттары министрдің көңіліне қарап, заң жобасын қабылдауға уәде берген-тін. Енді міне, аталған заң жобасына арнайы жұмыс тобы да құрылып, әлеуметтік-мәдени даму комитеті жобаны қарауды маусым айының 24-не дейін аяқтаймыз деді. Бірақ, бұған жекелеген депутаттар көне қойған жоқ.

– Жұмыс бітерде, демалысқа шығар кезде заңдардың барлығы асығыс түрде көбейіп кетеді. Меніңше бұл кінәні, Орал Байқонысұлы, сізге артуымыз керек. Сіз біздің басшымызсыз. Егер осы заң шын мәнінде халық үшін қажет болса, Ертісбаев мырза неге жалпы отырысқа келіп түсіндірмейді? Жасырын «Отанға» келеді, - деді депутат Амалбек Тшанов.

Ал Мәжілісті екі жылдан бері басқарып келе жатқан Орал Мұхаммеджановқа Амалбек Тшановтың жауапкершілік жөніндегі пікірлерінен гөрі басшы деген сөзі көбірек ұнаған секілді:

– Құрметті Амалбек Қозыбақұлы сізге көп-көп рахмет. Мені басшы дегеніңізге, соны түсіндіріңізші кейбір әріптестерге, бір нәрсе болса, қатардағы депутатсың деп шыға келеді.

Енді Үкімет енгізіп отырған өзгерістерге қатысты Мәжіліс депутаты Амалбек Тшанов былай дейді:

– Заң жобасы басылымынң иесін табу үшін керек дейді. Егер шын мәнісіне келгенде ол иелерінің кім екенін жұрттың бәрі біледі. Бірақ сол иелері ешуақытта жауап бермейді. Иектеріңіз қышымай-ақ қойсын. Жауап беретін бейшара, халықтың мұңын-мұқтажын көтерем деп жүрген оппозициялық басылымдар ғана. Ал теледидар деген біткен. Қазір жоқ Қазақстанда. Халықтың мүддесін көтеріп жүрген бірде-бір теледидар жоқ. Болмайды да біздің Қазақстанда.

Ал «Асар» партиясының төрайымы, президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева «Ақпарат министрі Ермұхаммед Ертісбаевтың мінберден тыс коридорларда «аталған заң жобасы оппозициялық басылымдарға қарсы бағытталып отыр деп айтып жүргені құпия емес деп жайып салды. Тіпті Дариға Назарбаева сол оппозициялық басылымдарды қаржыландырып отырғандардың кім екенін де білетіндігін айтты.

- Ол - «Ақ орданың» маңайындағы азаматтар, - деді президенттің үлкен қызы.

Дариға Назарбаева «мен оппозициялық басылымдар үшін нөмірі бірінші кейіпкері болсам да сондай басылымдардың барын бағалаймын» дейді.

Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңға Үкімет басылымдарды тіркеу мәселесі және лицензиялау жөнінде ұсыныс енгізген. Мысалы, қазіргі заңда жарыққа шыққан апталық не күнделікті газет жарты жылдай тоқтап тұратын болса, онда оның лизцензиясы қайтарылып алынады. Ал бұл жолы Үкімет алты айды үш айға дейін қысқартып отыр. Және бір өзгеріс, егер газет көрсетілген аймақтан тыс қалаларда таратылса, әкімшілік жауапқа тартылады. Сонымен бірге, Мәжіліс депутаты Сергей Кисилев егер аталған заң жобасы қабылданатын болса, онда көшірме аппаратын не баспа құралдарын сатып алған кез-келген адамның лицензия алуына тура келеді дейді.

- Бұл Кеңес Одағындағы жазу машинасы бар адамдар қауіпсіздік комитетінде тіркеуде тұратынмен бірдей, - дейді Кисилев.

Сонымен бірге Дариға Нұрсұлтанқызы аталған жобасында «басылымның мекен-жайы, басшысы өзгерген жағдайда міндетті түрде қайта тіркеуден өтуі керек деген нормалар барын айтады.

- Бұқаралық ақпарат құралды идеологиялық құрал ғана емес, ол - кәсіп. Ал бұл кәсіпкерге жасап отырған қысым, - дейді Дариға Назарбаева.

Дегенмен «Отан» партиясының мүшесі Сатыбалды Ибрагимов «біз бұқаралық ақпарат құралдарының иесін біліп отыруымыз керек» дейді. Оның айтуынша, «айтқан сөздеріңнің өңін айналдырып беретін газеттерге тосқауыл қою керек».

Үкімет аталған заң жобасын биыл қабылдатқызып, 2007 жылдан бастап күшіне енуі керек деп отыр. Ал мәжіліс депутаттары пікір-таластың соңында көпшілік дауыспен заң жобасын жұмысқа қабылдады. Енді ол күзде басталатын келесі сессияда талқыланатын болады.
XS
SM
MD
LG