Accessibility links

Алматы қалалық соты А.Нарманбетовке шығарылған үкім жазасын шартты түрде өтеуге өзгертті


Маусымның 12-сі күні Алматы қалалық соты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетовтің аппеляциялық шағымын қарап, Нарманбетовке бұрынғы шығарылған сот үкімін күшінде қалдырып, оны сынақ мерзімімен шартты түрде өтеуге өзгертті.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің запастағы офицері Арат Нарманбетов мамыр айының 11-і күні ҚР сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Рахат Әлиевке жала жапты деп айыпталып, оны Алматы қаласының Медеу аудандық соты ҚР Қылмыстық істер кодексінің 129-бабының 3-інші тармағына сәйкес бір жылға бас бостандығынан айырған еді. Өзіне шығарылған үкімді әділетсіз деп санаған Арат Нарманбетов пен оның қорғаушысы қалалық сотқа аппеляциялық шағым түсірген болатын. Онда ол Алматы қаласының Медеу аудандық сотында өткен сот процестері кезінде өзінің ешқандай талаптары мен жанұялық жағдайының ескерілмегендігін алға тартып, жазаны жеңілдетуді сұрады.

Ал Нарманбетовты сотқа берген Рахат Әлиевтің өкілі Любовь Балмағанбетова, шығарылған шешімді күшінде қалдырып, үкімдегі жаза мерзімін 1 жыл 6-айға дейін ұзартуды сұрағанын жеткізді.

Дүйсенбі күні аппеляциялық шағымды қараған қалалық соттың судьясы Тілеулес Нақысбеков Арат Нарманбетовтің жанұялық жағдайын, өз аяғымен жүре алмайтын қарт әкесі барлығын ескере отырып, оған ҚР қылмыстық істер кодексінің 63-бабына сәйкес бұрынғы шығарылған сот үкімін күшінде қалдырып, оны сынақ мерзімімен шартты түрде өтеуге өзгертті.

Арат Нарманбетовтің қылмыстық жауапкершілікке тартылуына, “Нағыз Ақ жол” партиясының интернет сайты мен оппозициялық бағыттағы “Айна плюс” газетінің биылғы жылғы 3-ші және 4-ші сандарында жарық көрген сұхбатында, белгілі саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның жанындағы екі көмекшісі Бауыржан Байбосын мен Василий Журавлевтің өліміне Рахат Әлиевтің қатысы бар деп айтқан сөзі себеп болған еді.

Маусымның 12-сі күні Алматы қалалық сот залынан шыққан Арат Нарманбетов:

“Қалалық сот әділ шешім шығарды деп ойлаймын. Бұл жерде менің ешқандай да кінәм жоқ. Шығарылған шешім мені қанағаттандырды”, - деді.

Ал Рахат Әлиевтің өкілі Любовь Балмағанбетова шығарылған шешімге байланысты баспасөз өкілдеріне ешқандай түсінік бермеді.
XS
SM
MD
LG