Accessibility links

Сотта айыпталып отырған «Арыстан» тобының жетекшісі саяси қайраткер А.Сәрсенбайұлын танымағанын айтты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне байланысты Талдықорғанда өтіп жатқан сот ісінде 26 маусым күні осы қылмысқа қатысты айыпталып отырған «Арыстан» тобының жетекшісі – Еділ Әбікеновтен сұрақ-жауап алынды. Тергеу барысында ол өзін айыптымын деп есептемейтінін және бұл іс-әрекетке «Қорғас» кеден бекеті маңындағы ұйымдасқан қылмыстық топқа қарсы күрес шарасы аясында барғанын, сонымен қатар ол Алтынбек Сәрсенбайұлын танымай, оны қатардағы коммерсант деп қабылдағанын айтты.

Дүйсенбіде сот отырысын жәбір көруші жақ өкілдерінің бірі Бауыржан Байбосыновтың қарындасы Жанат Байбосыновадан сұрақ-жауап алудан бастады. Сот оған: «Сіз Бауыржанды соңғы рет қашан көрдіңіз? Оның көңіл-күйі қалай еді? Сіз Бауыржанды қандай адам деп сипаттайсыз?», т.б. деген сұрақтар қойды. Жанаттың өзі «Азаттық» радиосына берген қысқаша сұхбатында бұл соттан үміт күтпейтіндігін айтты.

- Бұл процесте маған бәрі алдын-ала шешіліп қойған сияқты. Айыпталушылар өздеріне алдын-ала айқындаған шеңберден шыға алмай жүр, мен оларға сенбеймін, себебі, басқа біреу бар сияқты, - дейді Жанат Байбосынова.

Алайда, айыпталушы жақтың өкілі, Рустам Ибрагимовтың жақтаушысы Серік Сәрсенов сотқа әзірге көңілі толатынын білдірді.

- Әзірге сотқа тағар айтарлықтай айып байқап отырған жоқпын. Ал ұсақ-түйектер жайлы әзірге айтудың қажеті де жоқ. Дөрекі заң бұзушылық та байқалмайды. Өздеріңіз білесіздер ғой, мен ондай жағдайда жай отыра алмаймын, сотқа бірден айтып саламын, - дей келіп, өзінің қорғауындағы Рустам Ибрагимовтың күнәсіз екендігін дәлелдейтін бұлтартпас айғақтары барлығын тағы айта бастады.

Ал сот сұрақ-жауапқа шақырған келесі айыпталушы - Асылхан Тажы өзінің құқығына сәйкес, жауап беруден үзілді-кесілді бас тартты. Сұрақтарға жауап берген «Арыстан» тобының жетекшісі Еділ Әбікеновтің бір сағаттық сөзін қысқаша қортындыласақ, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Қорғас» кеден бекеті маңындағы ұйымдасқан қылмыстық топтардың сеніміне кіру мақсатында ұйымдастырылған арнайы операцияның құрамдас бөлігі ретінде олар «бір коммерсантты» «ұйымдасқан қылмыстық топ өкілдеріне» жеткізіп берген. Ол «коммерсантты» олар тапсырушылардың сипаттамасы бойынша, сырт пішіміне қарап, машина номері арқылы анықтаған, аты-жөнін білмейді, сұрамаған.

Әбікенов мырза өзін кінәлімін деп есептемейтіндігін де айтты. Ал Әбікеновтың соттағы айтқандарын марқұмның ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы алдын-ала дайындаған аңыз деп отыр.

- Бүгінгі сот күндегісінен өзгеше өтті. Өйткені, бүгін біз, су жұқпас суайттың сөзін тыңдадық та отырдық. Ол өтірікті олай сапырды, бұлай сапырды... «суға кеткен тал қармайды» дейді қазақ, ол енді сотталатын болғаннан кейінгі жанталасқаны шығар, бірақ, жанталасудың да жөні бар ғой. Бұның айтып отырғанының бәрі - ойдан шығарылған нәрсе! Мен жаңа сұрақ қойдым: бұл сенің өзің ойлап тапқаның ба, мына «Қорғас» пен бандиттердің ұйымдасқан тобының ортасына кіру жөніндегі аңыз-ертегің, жоқ әлде, ҰҚК-нің үңгірінде ойластырылған ба, деп. Бұл нені көрсетеді? Бұл – біздегі бандалар мына «Арыстаннан» да, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен де құдіретті, күшті дегенді білдіреді! Олардың қандай қылмыс жасап жатқанын, кімдерді өлтіріп жатқанын біз білмейміз, бірақ мыналар солардың алдында бишара екенін көрсетіп отыр, - деді Рысбек Сәрсенбайұлы .

26 маусым күні Талдықорғандағы соттың 7 отырысы өтіп жатқан кезде, жиыны 60-тай адам сот ғимаратының алдында үнсіздік акциясын өткізді. Бір минуттық үнсіздік акциясының соңы бес минуттық митингіге ұласып, полиция есін жиғанша акицяға қатысушылар тарқап та үлгерді. Биылғы жылғы ақпанның 26-күні Алматыда, Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің қазасына қатысты Қазақстандық оппозиция өткізген кең көлемді наразылық шеруінен кейін, оппозиция белсенділері әр айдың 26 ін Демократия күні деп жариялап, сол күні елді мекендердегі орталық алаңдарда саяси қуғын-сүргін құрбандарын 1 минут үнсіздікпен еске алып атап өту жөнінде бастама көтерген болатын.
XS
SM
MD
LG