Accessibility links

«Отан» партиясының съезінде президентттің саясатын қолдайтын партиялар бірігуі мүмкін бе?


Шілде айының 4-күні «Отан» партиясының кезектен тыс тоғызыншы съезі өтетіні туралы хабарланып отыр. Өткен аптаның басында президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева елдегі президентшіл саяси күштерді күш біріктіруге шақырған болатын. Қазақстандық сарпашылардың пікірінше, мұның барлығы алда елеулі өзгерістердің болатындығынан хабар береді.

Келесі аптаның сейсенбісінде Астанада «Отан» партиясының кезектен тыс IX-съезі өтеді деп жоспарланып отыр. «Отан» партиясының баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда съезд жұмысына «Отан» партиясының төрағасы, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қатыспақ. Сонымен қатар Қазақстанның барлық өңірлерінен 470-тей делегат қатысады деп күтіліп отыр екен. Осыдан бірер күн бұрын республикалық «Хабар» телеарнасына сұхбат берген «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұлов президенттің саясатын қолдайтын партиялардың бірігу мүмкіндігі қарастырылатындығын айтқан еді. Мұның алдында «Асар» партиясының конференциясын өткізген президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева президентшіл партиялар бір жағадан бас шығарып, қазіргі президентке қорған болатын жаңа партия құру керек деген ұсынысын білдірген еді. Алайда «Асар» партиясы төрайымының жоғарыдағы бастамасына әзірге ешқандай саяси ұйым ресми пікір білдіре қойған жоқ.

Ал шілденің төртінде болатын «Отан» партиясының кезектен тыс съезіне «Руханият» партиясының төрайымы Алтыншаш Жағанова қонақ ретінде шақырылып отырғанан айтады. Алтыншаш ханым президенттің саясатын қолдайтын біріккен коалициямен өзі басқарып отырған партияның бірге екенін айтады «Азаттық» радиосына:

- Халықтық коалиция болып біріккенбіз. Ол саясаттан ешқандай «Руханият» партиясы таймайды.

Ал «Руханияттың» «Отан» партиясының қол астына кіріп, қосылып кету мәселесі жөнінде Алтыншаш Жағанова былай дейді:

– Біздің партия ондай мәселелерді қараған жоқ. Қарамайды да. Екіншіден, біз ондай мәселелерді халықпен, партия мүшелерімен, жергілікті облыс мүшелерімен талқыламайынша, бірігу мәселесі болмайды. Дәл қазір жүгіріп барып бірігейін деп отырған біз жоқ.

«Отан» партиясы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, съезде көтерілетін басты мәселені бірі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның бәсекеге қабылетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты жолдауын іске асыру барысы. Бірақ оппозициялық «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосановтың айтуынша, кезектен тыс съездің мақсаты президент «Отан» партиясын күшейту арқылы өзінің отбасындағы мәселелерді ретке келтіру:

– Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы ішіндегі саяси күштерді тәртіпке келтіру, соларды жөнге салу деп білемін. Өйткені, қазіргі кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың тек ғана маңайындағылары ғана емес оның отбасының мүшелері де дербес отбасының үлкенінің пікіріне, кей жағдайда кереғар келетін пікір ұстануда.

Ал саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов бұл съезде белгілі бір олигархтық топтар қаржыландыратын саяси партиялардың «Отан» партиясының қол астына кіру мүмкіндігін жоққа шығармайды:

– Менің ойымша, қазір президентті жақтайтын «Асар», «Азаматтық», «Аграрлық Қазақстан» партиялары «Отанмен» бірігуі мүмкін. Ал презөидентті қолдайтын басқа да салмақты партиялар бұған қосылмайды.

Дегенмен «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының мүшесі Әміржан Қосанов президент төңірегіндегі саяси күштер біріккенімен халықтың сенімінен шыға алмайды, өйткені:

– Шын мәнінде ол партиялардың тек ғана шенеуніктік немесе олигархтық жүйедегі қолдауынан басқа ешқандай төмен жақтан қолдау жоқ. Мен қазір Солтүстік Қазақстан облысында «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының облыстық жиналыстарын өткізіп жүрмін. Қандай қолдауға кім ие екенін өз көзіммен көріп жүрмін. Сондықтан мұндай саяси қайта құрылымдар, саяси ойындар шынайы халықтың мүддесін қорғаудан тым алыс.

Енді президенттің саясатын қолдайтын саяси партиялардың сайлау науқанынан кейін бірігу мүмкіндігінің артында не тұр деген сауалға саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхаммедов төмендегідей ойын жеткізеді:

– Бұл жердегі ең қиын мәселе «Отан» мен «Асар» партияларының бірігуі. Дариғаның өткенде айтқан сөздері ол өз көзқарасымен айтты. Ал не себептен бірігеді. Мүмкін, келе жатқан Парламент сайлауына дайындық деп айтуға болады.

Айта кету керек съездің күн тәртібінде сонымен бірге саяси кеңес пен орталық бақылау комиссиясының жаңа құрамы сайланады делінген. Ал сарапшылардың сөздеріне қарағанда, бұл съезде «Отан» партиясы төрағасының міндетін атқарушы Бақытжан Жұмағұловтың орнына қазіргі Әділет министрі таяуда ғана «Отан» партиясының мүшесі болған Зағипа Балиева сайлануы мүмкін.
XS
SM
MD
LG