Accessibility links

Ержан Өтембаев тергеу кезінде өзі айтқандарынан толық бас тартып, ешкімді өлтіруге тапсырыс бермегенін мәлімдеді


29 маусымда Талдықорғандағы Алматы облыстық сотта белгілі саясаткер, оппозиция көсемдерінің бірі – Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның оқ қағары Бауыржан Байбосынов және жүргізушісі Васили Журавлевтың өліміне қатысы бар деген 10 адамның үстінен басталған сот ісінде айыпкер деп танылған адамдардан сұрақ-жауап алу аяқталды. Айыпкер деп танылғандардың арасында Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Арыстан» арнайы тобының жауынгерлері өздеріне тағылған айыптарды жартылай мойындаса, сотқа дейінгі тергеуде негізгі ұйымдастырушылар деп танылған Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимов өздеріне тағылған айыптармен келіспейтіндерін мәлімдеді. Сот келесі аптада куәлардан сұрақ-жауап алу бастауды жоспарлап отыр. Сотқа шақырылатын куәларының ұзын-саны қырық адамға жақын, оған жақтаушылардың шақырмақ куәларын қоссақ - барлығы 100 адамнан асады.

Сонымен, белгілі қоғам қайраткері әрі оппозиция көсемдерінің бірі болған Алтынбек Сәрсенбайұлы мен оның серіктерінің өліміне қатысты маусымның 14-інде Талдықорғанда басталған сот ісі алғашқы кезеңінен өтті десек болады. Осы қылмыс бойынша айыпталып, сотқа тартылған адамдардан сұрақ-жауап алу 29-маусымда аяқталды. Айыпты деп табылған Рустам Ибрагимов пен Ержан Өтембаев өздеріне тағылған айыптарды мойындамайтынын мәлімдеді. Мысалы, сенат аппаратының бұрынғы жетекшісі Ержан Өтембаев алғашқыда тергеуге берген жауабында бұл қылмысты мойындағанының себебін, сол кездегі бірнеше күн ұйқысыздықтан жүйкесінің шаршағандығынан деп түсіндіріп, өзі істемеген қылмысты мойнына алғанын айтты.

- Мен Алтынбек Сәрсенбайұлын ұрып-соғу, не өлтіруге тапсырыс берген жоқпын. 60 мың долларды келінім арқылы бергенім рас, бірақ ол екеу ара бизнеске қажет деп танылған ақша-тұғын. Сонымен қатар, Рустам Ибрагимовқа көмекшім арқылы конверт те бергенім рас, бірақ ол конверттің ішінде Алтынбектің автокөлігінің номерлері, тұратын жерінің адресі емес, банктің инвестициялық жобаға деген талаптары болатын Алтынбек Сәрсенбайұлына деген реніш менде қалған жоқ, ал Ибрагимовпен тек іскерлік ара-қатынасымыз ортақ бизнеске қатысты болған. Онымен біз жер сатумен, құрылыс жобалары үшін банктен үлкен несие алмақшы болып жүргенбіз, - деді Е.Өтембаев мырза

Ал Рустам Ибрагимов қылмыс жасалған күні Алтынбек Сәрсенбайұлы кіммен кездесуі керек болғанын білетінін айтып қалды.

- Мен ол кісінің атын қазір атағым келмейді... мүмкін, сот аяғында айтармын, себебі мен жанұямның, жеке басымның қауіпсіздігіме алаңдаймын, - дейді айыпталушы Ибрагимов.

Осылай деп мәлімдей келе, Ибрагимов мырза сот төрағасынан өзіне, жанұясына және жақтаушыларына күзет тағайындап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы өтініш те түсіріп еді, бірақ сот төрағасы оған негіз жоқ деп тауып, дегенмен бұл мәселені прокуратураның алдына қоятын болып келісті. Ал бұл жағдайды Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы былай деп түсіндіреді:

- Бұл онысымен ана жақпен саудаласқысы келеді. Егер жазаны ауырлап берсеңдер - мен сенің атыңды айтамын деп, доқ көрсетіп, айбат шегіп отыр. Ал жаза жеңіл болса, сендердің аттарың аталмай қалады деген сияқты. Біздегі сот тәуелсіз сот емес – тәуелді сот! Бұл соны біледі. Тәуелді сотқа жоғарғы жақтағылар өз дегенін жүргізеді, сот арқылы жазасын жеңілдету және басқасын істей алады.

Дегенмен, осы соттағы негізгі айыпталушыларға кезінде қандай да қастандық болуы мүмкін деген ақпарат БАҚ беттерінде жарияланған да болатын. Оған негіз де болған дейді Ержан Өтембаевтың жақтаушысы Алимкай Богдашкин.

- Оған кезінде қолданған шараларды қарасаңыз – адам айтқысыз қатаң болды. Оған тамақты көпшілікпен емес, бөлек берді. Тамақты, тіпті судың өзін - дәрігерлер тексеріп барып беретін. Алдын-ала тергеу барысында оған кеудесіне оқ өтпес күртеше, басына каска кигізіп апаратын. Міне, осыдан қортынды жасай беріңіз, - дейді адвокат Богдашкин.

Ал Алтынбектің ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы бейсенбі күнгі сотта жауап берген айыпталушылардың айтқандарына мынадай баға береді:

- Менің әсерім – Ержан Өтембаев барлық айыпталушылардың ішіндегі сенімдірек, шындыққа жақынырақ сөздерді айтты ғой деп ойлаймын. Оның бұрынғы тергеу барысындағы айтқандары мен қазіргі айтқандары мүлдем екі бөлек. Басқа айыпталушылардыкі де солай. Ол өзі , бір жағынан алғанда, мына қылмыстық әлемде солай болатын көрінеді. Басында олай айтып, соңында айнып жататыны. Бірақ мұның объективті себебіне қарайтын болсақ, Ержан Өтембаев ағынан ақтарылып, неге ол өзінің көзқарасын өзгерткенін айтып отыр. Ал Ибрагимов сырттан бақылау жасап, «Арыстандықтарды» жұмылдырып, оларға ақша төлеп, былайша айтқанда қылмыстың бел ортасында жүргендіктен, оған сенуге болмайды.

Алайда, сотта тәуелсіз бақылаушы болып жүрген оппозиция қайраткері Петр Своик мырза «Ибрагимов шынын айтты, оның бұл қазаға қатысы жоқ» деген қортынды жасап отыр.

- Оның өзі айтып отырғанына қарасақ: «мен Алтынбекті өлтіргім келсе, осыншама адамдарды жұмылдырып, шабуылдамай-ақ тыныш қана тындырмас па едім?! Логика қайда?!» деген уәжі қисынға келеді. Демек, бұл қылмыста қандай да үшінші күш, үшінші жақ болуы әбден мүмкін деген болжам айтуға негіз бар. Оны сот не аша алмады, не ашқысы келмей отырған сияқты, - дейді Своик мырза.

Сонымен, бұл қылмыста кім кінәлі екені әзірге белгісіз. Жәбірленуші тараптан қатысып отырған Рысбек Сәрсенбайұлы соттың бірінші кезеңін былай деп қортындылады:

- Бұл қылмыс не үшін жасалды деген басты сұраққа жауап жоқ! Оған жауап беруді ойлап отырған олар жоқ. Өйткені, оның артында тұрғандар оған мүдделі емес. Ал ол мұндай басты сұраққа жауап іздесе өз басы бәлеге қалады».

Жұма күні сот отырысында айыпталушылар Ержан Өтембаев пен Рустам Ибрагимовтан жауап алу аяқталғаннан кейін, сот келесі аптаға дейін үзіліс жариялады.

Осы қылмысты ұйымдастырушылар ретінде айыпталып отырған Ержан Өтембаевқа Қылмыстық кодекстің «басқа адамды қылмыс жасауға итермелу», «адам өлтіру»; Рустам Ибрагимовқа «адам ұрлау», «адам өлтіру», «ұйымдасқан қылмыстық топ құру», «заңсыз қару сақтау», «құжаттарды жасау»; Виталий Мирошниковке «адам ұрлау», «адам өлтіру» деген баптары бойынша айыптар тағылып отыр.
XS
SM
MD
LG