Accessibility links

Жанармай құю стансаларының иелері жанар-жағармай нарығындағы жағдай ушығып келеді


Тамыздың 2-сінде Қазақстанның бірқатар аймақтарында бензин саудалайтын кәсіпорындар басшылары елдің жанар-жағармай нарығында орнап отырған жағдайға өздерінің наразылығын білдірді. Мұнай саласындағы монополистердің мұнайды өңдеуге сыртқа шығарып, ішкі нарыққа қалдыратын өнім көлемінің төмендегеніне байланысты, елде жанар-жағармайдың қоры азайып, баға көтеруге мәжбүр етіп отыр дейді олар.

Жанармай құю стансаларының басшылары шілденің 21-інде Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрлігінде өткен кеңесте ең алдымен, мұнай өндіретін ірі компаниялардың мүддесі қорғашталды дейді. НАРОЙЛ компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Сұлтан Үшбаев ірі компанияларды «сыртқа мұнай өнімдерін сатуға құнығып кеткендігі соншалық, олар бұрын елде қалдыратын 15 пайыз өнімнен неғұрлым көп пайда түсіруге құлықты» дейді. Ал кәсіпорнының басшысы Ерболат Жүнісов ірі мұнай өндірушілер орта кәсіпорындарға өнімді тиімді бағамен сатып алуға жол бермей отырған көрінеді.

- Бізге мүлдем тиімсіз. Қымбат бағамен сатып аламыз да, бензиніміз өтпей тұрады, біз болсақ пайда көрмейміз. Қасымызда орналасқан ірі компаниялардың өз станциялары арқылы бензинді арзан сатады.

21 шілдеде Қазақстанреспубликасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігіндегі кеңесті ірі компаниялардың өкілдері бастама болды дейді кәсіпкерлер. Олар Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атына арнайы үндеу жазып, онда: Қазақстанда жанар-жағармай әлемдегі ең төменгі бағамен сатылады, сондықтан, оның бағасын көтеру қажет деп айтқан екен.

Наразылық білдіріп отырған кәсіпкерлердің айтуынша, ел басшысына тастаған бұл үндеуде монополист компаниялар 2 млрд АҚШ доллары көлеміндегі пайдадан қағылғандығы айтылған. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің айтуынша, «Қазмұнайгаз», «ПетроҚазақстан» және «Маңғыстаумұнайгаз» компаниялары мұнай өнімдеріне салынатын баж салығын мүлдем алып тастауды өтінген көрінеді. Наразылық білдірушілердің бірі, АСОЙЛ кәсіпорнының басшысы Ерболат Жүнісов былай дейді:

- Олар сыртқа шығару үшін салықты мүлдем алып тастауды ұсынады. Бұл өзімізге жетпей жатқанда, сыртқа сатып қажеті не?

«Азаттық» тілшісі осы мәселеге байланысты «Қазмұнайгаз» компаниясына хабарласқанда, олардың өз есімін атамаған өкілі наразылық білдірушілердің бұл әрекетін - бос әуре деген пікір білдірді:

- Біз сыртқа шығарып жатқан жоқпыз. Мұнайымызды өңдеп, өзіміздің жанар-жағармай құю стансаларымыз арқылы өткізіп жатырмыз. Тұтынушыларымыздың сұранысы қанағаттандырылып отыр.

Алматы тұрғындары жанар-жағармайдың бағасының қымбаттауы – жылда байқалатын құбылыс дегенді айтады.

- Жылда осы уақытта қайталанатын жайт қой. Үкімет не ойлайды: бірінші үйдегіні жасап алып, артылғанын сатпай ма?!

- Жылда болатын құбылыс бұл. Мысалға сіз шаруасыз, ал мен – мұнайшымын. Сізге қарызға берем бензинді, күзде соны сізден екі есе етіп қайтарып алам. Оны айтты не, айтпады не...

- Бензиннің қымбаттағаны қалтама ауыр тиеді, өте ауыр тиеді. Жағдайды дұрыстау керек!

- Қымбат, сөз жоқ, ауыр тиеді. Бірақ, біз ары-бері көлікпен қатынауымыз керек. Сосын ойларына келгенді істейді.

2005 жылы Қазақстан 61 млн тонна мұнай өндірген. Онығ 52 млн тоннасы шетелге шығарылған. Ал отандық зауыттар өңдейтін шикізат болмағандықтан, жұмыстарын тоқтатып, көптеген жанармай құю стансалары Ресейден бензин тасумен айналысты дейді монополистердің әрекеттеріне наразы болған кәсіпкерлер.
XS
SM
MD
LG