Accessibility links

Мәжіліс депутаттары ұлттық компания табыстарын зерттеу үшін комиссия құрды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Парламент Мәжілісінің депутаттары ұлттық компаниялар басшыларының шын мәнінде қанша еңбек ақы алатындығын тексеретін комиссия құрды. Комиссия қорытындысын 2006 жылдың 1-желтоқсанына дейін жариялайтын болды. Депутаттардың комиссия құруына Қазақстан президентінің қауіпсіздік кеңесінде сөйлеген сөзі себепкер болып отыр. Онда мемлекет басшысы ұлттық компания басшыларының, мысалы «Қазақтелеком» басшысы 365 мың доллар жалақы алатындығын айтып сынға алған болатын.

Ұлттық компания басшыларының еңбек табыстары жөнінде мәселе көтерген мәжіліс депутаттары пікір-қайшылықтарынан екіге жарылды. Бірі президентке жалған ақпарат беріп, ұлттық компания басшыларын аяқтан шалып отыр десе, енді бірі президент өтірік айтпайды дегенге келтіріп отыр. Сонымен үкіметтің мемлекеттік активтер жөніндегі жұмысын зерттеу мәжілістің экономикалық реформалар және аймақтық даму комитетінің депутаттарына жүктелді. Олар үстіміздегі жылдың бірінші жетоқсанына дейін ұлттық компания табыстарын және басшылардың қандай еңбек ақы алатындықтарын тексеріп, әріптестеріне және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жариялайтын болады.

Дәл осы мәселені президент ұлттық қауіпсіздік кеңесінің отырысында Үкімет басшысы Даниял Ахметовке де тапсырған болатын. Президент қорытындысы ақпарат құралдарында жариялануы керек деп басып айтқан еді. Енді депутаттардың көтерген мәселесіне келетін болсақ, Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов ұлттық компания басшыларын төбемізге шығарып қоюға болмайды дейді:

– ТМД елдері мемлекеттері президенттерінің жалақысын қосқанда бір кәрібжановтың жалақысына жетпейді екен. Президенттің жанындағы кеңесшілер сол ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің төрағалары. Біздің шахтерлер 30 мыңға таласып жер астында жанын құрбан етіп жүр. Мұғалімдеріміз бен дәрігерлеріміз бишара жағдайда.

Айта кету керек, мемлекеттік активтердің табыстарын зерттеуге жекелеген депутаттар қарсы болды. Олар бюджет жұмысының шаш етектен екенін алға тартып, тексеру жұмысын ұзартуды сұрады. Мысалы Кенжеғали Сағадиев былай дейді:

– Біз қазір бюджеттің жобасыменен айналысып жатырмыз. Қазір оған уақыт жоқ. Жаңа жылға дейін мұрша беріңіздер.

Ал аграрлық комитеттің төрағасы Ромин Мадинов ұлттық компания басшыларының жоғары жалақы алғанда тұрған не бар деп, ол «Қазақтелеком» басшысы Қайрат Кәрібжановтың небәрі компания табысының 0,70 процент пайдасын ғана алып отырғанын жеткізіп, онда біз социалистік заман құрып, айлықтарды 120 сом қылып, ал жемқорлықты көбейтейік деген пікірін жайып салды. Ромин Мадинов егер қытай компаниясының өкілі болса, онда олар тапқан табысының 20 пайызын алушы еді дейді.

Ұлттық компания басшыларының табыстары жөнінде президентке дұрыс ақпарат жетпеген, дейді енді бір депутаттар. Мәселен, Мәжіліс депутаты Нұрбах Рүстемов бұл жерде біреулер президентті аяқтан шалып отыр, оған цифорларды әдейі өзгертіп беріп отыр. Біз осы жағын анықтауымыз керек, деді.

Бұл мәселені депутат Уалихан Қалижан да көтерді:

– «Самрұқ» жетекшісі Сауат Мыңбаев мырза Кәрібжановтың айлығы 140 мың доллар болды деп мәлімдеді. Сонда мұндай айырмашылық қайдан шығып отыр?

Бұған дейін мемлекеттік активтердің есебінен құрылған «Самрұқ» холдингінің басқарма басшысы Сауат Мыңбаев та өзінің президент айтқандай 34 мың доллар алмайтындығын және «Қазақтелеком» басшысы Қайрат Кәрібжановтың та 360 мың доллар еңбек ақы алмағанын айтып, ол кемінде 140 мың доллар алады деген болатын. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен аптада қауіпсіздік кеңесінің отырысында ұлттық компания басшыларының еңбек табыстарын айтып сынға алған болатын. Ол сөзінде бірнеше мысалдар келтіріп, мәселен «Қазақтелеком» басшысы Қайрат Кәрібжанов екі миллион сыйақыны есептемегенде 360 мың доллар айлық алады екен деген еді.

Осы оқиғаның ертесіне «Қазақтелеком» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі компания президенті артық ақшасын компанияға қайтарды деген ақпарат таратқан болатын.
XS
SM
MD
LG