Accessibility links

Қайрат Келімбетов: «Қазына» қоры басшыларының еңбек табыстары 5 мың доллардан аспайтын болады


«Қазына» орнықты даму қорының басқарма басшысы Қайрат Келімбетов даму институттарының акция пакеттері толығымен өзі басқаратын қордың қарамағына берілгенін хабарлады. Қайрат Нематұлының айтуынша, қордың қазынасында 1,5 млрд. АҚШ доллары бар. Болашақта инвестициялық қаражат 3-5 млрд. долларға жетуі керек дейді. Ал «Қазына» қорына кіретін даму институттарының басшылары осыған дейін алып келген жоғары еңбек ақыларының бонустарын қорға қайтаратын болады, – дейді Қайрат Келімбетов.

Президент ұлттық компания басшыларының жалақыларын айтып сынға алмағанға дейін «Қазына» орнықты даму қорының басқарма басшысы Қайрат Келімбетов өздерінің 10 мың долларға дейін еңбек ақы алып келгендерін жасырмады. Енді президенттің қатаң сөгісінен кейін бонус және сыйақыларды қысқартып жалақы белгілі бір мөлшерден аспау керек деген шешім шығарғанын айтады Қайрат Нематұлы:

– Шешімге сәйкес ең жоғарғы жалақы бес мың доллардан аспайды.

Алайда «Қазына» қорының басшысы Қайрат Келімбетовтің айтуынша, еңбек ақы мөлшерін шектеуден өзіндік қиыншылықтары бар екен. Мәселен:

– Қазір біздің инвестициялық портфеліміз 1,5 млрд. долларға жетті. Болашақта 3-5 млрд. доллар көлемінде болуы керек. Ал бұл қомақты қаржымен жұмыс істеу үшін ең маңыздысы – кадрлық мәселе. Ең мықты мамандарды тартуымыз керек. Жақсы мамандарды тартудың бір жолы – жақсы жалақы төлеу.

«Қазына» қоры президенттің жарлығына сәйкес, үстіміздегі жылдың наурыз айында құрылған болатын. Мұндағы мақсат Қазақстандағы инфрақұрылымдар мен ірі жобаларды қаржыландыратын даму институттарын бір қолға жинап, корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру. Осыған дейін даму институттары үкіметке бағынып және оның директорлар кеңесінің мүшелері де мемлекеттік шенеуніктер болып келген екен. Қайрат Келімбетовтің айтуынша, мұндай басқару жүйесі тиімсіз болды. Дегенмен мемлекеттік холдингтердің құрылғанына бір жыл болмай, жұмысы нәтиже бермей жатып, корпоративті басқару саласына сын айтыла бастады. Президенттің қауіпсіздік кеңесіндегі сөздерінен кейін мұндай құрылым Қазақстанға керек пе деген ойлар көбейе түсті. Мәселен, бұл пікірді Парламент Сенатының депутаты Қуаныш Айтақан да қостап отыр:

– Соңғы мәліметтерге қарағанда қазір елімізде бюджет қаржыларының көп бөлігі нақты жобаларға қаржыландыру жұмсалынбай кейбір шенеуніктердің байытуына жұмсалып жатқан сияқты. Өте жоғары жалақылар салынбай қалған жолдар, салынбай қалған мектептер, салынбай қалған ауруханалар деп есептеймін.

Қуаныш Айтақан сонымен бірге «Қазына» қорының шетелдік жобаларға қаражат бөлу бағдарламасымен де келіспейтіндігін жеткізді:

– Қазақстан инвестициялық қорының жобаларын елімізден тыс жерлерде игерудің не қажеті бар? Біздің өзіміздің елімізде шешілмей жатқан проблемалар мен мәселелер өте көп.

Алайда жоғарыдағы мәселені «Қазына» қорының» басшысы төмендегідей түсіндіреді:

– Қайта өндіру өндірістерді дамыту. Мәселен бізде орман ресурстары шектеулі. Сондықтан да Ресейдегі ағаш өңдейтін нысаналарды сатып алып, соның негізінде Қазақстанда жихаз өндіретін нысаналар салу мүмкіндігі бар.

Осыдан бірер жыл бұрын мемлекет басшысы Қазақстанда кластер саласын дамыту керек деп, сол бағдарлама бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында мақта өнімін өндіру тоқыма өнеркәсібі ашылғаны белгілі. Алайда осы өңірдің депутаты Орынбай Рахманбердиев бұл өнеркәсіптің бәсекеге қабілетті бола алмай жатқандығын айтады:

– Көрші Өзбекстанда да жеңіл өнеркәсібі көп дамыған. Бізге арзан тауарларды әкеліп сатып жатыр. Оның үстіне Қазақстанда өсетін мақта дүниежүзілік талаптарға сәйкес келмейді. Одан шығатын матаның да сапасы қандай болатынын ешкім білмейді?

Ал енді бір сенатор Өмірбек Бәйгелді ұлттық компаниялардың көлеңкелі жұмыс істеп жатқандығын тілге тиек етеді. Ол президенттің сөздерінен кейін компания ашық жұмыс істейді дегенге сенбейді:

– Қазір елдегі ұлттық компаниялар жекеменшік компаниялар секілді тек салық ғана төлейтін болды. Қалғанының барлығы өзінікі қайда жұмсаса да өзі біледі. Негізінде ұлттық компания дегеніміз бекітілген айлықты алып, келісілген мөлшерде жұмсап, қалғанының барлығы мемлекеттікі болуы шарт. Жекеменшік компаниядан айырмашылығы болмай қалды. Ұлттық компанияларға қатысты заң болмай, болғаны болады, не істесе де соны істейді.

Бұған дейін, ұлттық компания басшыларының айлық табыстары жөнінде президентке дұрыс мәлімет жетпеді деп мәжіліс депутаттары мәселе көтеріп еді. Алайда бұл сөзге байланысты Қайрат Келімбетов «Азаттық» тілшісіне берген жауабында өз ойын айтты:

– Мұны негізінде прокуратура орындары тексеруі керек. Ал менің ойымша, президенттің мәліметі дұрыс.
XS
SM
MD
LG