Accessibility links

Классикалық музыка жанрында Еуропа, Америка сахналарында танылып жүрген қазақ өнер жұлдыздары Алматыда концерт өткізуде


Бірнеше жылдан бері дәстүрге айналып келе жатқан «Туған жердегі концерттер» деп аталатын бұл мәдени шараға Марат Бисенғалиев, Ерік Құрманғалиев сынды әлемнің әр қиырында өнерімен танылған қазақстандық өнерпаздар қатысуда. Қазақстандағы үлкен банктердің бірі ұйымдастырған бұл концерт барысында жергілікті өнерсүйер қауымның назарына Қазақстанда бұрын-соңды орындалмаған шығармалар ұсынылды.

Соңғы жылдары шетел сахналарында танылып жүрген қазақ жерінің тумалары елге келер алдында Грузиядағы Қазақстанның мәдени күндері аясында өнер көрсеткен екен. Бүгінде композитор, пианист Алмас Серкебаев – АҚШ-та тұрса, Фуат Мансұров – Ресейдің Үлкен театрының жетекші дирижері. Грекияда өнер көрсетіп жүрген опералық әнші Елена Келессиди - Covent Garden, The Royal Opera House секілді көптеген сахналардың танымал солисі. Ал мәскеулік болып кеткен опера әншісі Ерік Құрманғалиев - әлемнің ең танымал оркестрлерімен өнер көрсетіп жүрген, «қайталанбас дауыс иесі» саналатын жұлдыздардың бірі. Концерт Алмас Серкебаевтың осыған дейін Қазақстанда орындалмаған шығармаларымен ашылды. Серкебаевтың соңғы туындысы - ТОМИРИС операсындағы Тұмар ханшайымның ариясы Елена Келессидидің орындауында таныстырылды.



Әлем сахналары жұлдыздарының Қазақстанда өнер көрсетуі жобасы қарсаңында, «ТұранӘлем» филармониялық оркестрі құрылды. Сонымен қатар, Болат Атабаевтың ұлттық нақышта жазылған алғашқы «Қыз Жібек» мюзиклі таныстырылып, шетелдерге шығуына қолдау көрсетіліп, сол арқылы Қазақстанның классикалық музыкасын әлемге паш ету – басты мақсат, дейді ТұранӘлемБанкінің өкілі, жобаның авторы Ерлан Асқарбеков.

- Классикалық музыка - өнер атаулының төресі, өнер институттарының негізі. Өкінішке орай, 90-жылдардың басында, өз елінде танылмаған көптеген дарындар шетелдерге ауып кетті. Олар шалғайда жүріп, әлемді өздеріне қаратты. Енді, біз оларға қошемет көрсетеміз. Жыл сайын ұйымдастырып отырған бұл концертіміз – көрсете алар қошеметіміздің аз ғана бөлігі. Бізде классикалық өнер жұлдыздарын танымай жатқандар да бар. Ондай болмау керек. Алдағы уақытта дәстүр болып кететін мұндай концерттерге халық көптеп жиналатынына сенімдімін.

Концерт Марат Бисенғалиевтің орындауындағы Фриц Крейслердің Прелюдия және Аллегро пьесасымен тәмамдалды.

Әлемге танымал классикалық өнер саңлақтарының «Туған жердегі концерттері» турасындағы халық лебізі мынандай:

- Үлкен әсер алдым. Мұндай концерттің куәсі болған мендей бақытты адам жоқ шығар.

- Осындай концерт беріп отырғаны қуантады. Олар – біздің шетелдегі өнер елшілері.

- Мен осы жұлдыздармен етене араласпасам да, кезінде қатар оқып, бір өнер шаңырағынан ұшқан түлектерміз. Сондықтан, мен осындай ұлы адамдармен қатар жүрдім-ау деген жалғыз ойдың өзі мені шаттыққа, мақтаныш сезіміне бөлеп отыр.

«Туған жердегі концерттер» жобасының аясында концерттер көрсетіліп қана қоймай, сонымен бірге консерваторияларда білім алып жатқан жас дарындарға арналып шеберлік кластары өткізілді.
XS
SM
MD
LG