Accessibility links

Оң жақ рөлді автокөлік иелері Алматыда тағы да наразылық білдіріп көшеге шықты


Желтоқсанның 3-күні Алматы қаласындағы орталық көшелердің бірінде бір топ адам елдегі оң жақтан басқарылатын автокөліктерге қатысты үкіметтің ұстанымына өз наразылықтарын білдіруге жиналды. Қолдарында билікке талап-тілектері жазылған жазу ұстап шыққан бұл жұртты прокуратура мен полиция өкілдері заңсыз митингке жиналғаны үшін жауапқа тартылатынын ескертіп, таратып жіберді.

Жексенбі күні Алматыда қаласындағы Жібек Жолы көшесінің бойында, жұрт арасында «Арбат» аталып кеткен жерде, Қазақстан үкіметіне өз талап-тілектерін айтып жиналған жұртты осы жерге келген прокуратура мен полиция өкілдері олардың іс-әрекеттері заңсыз екенін айтып, егер тарамаса жұртқа қарсы күш қолданылып, заң алдында жауапқа тартылатынын табанды түрде ескертумен болды.

Бұл күні Алматының орталығына үкіметке талап айтып шыққандар - өз иелігінде оң жақ рөлді бір және одан да көп автокөліктері бар екенін айтады. Қараша айының 13-күні Астанада өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев алдағы жаңа жылдан бастап ел аумағына әлгіндей автокөліктерді әкелуге, ал енді үш жылдан соң Қазақстанда оң жақтан басқарылатын автокөліктерді пайдалануға мүлдем тиым салу керектігі туралы үкіметке тапсырма берген еді. Бұл мәлімдеме елдегі осындай көлік иелері мен шетелден Қазақстанға көліктің мұндай түрін әкеп сатуды кәсіп еткендер арасында абыржушылық туғызды.

Желтоқсанның 3-күні Алматыдағы Арбат алаңына шыққандардың бірі Александр есімді жігіт өз иелігіндегі автокөлікті сатып алған банк несиесін әлі толық төлеп болмағанын айтады.

- Егер үкімет бұл көліктерге тиым салатын шешім қабылдаса, мен тығырыққа тірелемін. Айналып келгенде, мемлекет пробелманы халықтың есебінен шешкені ғой, - дейді Александр.

Бұл күні қолына билікке талабы бар жазу ұстап шыққандарға Алматы қаласындағы Жетісу ауданы прокурорының орынбасары Дәурен Бұлғынбаев пен осы ауданның ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары полиция полковнигі Сергей Ненашев олардың іс-әрекеттерінің заңсыз болып саналатынын туралы табанды ескертуінен соң, бейбіт мақсатпен жиналған жұрт тарап кетті. Солардың арасынан қолына жазу алып шыққандардың бірі Дмитрий есімді жігіт «Азаттық» тілшісіне, бүгін заң өкілдерінен алдағы желтоқсанның 10-күні қаланың шеткері жағындағы Сарыарқа кинотеатрының жанында митинг өткізуге рұқсат берілгенін естігенін айтты.

Дмитрий мен оның жанындағы серіктері желтоқсанның 10-күні болады деп хабарланып отырған сол митингке өздерінің пікірін жақтайтын көп адам келеді деп сенеді. Және де азаматтардың талап-тілектеріне биліктегілер құлақ асып, екі тарапқа да оңтайлы шешім қабылдауға септігін тигізер деп үміттенеді.

Соңғы үш аптаның ішінде осы мәселе бойынша Қазақстанның үлкен қалаларында жұртшылықтың қатысумен наразылық жиындары өтті. Өткен жексенбі күні Алматыда орталық алаң маңына жиналған жұртты полиция күшпен таратып, белсенділік танытқандардың кейбірін әкімшілік жауапқа тартқан болатын.

Ресми деректерге сәйкес, қазіргі таңда Қазақстан бойынша басқару рөлі оң жақта орналасқан автокөлік саны 117 мыңнан асады.
XS
SM
MD
LG