Accessibility links

Түркіменбашы туралы қазақстандық саясаткерлердің пікірлері


Бейсенбі күні Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов жүрек ауруынан қайтыс болғаны туралы хабар тарады. Түркіменбашы 1991 жылдан бері елін басқарып келген. Түркімен елі оны мәңгілік президент етіп те сайлаған еді. 15 жыл елін басқарған Түркіменбашының есімі тарихта қалай қалады?

Кеңес дәуірі құлағаннан бері Түркіменстан елін басқарып келген Сапармұрат Ниязовтың кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болғанын қазақстандық саясаткерлер тосыннан қабылдады. Өйткені Қазақстан президентімен түйдей құрдас 66 жастағы Түркіменбашыны халқы мәңгілік президент етіп сайлап алған болатын. Ең алдымен бұл хабардың өзіне тосын болғанын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева айтады:

– Аяқ астынан болып қалды. Қазір айтуға өте қиын. Ол кісінің орнына кім келеді? Қандай саяси күштер келеді? Қандай ойлармен келеді? Ол адамдар Түркімен елінің болашағын қалай көреді дегендей, осындай сұрақтар әрқайсымыздың басында қазір туып отыр. Көре жатармыз. Уақыт көрсетеді. Басқа мемлекеттің ішінде болып жатқан оқиғаны сыртта отырып, түбіне дейін біле алмаймыз.

Түркіменбашы он бес жылда түркімен халқына не істеді деген сұраққа президенттің үлкен қызы, Парламент Мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева былай деп жауап берді:

– Меніңше халқынан сұрау керек. Сізді Түркімен мемлекетіне жіберсе, сонда халықтың арасына барып осындай сұрақты қойсаңыз. Содан кейін әңгімелесерміз.

Ал Мәжіліс депутаты Болат Әбішов Түркіменбашының басқа Орталық Азия мемлекеттеріне қарағанда халқына әлеуметтік жеңілдіктер жасағанын жасыруға болмайды дейді:

– Көп балалы аналарға, жағдайы төмен отбасыларға жеңілдіктер болды. Азық-түлікке, газға арзаншылық болды.

Дегенмен Сапармұрат Ниязов тұсында Түркіменстанның жабық мемлекет болғанын да ашық айту керек дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Болат Әбішов:

– Кезінде сол мемлекетте Түркіменбашынсыз ешқандай мәселе шешілген жоқ. Енді алдағы уақытта Түркіменстанда бостандыққа жол ашылатынына ешқандай күмәніміз жоқ.

Ал «Отан» партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Серік Әбдрахманов Сапармұрат Ниязовты Кеңес заманынан бері қарай жақсы білетінін айтады:

– Мен Сапармұрат Ниязовты 1980 жылдардан білетінмін. Партия комитетінің бірінші хатшысы ретінде танысқан едім. Кеңес заманынан кейінгі сәттерде билік басына келді. 1985 жылы Түркіменстан Коммунистік партиясының бірінші хатшысы болып сайланды. 1990 жылдардың аяғында Түркіменстанның президенті болып сайланды.

Серік Әбдрахмановтың айтуынша, Түркіменбашының денсаулығының сыр беретіні бұған дейін белгілі болған:

– Өмірдің аты өмір. Ұзақ уақыттан бері Сапармұрат Ниязов жүрек ауруымен ауыратын. Қателеспесем бір-екі жыл бұрын Германия елінде жүрегіне операция жасаған. Соңғы рамазан айында ауыз бекітпей, еліне денсаулығым болмай дәрі қабылдап жүрмін деп түсіндіріп айтқан.

Ал он жылда халқына қандай қызмет істегені жөнінде уақыт бағасын беретін болады дейді Серік Әбдрахманов:

– Сырт көзбен қарағанда істегені аз емес. Түркімен халқы өз бағасын береді. Кеше ғана барлығы Рухнаманы жаттап оқып жатқан жандар сол кісінің ісін жалғастырады ма, қалай болады? Соны Түркімен халқы шешуі керек.

Түркіменбашы Сапармұрат Ниязов 1991 жылдан бері елін басқарып келді. Орталық Азия аймағына кіретін бес мемлекеттің ішінде соңғы он бес жылдан бері екінші мемлекеттің басшысы өзгергелі отыр. 2005 жылы Қырғызстанда парламент сайлауының нәтижесі түрлі түсті төңкеріспен аяқталып, соңы Асқар Ақаевтың биліктен кетуімен аяқталса, Түркіменстан президенті Сапармұрат Ниязов кенеттен жүрек ауруынан қайтыс болды.
XS
SM
MD
LG