Accessibility links

«Менің Қазақстаным» әнінің мемлекеттік әнұранға айналғанына бір жыл толды

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Былтыр қаңтар айының 11-күні президент инаугурациясында «Менің Қазақстаным» әні тұңғыш рет гимн ретінде айтылған еді. Енді бұдан былай Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалі Астана қаласында өткізілетін болады. Ал аталмыш фестивалді тұңғыш рет 1992 жылы Шымкент қаласында өткізген Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан әнұранның авторларына «Халық қаһарманы» деген атақ берілу керек деп есептейді.

Осыдан дәл бір жыл бұрын ән кештерде, той жиындарда айтылып жүрген Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні сайлаудан кейінгі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың таққа отыру салтанатында мемлекеттік әнұран ретінде тұңғыш рет орындалды.

Былтыр әнұранды өзгертуге байланысты «Мемлекеттік рәміздер туралы» Констииуциялық заңға өзгерістер енгізу туралы заң жобасы Қазақстан Парламентіне келген кезде депутаттар арасында біраз пікір-талас орын алған болатын. Бір депутаттар әннің сөзінің өзгертілуіне қарсы болса, енді бірі «Менің Қазақстаным» әні марш екпінінде жазылған, гимнің халықаралық талаптарына сай келмейді деген еді. Дегенмен әнұран авторларының бірі Нұрсұлтан Назарбаев болып, «Менің Қазақстаным» әні мемлекеттік гимн ретінде қабылданды. Алайда мемлекет әнұранды патриоттық тәрбие құралына айналдыра алмай отыр, – дейді Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан. Мысалы 31 желтоқсан күні түнгі сағат 12-де жаңа жылды қарсы алу сәтінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзінен кейін мемлекеттік телеарналарда бірден жарнамаларға орын берілді. Ал Ресей телеарналарында Владимир Путиннің құттықтау сөзінен кейін Ресейдің мемлекеттік әнұраны орындалған болатын. Осы мәселеге байланысты Парламент Мәжілісінің депутаты Амалбек Тшан Ақпарат министрі жауап беруі тиіс дейді:

– Президент айтпаған шығар менің сөзімнен кейін гимнді бермеңдер деп. Оның барлығы біздің телеарналардың сауатсыздығы деп есептеу керек. Солардың саясатты түсінбейтіндігінен және құйтырқы саясат жасағысы келетіндігінен. Осы үшін Ақпарат министрінен сұрақ алу керек.

Ал сазгер Шәмші Қалдаяқовқа арнап шығарылған «Шәмші аға» әнінің авторы Қалдыбек Құрманалі кейбір әкімдердің әркеттеріне байланысты президенттің атына ашық хат жазатындығын мәлімдеп отыр:

– Бізде қазір жасыратыны жоқ. «Шаш ал десе, бас алатын» кісілер бар. Жамбыл облысының әкімі Бөрібай Жексембин «Менің Қазақстаным» әні кез-келген жерлерде орындалмасын, тек мемлекеттік дәржеде өтетін кештерде ғана орындалсын деген. Егер өзгетілген мәтінмен орыдауға рұқсат бермесе онда 50 жыл бұрын шығарған әннің мәтінімен орындайық, бізге шектеу қоятын оның қандай құқығы бар?!

Ал жоғарыдағы мәселеге байланысты Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан былай дейді:

– Әнұран қазір барлық жерлерде айтылу керек пе, жоқ па дегенге талас болып жатыр ғой. Осыны талқылап нүкте қойыуымыз керек. Мысалы Американың туы, әнұраны қай жерде ыңғайлы болса сол жерде айтылады. Оған шектеу қоюға меніңше қажеті жоқ сияқты.

Ал үстіміздегі жылдың күзінде Астанада бірінші рет Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық фестиваль өтпекші. Бұл фестиваль осыған дейін Шәмшінің туып өскен жері оңтүстік өңірде өтіп келген. Енді Астанада өтетін Шәмші фестивалін ұйымдастырушы Қалдыбек Құрманәлі уақыт өте халық әнұран ретінде «Менің Қазақстанымның» түп нұсқасын орындайтын болады дейді:

– Заман өзгерер, әнұранның мәтіні осылай кете береді деп айтпаймын. Келесі бір президентіміз ақын болып шығуы мүмкін де, ол да мәтінін өзгертуі мүмкін ғой. Сондықтан да менің айтайын дегенім туасы әділдік, шындық орнайды. Осы әнді жазған кезде Шәмші Қалдаяқов айтқан «көресіңдер, осы ән түбінде әнұран болады» деген. Енді міне жарты ғасырдан кейін ақиқат жеңіп отыр. Бірақ шындықтың кешігіп жететіндігі де бар.

Ал баспагер Әшірбек Көпішевтің айтуынша, Шәмші Қалдаяқовтың көзі тірі кезінде әндер жинағы бір-ақ рет басылып шығыпты. Ал оның әлі халық біле бермейтін әндері бар дейді:

– 1981 жылы онда да жолдастары қоршалап, зорлап әкеп Шәмші әндерінің ноталарын баспаға тапсырған. Әйтпесе ол кісіге кітап шығарудың қажеті жоқ.

Ал Мәжіліс депутаты Амалбек Тшан мемлекеттік әнұранның авторларына «халық қаһарманы» атағын беру керек дейді. Егер билік бермесе, онда миллиондаған халықтың қолын жинауға дайынбыз, - дейді депутат Амалбек Тшан.
XS
SM
MD
LG