Accessibility links

Журналист Қазиз Тоғызбаев 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды


Қазақсандағы апталық тәуелсіз басылым - "Азат" газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаевты Алматы қаласы Бостандық аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 318-ші бабының 2-ші тармағы бойынша "Президенттің ар-намысына нұқсан келтірді" деген айыппен 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырды. Қылмыстық істің қозғалуына журналистің былтырғы жылдың сәуір-мамыр айларында жарияланған екі мақаласы негіз болған. Қазақстандық адам құқығын қорғау ұйымдарының өкілдері тәуелсіз журналист Қазақстан билігін сынағаны үшін жауапқа тартылып отыр деп есептейді.

Дүйсенбі күні «Азат» газетінің тілшісі, отставкадағы полковник Қазиз Тоғызбаевтың Алматы қаласы Бостандық аудандық сотына мұқият дайындықпен келгені бірден байқалды. Салтанатты офицер мундирін киген Тоғызбаев екі ауыр жүк сөмкесін айыпталушылар отыратын орынға тақау әкеп қойды.

Тоғызбаевтың сөмкесінің сыртында оның жеке суреті және қаптың ішінде жатқан заттарының, яғни, киімдерінің тізімі жапсырылған. Оған аңтарылып қалған жұртқа:

«Бәріне өте әзір болу керек! Егер дайын болсаң, бәлкім, отырғызбайды. Онда өте жақсы болар еді!» - деп әзілмен мәселенің мән-жайын түсінідіріп жатты журналист Қазиз Тоғызбаев.

Бұған дейін прокуратура Тоғызбаевты жалпыға ортақ режимдегі түрмеде жазасын өтеу үшін 3 жылға бас бостандығынан айыруды және оны сот залында тұтқындауды сұраған болатын. Дүйсенбі күні Алматы қаласы Бостандық аудандық сотының судьясы Наталья Русакова сот шешімін жария етті:

«Сот үкіміне сай «Азат» газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаев Қылымыстық Кодекстің 318-ші бабының 2-ші тармағы, яғни, «Президенттің ар-намсына нұқсан келтірді» деген баппен айыпты деп танылып, 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ үкім күшіне енгенше оның елден шығуына тыйым салатын шара сол күйінде қалдырды».

Журналист Қазиз Тоғызбаев болса, өзін кінәсізбен деп есептеп, әрі қарай қалалық сотқа шағымданбақшы. Ол дүйсенбі күнгі Бостандық аудандық сотының шешімі жоғарыдан келген тапсырыс бойынша шығарылды деп есепетейді.

«Мені ақтап шығулары керек еді. Бірақ, жоғарыдан тапсырма болғандықтан, басқа енштеңе істей алған жоқ», - деді журналист Тоғызбаев.

Қазиз Тоғызбаевтың қоғамдық қорғаушысы Асылбек Қожахметов бұған дейінгі шығарылған саяси астары бар сот үкімдерімен салыстырғанда бұл жолы анағұрлым жұмсақ шешім шығарды деп есептейді:

- Біріншіден, отырғызған жоқ. Сот ҰҚК-нің қызметкерлерін «бірінші сараптаманы заң бойынша өткізген жоқ» деп, жауапкершілікке шақыру бойынша қаулы қабылдады. Екінші жағынан, олар мақсатымызға жеттік деп ойлайды. Мақсаттары - Қазиздің аузын жабу, сөз бостандығын болдырмау. Өйткені, екі жыл ішінде Назарбаевқа қарсы сөз айтпау керек. Айтса, қамап қояды.

Биылғы жылдың тамыз айында журналист әрі оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлі де 2 жылға шартты түрде президенттің ар-намысына тиді деген айыппен бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда, ол әлі күнге дейін өзіне тағылған айыпты - заңсыз, Қазақстан заң нормалары мен Конституция талаптарына сәйкес келмейді деп санайды.

«Сын пікір айтқаны үшін адамды соттау ақылға сыймайды. Президент ел басқарып отырған адам. Оның іс-әрекеттеріне сол елдің азаматтарының әр түрлі ой-пікірлері болуы және оны сыни тұрғыда білдіруі - әр азаматтық конституциялық құқығы. Ал бізде Назарбевтың ар-абыройын қорғайтын арнайы бап бар!» - дейді Ж.Қуанышәлі.

Журналист Қазиз Тоғызбаевтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қылмыстық істі қозғауына журналистің былтырғы жылдың сәуір айының 2-сінде жарияланған «Рим папасы, Астана папасы – айырмашылығын сезініңіз» атты мақаласы және – «Мафиялық тәртіп Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін бүркемелеп отыр» атты мамырдың 3-і күні жарияланған мақаласы себеп болды.
XS
SM
MD
LG