Accessibility links

Бірқатар оппозициялық партия басшылары ІІМ басшысы Бауыржан Мұхаметжановқа ашық хат жолдады


Бейсенбі күні "Нағыз Ақ жол" партиясы мен тіркелмеген "Жалпыұлттық социал-демократиялық" партия басшылары Қазақстанның Ішкі істер министріне ашық хат жолдады. Онда олар сол министрлікке қарасты, қару-жарақ қолдана алатын оққағарлар ұсынатын "Күзет" акционерлік қоғамының түсініксіз себептермен келісім-шартты бұзып, Болат Әбіловті күзетсіз қалдырғанын айтады. Сонымен бірге саясаткерлер Болат Әбіловті соңғы уақытта белгісіз адамдардың сырттай бақылауға алғандығына орай алаңдаушылық білдіреді.

Оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбіловтің сыртынан соңғы кезде күдікті азаматтардың полицияның мәліметтер базасында «жоғалған» деп көрсетілген «А 856PWM» нөмірлі көлікпен аңдып жүргендігі байқалды деді «Азаттық» радиосына бейсенбі күні «Нағыз Ақ жол» партиясының қызметкері Айдос Сарымов:

- Біріншіден, Болаттың артынан бес адам отырған «Мицубиси» машинасы бірнеше күн аңдыған. Аңдыған жерін Болаттың қасында отырған жігіттер жазып алған. Артынан бұл мәселені зерттеп көрсек, бұл машинаның нөмірлері 1997-ші жылдан бері тізімде жоқ болып шықты. Екінші жағынан, Болаттың артынан «қайда ол, не істеп жүр, қайда барасыңдар?» деген сияқты қызығушылық сыңай танытқан жағдайлар болған.

Оның айтуынша, соған қарамастан, Ішкі істер министрлігіне қарасты мемлекеттік лицензиясы бар, қару-жарақ қолдана алатын оққағарлар беретін «Күзет» акционерлік қоғамы Болат Әбіловті күзетсіз қалдырып отыр. Ал былтырғы жылы ақпан айында оппозициялық «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Алтынбек Сәрсенбайұлының қастандықпен өлтірілгенінен кейін Болат Әбіловтің те қауіпсіздік мәселесі алаңдата бастады дейді «Нағыз Ақ жол» партиясының қызметкері Айдос Сарымов:

- Өткен жылғы ақпанадағы қайғылы оқиғадан кейін қасындағы серіктестері мемлекеттік лицензиясы бар, әскери қару қолдануға қақысы бар «Күзетпен» келісім-шарт жасасып, оққағар алуға өтініш жасаған болатынбыз. Содан кейін Болат «Күзетпен» келісім-шарт жасап, қауіпсіздік мәселелерін қолға алған болатын. Өкінішке орай, былтырғы жылы АҚ басшылығы «біз Астанаға көшпекпіз», - деп күзетшілерді беруді тоқтатқан. Бірақ қарасақ, Алматыдағы бизнесмендер, басқалар сол «Күзеттің» қызметін қолданып жүр...

Бейсенбі күні «Нағыз Ақ жол» партиясының жетекшілері Ораз Жандосов, Төлеген Жүкеев, Рысбек Сәрсенбайұлы және тіркелмеген «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясының төрағасы Жармахан Тұқябай Қазақстанның Ішкі істер министрі Бауыржан Мұхаметжановқа жолдаған ашық хаттарын жария етті. Оппозциялық партия басшылары мәлімдемесінде «Күзет» акционерлік қоғамының осы жылдың басынан бектілген келісім-шартты бұзып, Болат Әбліовті күзетсіз қалдыруы - «мүмкін оның саяси әрекеттерімен байланысты болар. Осы компанияда қызмет ететін әлдебіреулер «Астанадан түскені бұйырықтан кейін» келісім-шарттың бұзылуға мәжбүр болғанын айтады» - делінген. Басқа ешқандай объективті негіздемелер жоқ дейді «Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Ораз Жандосов.

«Ішкі істер министрлігі Болатта лайықты күзет болғанын қаламайды деп есептейміз. Өйткені, Болат Әбіловтің оппозциялық партия жетекшісі қызметі сын айтумен байланысты екендігі түсінікті. Ал басқа күзет қызметтері болса, сондай деңгейдегі күзетпен қамтамасыз ете алмайды. Қару-жарақ қолдану мүмкіндігі тек «Күзет» акционерлік қоғамына ғана берілген. Ал бұл кәсіпорын акционерлік қоғам болғандықтан, сұраныс болса, оны қанағатындырулары керек еді ғой», деді Ораз Жандосов.

Ал Республикалық «Күзет» акционерлік қоғамының Алматы қаласындағы бөлім бастығы Ержан Абайдулдаевқа хабарласқанымызда, ол күзет қызметінің бағасының қымбаттауына орай көптеген клиенттерінің өздері кетіп қалғандығын айтады:

«Жаңа жылға бізде баға көтерілді. Бұрын бір адамға айына 60 мың теңге болса, қазір 150 мың. Екі адамға 300 мың төлейді. Сосын 30-40 пайыз клиенттеріміз кетіп қалды. Мүмкін содан шығар. Кетіп қалған клиенттердің арасында шығар...»

«Нағыз Ақ жол» партиясының теңтөрағасы Болат Әбілов бұған дейін бірнеше рет шартты түрде жауапкершілікке тартылған. Соңғы рет былтырғы жылдың шілде айында Теміртау соты оны 3 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған. Қазіргі таңда Болат Әбілов «Бутя-капитал» ісі бойынша да сотқа жауап беруіші ретінде қатысуда.
XS
SM
MD
LG