Accessibility links

Қазақстанда тиым салынған «Хизб ут-Тахрир» ұйымының мүшелері жаппай ұсталып, қамауға алынған

  • Мариям БЕЙСЕНҚЫЗЫ

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан аумағында жұмыс істеуіне тиым салынған «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қызметінің жолын кескендігін жариялады. Қаңтардың 26-күні Қазақстан Ұлттық Қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі Интернет-сайтында жариялаған мәліметінде, өткен жылдың желтоқсан айында аталмыш ұйымның көшбасшылары мен белсенділері ұсталғаннан кейін партияның 55 мүшесі «Хизб-ут-Тахрирдің» идеологиялық бағдарынан бас тартып, үгіт-насихат әдебиеттері мен үнпарақтарын өз еріктерімен тапсырғаны жазылған. Бұл мәселеге байланысты «Азаттық» радиосына пікір білдірген қазақстандық адам құқығын қорғаушылар, қауіпсіздік комитетінің ол хабарламасында, заңмен тиым салынған ұйым мүшелерінің ұсталғаны айтылғанымен, ол азаматтар туралы нақты деректердің жоқтығына назар аударады.

Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөзбен байланыс бөлімінің қызметкері Ислам Бекішев қаңтардың 27-күні «Азаттық» тілшісіне келесі жайтты баяндады:

«ҰҚК қызметкерлері бұған дейін Қазақстанның бірқатар өңірлерінде «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының белсенділерін ұстаған болатын. Сол кезде олардан 25 мыңнан астам үнпарақ пен 700 дана әдебиет, сондай-ақ компьютерлер және типографиялық жабдықтар тәркіленген».

Бекішев мырзаның айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті жақында «Хизб-ут-Тахрир» партиясы белсенділерінің ішінен іздеуде жүрген үшеуін ұстаған.

«Осыдан кейін көп ұзамай «Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қамауға алынған бірқатар мүшелері өз істеріне өкініш білдіріп, аталмыш ұйымның жасырын жерде сақталып келген көбейткіш техникасы кітаптар мен басқа әдебиеттерді шығаруға арналған 2 ризографты өз еріктерімен берді. «Хизб-ут-Тахрирдің» Қазақстан бойынша көшбасшысы тергеу органдарына Қазақстанның аумақтық тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылымын құлатуға және Орталық Азия, Таяу және Орталық Шығыс елдерінде Халифат ислам мемлекетін құруға шақыратын материалдар бар 12 компьютерлік дискіні тапсырды» деп жазылған Қазақстан ҰҚК-нің таратқан баспасөз баянында.

«Ұйымның көшбасшылары мен белсенділері ұсталғаннан кейін партияның Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент, Павлодар, Байқоңыр, Кентау, Сарыағаш және Екібастұз қалаларында тұратын 55 мүшесі «Хизб-ут-Тахрирдің» идеологиялық бағдарынан өзіндік ынталары бойынша бас тартты», - деді ҰҚК өкілі И.Бекішев.

Оның айтуынша, бұл туралы олар өз еріктерімен ҰҚК органдарына жазбаша түрде ресми мәлімдеме жасап, практикалық оқулар мен өзіндік дайындық жұмыстарын жасауға арналған 369 брошюраны, 508 кітапты, 134 журналды, сондай-ақ 390 үн парақты тапсырыпты.

Ал қазақстандық адам құқығын қорғаушылар болса әлгі ұсталған адамдар туралы ақпараттың тым мардымсыз екеніне назар аударып отыр.

«Қазақстан аумағында қызметіне тиым салынған ұйымдардың мүшелері ұсталғанда ол азаматтар ел тұтастығын бұзуға, конституциялық құрылымын құлатуға қандай әрекеттер жасағандығы туралы нақты деректер айтылмайды. Сондықтан, бұл терроризммен күресіп жатырмыз деген ұран астындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өздерін жарнамалау мақсатында жасаған шаралары болып шығуы да мүмкін», - дейді Алматыда орналасқан Қазақстанның адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі бюро жетекшісі Евгений Жовтис.

Бірқатар сарапшылар үкімет тарапынан жүргізіліп жатқан, діни экстремизм қаупіне қарсы күрестің барысына сын білдіреді.

«Қазақстанның құқық органдары қызметкерлері республиканың заңына сәйкес ұсталып жатқан азаматтардың жасына немесе басқа да себептеріне назар аудармайды. Оның бәрі заңға сиымды. Бірақ, осындай іс-шаралардың адамдардың қоғамдық-діни өміріндегі әсерін ешкім зерттеп жатқан жоқ. Бұл тек процессуалдық іс-әрекеттермен шешілмейтін мәселе. Бізде сондай солақай мәселе бар. Әр нәрсені заңмен, санкциямен шешеміз деп ойлайды. Ал адамдар жасап қалыптастырып отырған кез-келген мәселенің шешімін адамдар өздері табады. Ол үшін солармен жүйелі жұмыс істейтін мекемелер болу керек. Осындай ұсыныстарды біз айтып жүрміз. Сонда бізге: «біздің мемлекет зайырлы мемлекет, дін мәселесіне араласа алмаймыз» дейді. Ал діннен мемлекет бөлек болса, неге онда діни ұйымдардың өкілдерін мемлекет тұтқынға алады?», - дейді Ислам дінтанушысы Мұртаза Бұлұтай.

Тағы бірқатар сарапшылар үкімет тарапынан идеологиялық жұмыс әлсіз деп есептейді.

«Хизб-ут-Тахрир» ұйымының қоғамға қауіптілігі жөнінде халық арасында ақпарат жоқ. Алдымен идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Сонда олар халық арасында қолдау таппайды. Өйткені, қанша жылдан бері оларды ұстаса да мүшелері көбейіп жатыр. Бұл жақсы құбылыс емес», - дейді саясаттанушы Қаһарман Қожамберді.

Биылғы қаңтар айының 23-күні Алматыдағы тергеу абақтысының алдына «Хизб-ут-Тахрир» ұйымы мүшелерінің әйелдері жиналып, қамауда жатқан туыстарымен кездестіруді талап еткен еді. Полиция қызметкерлері Қазақстанда тиым салынған діни ұйымның мүшелерін осыдан бір жарым ай бұрын қолға түсірген. Жетпіске жуық адам ел аумағында ұлтараздық дүрдараз тудырған деген айыппен ұсталып, қамалған. Олардың біразы Алматыда, қалғандары өзге қалаларда абақтыда қамауда отыр деді тергеу абақтысының алдына жиналған наразы топ. Олар прокурормен және абақты басшысымен кездесіп, қамаудағыларға тағылған айыппен келіспейтіндерін айтуға талпынғанымен, заң орындары олардың өтінішін қанағаттандырмай, таратып жіберген еді.
XS
SM
MD
LG