Accessibility links

АҚШ президентінің Ираққа қосымша әскер жіберу туралы шешіміне конгрестің түпкілікті жауабы қандай болмақ?


АҚШ Конгресіне демократтар бақылау орнатқалы бері Өкілдер палатасы Ирақ мәселесіне байланысты толық түрдегі пікір сайысты алғаш рет жүргізіп отыр. Президент Буштың Ираққа қосымша әскер жіберу жөніндегі шешіміне қарсы қарарды қабылдау керек пе деген мәселе басты назарда. Бұл сауал дауысқа жұма күні салынбақшы.

Президент Буштың Ираққа қосымша әскер жіберу жөніндегі шешіміне қарсы қарарды талқылау ақпанның 13-і күні басталғаны белгілі. Ол үдеріс 3 күнге созылып, жұма күні дауысқа салынбақшы.

“Жұмсалу мақсаты сұралмайтын ақша, Ирақ мәселесінде, президент Бушқа берілмейді. Біздің салық төлеушілеріміздің долларлары біздің әскерімізді қолдауға, ардагерлерге берген уәделерімізді орындауға және Америка халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс”, деді Өкілдер палатасының төрағасы, демократ Нанси Пелоси ханым.

Депутаттар дауысқа салмақшы әлгі қарар жобасы бойынша президент Джордж Буштың үстіміздегі жылғы қаңтардың 10-ындағы шешімі қабылданбауы керек. Президенттің ол шешімі бойынша Ираққа 20 мыңнан да көп АҚШ солдаттары жіберілуі тиіс. Аталған қарар Ираққа әскер жіберу ісін тоқтата алмайды. Сондықтан бұл мәселе төңірегіндегі дауыс беру де, айтыс та символдық мәнге ғана ие. Алайда, осындай қарардың қабылдануының өзі Буш үшін кері қадам боп есептеледі.

Бұған дейін республикашылар Конгреске бақылау орнатып, Ираққа байланысты бастамаларға қолдау көрсетіп келген болатын. Буш әкімшілігі стратегиясы бойынша Ирақ астанасы Бағдат қаласы мен Ал-Анбар әкімшілігі аймағында қауіпсіздік шараларын күшейту керек болуда. Президенттің қолдаушылары аталған қарар жобасына қатты сындар айтуда.

Президент Буштың жоғарыда айтылған стратегиясын сынаған қарар жобасын республикашыл депутаттар өткен аптада қабылдатпай тастады. Алайда демократтар басшылары Сенатта бұл мәселені таяу уақытта қайта қарайтындықтарын айтуда. Өкілдер палатасындағы демократтар, Буш әкімшілігі сұрап отырған қаржы Ирақта тұрақты базалар салуға жұмсалмайтын болса ғана, ақшаның бөлінуіне келісетіндіктері жөнінде шарт қоюда. Мұның өзі Ирақтағы АҚШ әскерлерінің санын шектеп және солдаттарды келер жылы ол жерден шығаруды Буш әкімшілігінен талап ету жөніндегі демократтардың ниетін білдіруде.

Дей тұрғанмен, Ирақтан әскер шығаруды қаншалықты жылдам жүзеге асыру керек деген мәселе төңірегінде Конгресс мүшелері арасында терең алшақтық бар. Оның бір себебі, әскерді тым тез шығару Ирақта сол мезетте қала тұратын солдаттар өміріне қауіп төндіреді, деген алаңдаушылықтан туындап отыр.
XS
SM
MD
LG