Accessibility links

Журналист Қазиз Тоғызбаев Жоғарғы сотқа шағымданбақ


Бұған дейін Қазақстан Президентінің ар-намысына тиді деген айыппен екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған, тәуелсіз "Азат" газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаев енді Жоғарғы сотқа шағымданбақ. Бұл туралы ол сейсенбі күні "Азаттық" радиосына хабарлады. Оның айтуынша, дүйсенбі күні Алматы қалалық соты Бостандық аудандық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырған. "Журналистер қауіп-қатерде" халықаралық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина "Президенттің ар-намысына тиді деген айып негізссіз, өйткені, Нұрсұлтан Назарабаев неміс журналистермен кездесуінде бұл оқиғадан хабарсыз екендігін айтқан" деп отыр.

Ақпанның 26-сы күні Алматы қалалық сотында «Азат» газетінің тілшісі Қазиз Тоғызбаевтың бұған дейінгі Бостандық аудандық сотының шешіміне қарсы аппеляциялық шағымы қаралды. Бірақ, сот белгіленген күндізгі сағат 2-ден кешігіп, журналистер тарқап кеткеннен кейін, кеш бата әрең басталғанын айтады «Журналистер апатта» қоғамдық ұйымының жетекшісі Розлана Таукина.

«Бізге осылай өте көп уақыт күтіп тұруға тура келгендіктен, істің ұзақ қараламауына орай, сот төрағасына шағым жаздық. Тоғызбаевтың ісінен кейін қойылған істер бұрын қаралып жатты. Соған қарағанда, сот журналистер кетіп қалып, соттың ашық өтпеуін күйттеген тәрізді», - деген болжам айтады Таукина.

Істі қалалық соттың қылмыстық істер коллегиясының үш судьядан тұратын өкілдері қарады.

«Прокуратурадан арыз түспегендіктен, олар сот шешімін қалдыруы немесе оны алып тастауы мүмкін еді. Біз өз шағымымызда маған қарсы процестің заңдық қисыны жоқ екенін, тек саяси қисыны барлығын, яғни, астарлы сипатын көрсеттік. Бірақ, соған қарамастан, сот біздің уәждерімізді қабылдамай, аудандық соттың үкімін өзгеріссіз қалдырып, арызды қанағаттандырмау туралы қаулы шығарды. Енді мен 36 мың теңге соттың шығынын өтеп, аптасына екі мәрте заң инспекторына барып, белгіленіп тұруым керек», - дейді журналист Қазиз Тоғызбаев.

Журналист Қазиз Тоғызбаевтың үстінен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қылмыстық істі қозғауына журналистің былтырғы жылдың сәуір айының 2-сінде жарияланған «Рим папасы, Астана папасы – айырмашылығын сезініңіз» атты мақаласы және – «Мафиялық тәртіп Алтынбек Сәрсенбайұлының өлімін бүркемелеп отыр» атты мамырдың 3-і күні жарияланған мақаласы себеп болған еді. Журналистке қарсы іс қозғап, оны жауапқа тарту оның қызметімен тікелей байланысты екендігін айтқан оның қоғамдық қорғаушысы Асылбек Қожахметов:

- Мақсаттары - Қазиздің аузын жабу, сөз бостандығын болдырмау. Өйткені, екі жыл ішінде Назарбаевқа қарсы сөз айтпау керек. Айтса, қамап қояды.

Қаңтардың 22-сі күні Алматы қаласының Бостандық аудандық соты ҚР Қылмыстық Кодексінің 318-ші бабының 2-ші тармағы бойынша "Президенттің ар-намысына нұқсан келтірді" деген айыппен Қазиз Тоғызбаевты 2 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырған болатын.

«Бірақ, президенттің өзі шетелдік журналистерге бұл оқиғадан хабарсыз екендігін айтқан, сонда Ұлттық қауіпсіздік комитеті кімнің ар-намысын қорғап жүр? Біз сотта Нұрсұлтан Назарбаевқа оның Германияға соңғы сапары кезінде Қазиз Тоғызбаев туралы сұрақ қойған неміс журналистерінің аттарын атадық. Олар біздің өтінішіміз бойынша президентке сұрақ қойған еді, сонда Нұрсұлтан Назарбаев оның мақалаларынан хабарсыз екендігін айтқан. Сондықтан, Президенттің ар-намысын қорлау мәселесі деген жоқ! Бұл ретте неміс журналистері Қазақстан өкілдігіне келіп, анықтама беруге әзір екендіктерін айтқан. Бірақ, сот ешкімді шақырмайтынын білдірді», – дейді Розлана Таукина.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматы қалалық департаменті мен Алматы қалалық сотының қылмыстық істер коллегиясына хабараласқанымызбен, олардан осы мәселеге байланысты қандай да бір түсіндірме алу мүмкін болмады.

Ал журналист Қазиз Тоғызбаев болса, өзін кінәлімін деп есептемейді. Сондықтан ол өз қорғаушыларымен бірге Жоғарғы Сотқа арыз дайындап жатқандығын айтты.
XS
SM
MD
LG