Accessibility links

Ауғанстандағы есірткі егістігі одан әрі өрістеп отыр

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

БҰҰ жанындағы Есірткіге халықаралық бақылау жасау кеңесінің жылдық баяндамасында хабарлағанындай, заңсыз есірткі егістігі өткен жылы өзінің рекордты көрсеткішіне жеткен болатын. Баяндама сондай-ақ есірткі тасымалындағы дәліз боп табылатын көршілес елдердің сұранысын да бұл үдеріс қанағаттандырып отыр дейді.

БҰҰ жанындағы Есірткіге халықаралық бақылау жасау кеңесінің жылдық баяндамасының хабарлауынша Ауған экономикасының үштен бір бөлігін есірткі заттарын өндіру құрап отыр. Венада орналасқан бұл кеңес сондай-ақ Ауғанстанда есірткіні өндіру мен қолдану, сатуға бақылаудың нашарлап кеткеніне орай алаңдаушылық білдіріп отыр.

Аталған проблеманы халықаралық қауымдастықтың көмегімен шешуге ұмтылуға Хамид Қарзай үкіметін кеңес шақыруда. Баяндамада атап көрсетілгеніндей героин өндіруге қажетті шикізат боп есептелетін апиын егістігі Ауғанстанда өткен жылы 50 пайызға өскен екен. Кеңес өкілі Лиқин Жу «Азаттық» радиосына:

«2006-шы жылы Ауғанстанда заңсыз апиын егістігі өз тарихындағы ең рекордтық деңгейіне жеткен еді. Бұл жағдайға кеңес айрықша алаңдауда», - деді.

Апиынның жалпы өнімі 6100 тоннаға жеткен деп есептелуде. Осылайша Ауғанстан әлемдегі басты апиын өндірушіге айналып отыр.

Солтүстік Америка мен Еуропаға жеткізілетін геройнның негізгі бұлағы болумен қатар Ауғанстанның өзі де есірткіні көп пайдаланушы елге айналған. 2006-шы жылдың бас кезінде анықталғанындай, елде бір миллиондай есірткі пайдаланушылар бар екен. Олардың 60 мыңы 15-тен төмен жастағы балалар боп шықты. Елде есірткіге бақылау орнату ісінің жолға қойылмауы салдарынан, дүкен иелері ол есірткі заттарын сөре астынан тығып сата береді екен.

Есірткіге тәуелділік құбылысы Таяу Шығыс пен Орта Азия елдерінде де белең алып барады. Жу ханымның айтуынша, героин қолданушылардың әлем бойынша жартысынан көбі Азияда тұрады екен. Мысалы, Иранда бір миллион 200 мыңдай есірткі қолданушылар бар көрінеді.

Қырғызстан мен Қазақстанда да жағдай алаңдатарлық дәрежеде. Мысалы, Қырғызстанда 50 мыңдай есірткіге тәуелділер бар көрінеді. Оның 12 пайызы - 18-ден төменгі жастағылар.

Ташкентте орналасқан БҰҰ-ның есірткі және Қылмысқа қарсы күрес кеңсесі өкілі Джеймс Калаханның айтуынша, Ресей асып, Еуропаға жалғасатын жол арқылы Ауғанстаннан жеткізілетін есірткінің кем дегенде 20 пайызы Орталық Азия арқылы өтеді екен.

Есірткіні ине арқылы қабылдау барысында, лас құралдарды пайдалану кесірінен, ВИЧ/ СПИД аурулары да бірге таралады. Есірткі тасымалында үлкен ақшаның жүретіндігі себепті, қоғамдық ресми өкілдер есірткі тасымалдаушыларды жазадан құтқару үшін, олардан пара алып отырады. Сондықтан аймақтағы үкіметтердің бұл есірткі тасушылармен күреске жұмыла, бірге кірісулеріне Калахан шақыруда. Себебі, әлгіндей заңсыз іспен айналысатындар шекара дегендеріңізге мән беріп, қарамайды екен.
XS
SM
MD
LG