Accessibility links

Астанадағы «Эра» телеарнасының тілшісі мәдениет және ақпарат министрін, ал министрлік осы телеарнаны сотқа берді


Астанада наурыздың 7 күні «Эра-ТВ» телеарнасының тілшісі Юлия Исакова Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаевты сотқа берді. Бұл туралы наурыздың 7-күні осы телеарнаның бас директоры Мірболат Күнбаев хабарлады. Оның айтуынша, министр тілшіге ақпарат бермей жұрттың көзінше қуып шыққан. Сол үшін сотқа жүгінуші министрден моральдық шығын ретінде бір теңге өндіріп алуды талап етіп отыр. Әйткенмен, кейбір сарапшылар бұл дау-дамайдың астарында олигархтық топтардың бірінің қатысы болуы мүмкін деген ой айтады.

Бұл даудың шығуына о баста телехабарлар тарату жиіліктееріне жарияланған тендерді өткізу түрткі болды. «Эра» телеарнасының директоры Мірболат Күнбаев, тележиіліктер жөніндегі тендерде байқаулық комиссияға кірмейтін адамдар қатысып, керісінше, оның мүшелері болып табылатын бірнеше адам тендер бітпей жатып кетіп қалғанын айтып отыр.

«Тендерге қатысқандардың барлығы президент әкімшілігіне жазылған хатқа қол қойғысы келген, бірақ оған «31 телеарна» басшысы Нұржан Мұхаметжанова және менің ғана батылдығымыз жетті. Әлбетте, біз оның салдарынан сескендік, өйткені, министрдің үлкен әкімшілік ресурсы бар екенін біз түсінеміз», - дейді М.Күнбаев.

Алайда мәдениет және ақпарат министрі Ермұхамет Ертісбаев «Эра» телеарнасы директорының айтқаны шындыққа сай келмейтін жала деп отыр.

«Ол отырсықа комиссияның 19 мүшесінің 12-сі қатысты. Оның [Күнбаев] өтірік соққаны үшін мен оны сотқа да беруіме болады», - деді министр Ертісбаев.

Ал «Эра» телеарнасының өкілі болса сол тендерге тігілген 12 жиіліктен үміткер 73 компания болғанын, бірақ олардың тек 30 пайызы байқауға қатысқанын алға тартады.

«Қалғандары құжаттары дұрыс болмады деген сылтаумен қатыстырылмады. Бұл тендерде Павлодарлық «РИА арна» жеңімпаз атанды. Бірақ, «Интерньюс» және Ұлттық телерадиохабар таратушылар қауымдастығының мәліметінше, бұл арнаның қазақ тіліндегі хабарлары 7 пайыздан аспайды. Соған қарамастан тіл балансын және авторлық құқықты бұзатын арнаға Қазақстан бойынша 7 қала, соның ішінде Алматы мен Астана да берілді», - дейді «Эра» телеарнасының директоры Мірболат Күнбаев.

Журналистер одағының төрағасы Сейтқазы Матаев та сол жолғы тендерде заң бұзғандығына қарамастан Павлодарлық телеарнаға бірнеше жиілік берілгенін сынап отыр:

- Мен бұл телеарнаның артында «Еуразиялық өндірістік қауымдастығы» қаржы тобы деген сөзді естідім. Ал ол топқа Александр Машкевич жетекшілік ететіні белгілі. Бұрын мен телехабартаратушылар комиссиясының мүшесі болғанда, маған да сол жақтан жігіттер шыққан болатын, Павлодарлық «Ирбис» арнасына тележиілік берейік деген ұсыныспен, бірақ оған қарсы болдық. Қазір, Ертісбаев келген соң, ел көлемінде жөнді ешкім білмейтін Павлодардағы бір компанияға республикалық жүйеден шығуға рұқсат берілейін деп жатыр. Ал, оның жұмысы қолданыстағы заң талаптарына қаншалықты толық сәйкес келетіні - даулы мәселе.

Кейбір бақылаушылар «Еуразиялық өндірістік қауымдастық» тобының жетекшісі миллиардер Александр Машкевич Қазақстан билігіне жақын болғандықтан тек жағымды жаңалықтар тарататын арна ашады деген пікір ұстанады. Ал, халықаралық «Интерньюс» телевизия мектебімен байланысы бар «Эраға» қатысты көзқарас өзгеше.

Оның жетекшісі М.Күнбаев тәуелсіз «Эра» телеарнасына дейін Ақтөбеде «Рик» атты телеарна құрған. Бірақ, осыдан бірнеше жыл бұрын, сол облыстағы билік басындағы шенеуіктермен соттасып, қыспаққа ұшыраған Күнбаев «Рик» телеарнасын сол кездегі облыс басшылары айтқан адамдарға сатқан деген ақпарат жарияланған болатын. Ал қазіргі «Эра» телеарнасының жұмысына қатысты Күнбаевтың өзі: «арнаның мемлекеттік арналарға қарағанда ашық екендігі рас, бірақ алаңдауға себеп жоқ, себебі, біз президенттің қоғамдық демократияландыру бағытындамыз» дейді.

Мәдениет жәене ақпарат министрлігінің ақпарат, мұрағат комитеті төрағасының орынбасары Саят Нұрахметов болса, бұл мәселелер бойынша әзірге ақпарат бермейтіндігін білдірді:

- Ресми түрде пәлен деп айтуға ертерек шығар әлі.

Сонымен бірге Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрлігі Астананың экономикалық сотына «Эра» телеарнасының жұмысы 3 айға тоқтатылсын деген талаппен шағым бергені мәлім болып отыр. Министрлік бұл телеарна «Қазақстанның тілдер туралы заң талабын бұзып отыр» деп санайды. Алайда телеарна басшылығы министрліктің сүйеніп отырған деректері дұрыс емес деген қарсы уәж айтады.
XS
SM
MD
LG