Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы президенттің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтың әлі де Австриядағы Венада елшілік қызметте екенін және ол туралы қандай да шешім әзірге қабылданбағанын хабарлады. Ал кейбір қазақстандық сарапшылар «Рахат Әлиевке қарсы ашылған қылмыстық іс аяғына дейін бармауы мүмкін, бұл президенттің елде кім қожайын екенін көрсеткісі келген жәй әрекеті ғана» деген болжам айтады.

Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевке қылмыстық іс ашылумен билік басындағы жанұя төңірегінде бұрын соңды болмаған дау басталғанға ұқсайды. Қазақстан ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі «әрине, ол сот сұрақтарына жауап беру үшін болса да, елге келуі тиіс, бірақ ол әзірге елші мәртебесімен қорғалған. Әзірге тергеушілер осы іске қатысты басқа азаматтармен жұмыс жасап жатыр» дейді. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ильяс Омаров бұл мәселені әзірге талқылау ерте деген жауаппен шектелді.

Венада жүрген Рахат Әлиев болса БиБиСи-ге берген сұхбатында «мен үшін маған қарсы ашылған сот ісі күтпеген жағдай болды және де ол істе ешқандай логика жоқ.. Мен барлық тергеу әрекеттері мен сұрақтарға ашықпын» дей келіп, «әрине, Қазақстанның бірінші президенті елге көп еңбек сіңірді, бірақ менде жеке тұлға ретінде елдің дамуына деген өзіндік көзқарасым бар» деп жауап беріпті.

Сонымен бұл дау нені аңғартады? Осы сұрақпаен біз Қазақстанның бірқатар сарапшыларынан пікір сұраған едік. Алматыда шығатын «Мир Евразии» журналының бас редакторы Эдуард Полетаев:

- Рахат Әлиевтің өзі де, оның беделі де 2001 жылы «Қазақстанның демократиялық таңдауы» атты қозғалыс пайда болған кезден бері бірнеше даудың арқауы болды. Бірақ ол соттарда Рахат жеңіп келді. Ал, шын мәнінде, оның әртүрлі лауазымды қызметте жүрген кездерінде, айталық Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басшылығында болсын, бизнесте жүрген кезі болсын - одан тегеурін көргендердің ызасы ұзақ жылдары қордаланған. Сондықтан қазіргі бұл оқиғаны қарымта жауап деуге де болар еді. Басы бизнестік таластан басталған дау қазір саяси сипат алып бара жатқандай. Қазір екінші элиталық топ пайда болып, олар ішкі істер министрлігі мен прокуратура сияқты қуатты ресурстарын пайдаланып, өз талаптарын негіздеп жатыр. Бірақ, меніңше, бұл процесс президент тарапынан бақылаулы және ол осы топтар арасындағы тепе-теңдікті сақтау үшін үнсіз келісіп отырған сияқты, - дейді.

Алматыда орналасқан «Тәуекелді зерттеу орталығының» директоры Досым Сәтпаев бұл қозғалған істің сотқа жете қоюы неғайбыл деп санайды.

- Бұл президент тарапынан бұдан былай мұндай іс-әрекеттеріге ол көз жұмушылықпен қарамайтынын білдірген секілді көрінеді, ал шын мәнінде, осы әрекеті арқылы ол елдегі ахуалды бақылап отырғандығын, туыстығына қарамай, кім болса да орнына қоя алатынын аңғартқандай көзбояушылық әрекеті, - дейді Сәтпаев.

Ал Полетаев болса, егер тергеу барысында Рахат Әлиевтің қарамағындағы адамдар оған қарсы көрсетулер беріп, іс шынымен сотқа дейін жетіп, түрме қауіпі төнсе, Әлиев шетелде жоғалып кете салуы мүмкін екенін айтады.

- Қазақстан тарихында Қажыгелдиннен бастап ондай бірнеше адам болған, - дейді саясаттанушы Э.Полетаев.
XS
SM
MD
LG