Accessibility links

«Нұрбанк» төңірегіндегі қылмыстық істерге байланысты тағы 5 адам тұтқындалды


Қазақстандағы коммерциялық «Нұрбанктың» бұрыңғы басшыларын ұрлау жөніндегі қылмыстық істерге байланысы бар деген күдікпен тағы 5 адам тұтқындалғаны туралы Астанада маусымның 18 күні Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов хабарлады. Оның айтуынша, тұтқындалғандар Қазақстан президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің басшылығымен «Нұрбанк» компаниясының бұрынғы басқарушыларын, яғни, қос банкирді еркінен тыс қамауда ұстап, азаптаған деп күдіктеледі.

Биылғы жылғы ақпан айында коммерциялық «Нұрбанк» компаниясының бұрынғы басқарушыларының зайыптары баспасөзге жасаған мәлімдемелерінде, банктің акционері, президент Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев қос банкирді еркінен тыс қамауда ұстап, азаптағаны жайлы айтқан болатын. Ал Рахат Әлиев болса, ондай айыптауларды жоққа шығарып, бұл жала деп, әлгі екі әйелді сотқа берген еді.

Қаңтардың соңынан бері із-түссіз жоғалып кеткен банктың бұрынғы басшысы Жолдас Темірәлиевпен бірге банк қызметкері Айбар Хасеновтың қайда екені әлі күнге дейін белгісіз қалып отыр. Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов «олар табылмады ма?» деген сұраққа, «әзірге тергеу мәселесіне орай бұл сұраққа жауап бермейміз», деп жауап қатты маусымның 18-күнгі брифингте. Бірақ, Қожахметов, соңғы қамауға алынғандардың үшеуі «Нұрбанк» компаниясының бұрынғы басқарушыларын ұрлауға тікелей қатысқан, ал екеуі рейдерлік әрекеттер жасады деп күдіктеліп отырғанын айтты:

- Үшеуі банк ғимаратынан Темірәлиев пен Хасеновты ұрлауға қатысқан азаматтар. Айтып кетсек, Құрман Әкімқұлов «Алматур» фирмасының бастығы, бұл азамат ұрланғандардың мүлкін заңсыз меншіктеген. Сондай-ақ, қант зауытының бұрынғы жұмыскері Асхан Бекмұратов және «Нұрбанктың» қауіпсіздік қызметінің бұрынғы басшысы Олег Бекбатыров. Қамауға алынғандардың көрсетуіне орай, банк қызметкерлерінің ұрланған уақыты және қамауда ұстап оларға зорлық-зомбылық жасаған орны анықталды. Қазір 2007 жылы 18, 19, 31 қаңтар күндері жасалған қылмыстар бойынша жаңа фактілер және Рахат Әлиев басқарған қылмыстық топ толық анықталып отыр.

«Нұрбанктың» бұрынғы басқарма бастығы Әбілмәжін Ғылымовтың ағасы Самат Ғылымовтың айтуынша, оның інісі өз меншігіндегі «Нұрбанк» құнды қағаздарының 8 пайызын Рахат Әлиевтің қорқытуынан кейін оның отбасы мүшелеріне беруге мәжбүр болған. Оның сыртында, қысым жасаудан кейін «Нұрбанк» ғимараты арзан бағаға сатылған, дейді Әбілмәжін Ғылымовтың ағасы Самат Ғылымов.

Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өкілі Серікбай Әлібаев Рахат Әлиевтің рейдерлік әрекеттері туралы әңгіме 2001 жылы пайда болғанын еске алады. Ал, қазір жағдай ушығып кетті, дейді саясаткер Әлібаев:

- 2001 жылы дәлелі аз болды. Ал қазір қиын болып кетті. Менің ойымша, мұнда кісінің өлімі болып отыр. Қазір үлкен дәлелді президентке көрсетіп, үлкен екі күш күреске түсті. Ғылымов, мысалы, Иманғали Тасмағанбетовтың (Алматы әкімі) туысы.

«Рейтердің» хабарлауынша, «Нұрбанк» құнды қағаздарының сыртында Рахат Әлиевтің меншігінде бірнеше қант зауыттарының және қант саудасында әлем алыбына айналған франциялық «Sucden» компаниясы құнды қағаздарының 10 пайызы бар. Оппозициялық партия өкілі Серікбай Әлібаев елде соңғы тұтқындалғандар осы мүлікке таласып жатқан екі ірі күштің күресіндегі құрбандар болуы мүмкін деп топшылайды:

- Екі күш күрескенде арасында шыбын өлуі мүмкін. Олар ұсталып жатқандар, түрмеге барып жазасын алатындар.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, мүлік қазірде бөлініп жатыр. Қазақстанның қаржы рыногын бақылау және реттеу агенттігінің ресми мәліметінше, президент Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаева мен оның баласы Нұрәлі Әлиев 12-ші маусымнан бастап «Нұрбанктың» ірі акционерлері боп танылды.

«Нағыз Ақ жол» партиясының Астанадағы филиалының төрағасы, экс-сенатор Уалихан Қайсаров бұны заңға қайшы деп санайды:

- Егер шынымен заңмен жүргізілетін іс болса, онда бизнесмендерден тартып алынған мүлік сот арқылы мемлекет меншігіне берілу керек. Президент қызына бермей, халыққа шығып «Рахат бүйтті-сүйтті» деп жариялау керек. Оны бізге айтпай жатыр.

Осылайша, қазақстандық кейбір сарапшылар Рахат Әлиев төңірегіндегі соңғы оқиғалар мүлікке таласты көрсетеді деп отыр.
XS
SM
MD
LG