Accessibility links

Грузия Ирақтағы жасағын екі есеге көбейтті

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

АҚШ бастаған Ирақтағы коалиция құрамындағы өз жасағы санын, осыдан екі ай бұрын, Грузия екі есеге көбейтті. 2000-дай әскерилер санымен, осылайша Грузия елі Ирақта жасағы тұрғын 3-ші ірі елге айналып отыр. Оның алдында АҚШ және Британия бар. Мұндай қадам ресми Тблиси үшін біріншіден, әскерін нақты жаттығудан өткізу үшін, екіншіден НАТО-ға Грузияның тезірек мүшелікке өтуіне жағдай жасау үшін қажет болуда.

Грузия бейбітшілік күштері қазір Иран-Ирақ шекарасына жақын жерде, Ирақтағы Вазит губерниясының әл-Қут қаласында тұр. Міндеттері - заңсыз қару тасымалына жол бермеу. Мұндай жауапты жұмысты олар Ирақ әскерилерімен бірге атқаруда. Салыстырмалы түрде бұл аймақта жағдай тыныш екен. Грузия жасақтары Ирақта 2003-ші жылдың тамызынан бері тұр. Олар негізінен Бақуба және Бағдаттағы Жасыл аймақты қорғау істерімен айналысып келген-ді. Алғашқы айларда Ирақта Грузияның тек 79 солдаты бар еді. Биылғы жылдың маусым айында бұл ел парламентінің Қорғаныс және Қауіпсіздік комитеті Ирақтағы Грузия әскері санын 850-ден 2000-ға жеткізу жөнінде бірауыздан дауыс берген болатын.

Грузияның батысшыл бағыттағы президенті Михайл Саакашвили Ирақтағы әскер күшін одан әрі көбейтуге үстіміздегі жылдың басында уәде берген болатын. “Грузиндер ешнәрседен, ешқашан қашқан емес. Тіпті ең күрделі жағдайда да. Біз жай ғана қатысып қоймай, келер жыл ішінде Ирақтағы күштерімізді одан әрі көбейтеміз. Келер жыл- әскери шаралар тұрғысынан шешуші кезең”,- деген еді Саакашвили. Мұндай қадам АҚШ және НАТО-мен қарым-қатынасын ресми Тблисидің жақсартуға ұмтылысы ретінде бағаланып отыр. НАТО-ға мүшелікке Грузин елі көптен бері ұмтылып келе жатқандықтан өзінің әскери мүмкіндіктерін жетілдіріп, сондай-ақ Батыспен әріптестігін нығайтуға тырысуда.

Саакашвилидің аталған шешіміне орай сындар Грузияда күшейе түсуде. Тіпті президенттің Батысшыл бағытын қолдайтын саясаткерлер де бұған қарсы. Мысалы, парламенттегі оппозициялық топ, яғни Грузиядағы жаңа Оңшыл қанаттың мүшесі Мамука Кацитадзенің айтуынша, өзге елдер жасақтарын Ирақтан жартылай немесе толықтай шығарып жатқан кезде, Грузия әскер санын екі есеге көбейту деген ақылды шешім емес. Шығарушылардың қатарында НАТО-ға мүшелікке ұмтылушы Украйна да бар, дейді депутат. Әскерін шығаруға шешім қабылдағанына қарамастан Украйна мүшелік мәселесінде бізден озып кетті, деді Кацитадзе. Бұған дейін Ирақтағы Грузиялық бірде-бір солдат қаза болған жоқ. Соған қарамастан солдаттарының қатер өтінде екендігін Грузия ресмилері мойындап, ал қарапайым тұрғындар алаңдаулы.
XS
SM
MD
LG