Accessibility links

Мәскеу соты елден қуылу қаупі төнген өзбек босқынын босатты


Өзбек босқыны Яшин Жораевтың ісін қараған Мәскеу қалалық соты қыркүйектің 11-і күні оның үстінен қозғалған істі доғарып, өзін дереу қамаудан босату туралы шешім қабылдады. Я.Жораев - өзін тіркелмеген исламшыл ұйыммен байланысы бар деп айыптаған ресми Ташкенттің сұрауы бойынша осы жылдың басында Мәскеуде тұтқындалған болатын.

Мәскеу қалалық сотының шешімі келіп түскен соң Яшин Жораев Мәскеудің қалалық ішкі істер басқармасының шетел азаматтарын ұстайтын “Северный” деп аталатын № 1-інші Орталығынан сот өкімі қабылданған күні кешкісін бостандыққа шықты.

Мәскеу қалалық сотының судьясы К.М.Максимов Өзбекстанның азаматы болып табылатын Я.Жораевты әкімшілік тәртіппен Ресейден шығару туралы қаланың Мещан аудандық сотының 30-ыншы тамыздағы шешімін бұзды. 41 жастағы Я.Жораевқа өзінің туған қаласы – Ташкентте ресми тіркелмеген “исламшыл “Таблиғи жамоат” ұйымының мүшесі болды” деген айып тағып отыр. Ол өзбек үкіметінің сұрауы бойынша қаңтар айында Мәскеуде қамауға алынды. Ресей прокуратурасы Я.Жораевты Өзбекстанға ұстап беру туралы сұрауды қанағаттандырмайтын шешім қабылдауының ізінше 30-ыншы тамызда Мәскеу қаласының Мещан аудандық соты оны әкімшілік жолмен Ресейден шығару жөнінде шешім қабылдады.

Штаб-пәтері Мәскеуде орналасқан Азаматтық көмек комитетінің саяси босқындарға көмек көрсететін бағдарламасының Орта Азия бойынша директоры Елена Рябинина “Азаттық” Радиосына берген сұхбатында Я.Жораевтың ісі жабылғанын хабарлады.

Е.РЯБИНИНА: “Мәскеу қалалық соты оның іс-қимылында әкімшілік тәртіп бұзудың болмауына байланысты оның ісін доғару туралы шешім қабылдады”.

Өткен аптада “Азаттық” Радиосына осы Е.Рябинина хабарлағандай, адамның құқын қорғайтын Страсбургтегі еуропалық сот 4-інші қыркүйек күні Я.Жораевтың адвокаты Марина Морозоваға және оған қарама-қатар Ресей үкіметіне өзбек босқынын елден шығару туралы шешімін уақытша тоқтата тұру туралы құлақтандыру жолдаған. Е.Рябинина атап көрсеткендей, Я.Жораевтың бостандыққы шығуы – осындай істегі “ең бірінші оқиға” болды және ол болашақта осындай істерге үлгі-өнеге болуы да мүмкін. Мысалға Өзбекстанның сұрауы бойынша тағы бір өзбек азаматы Рустам Момыновты, Ресей жағының оны ұстап беру туралы шешім қабылдауына Страсбургтегі Еуропа сотының қарсылық білдіруіне қарамастан, өткен жылдың қазан айында Ташкентке күштеп ұстап берді. Ташкент қаласының тұрғыны Я.Жораев болса - “тыйым салынған діни ұйымның мүшесі болды” деген айыппен 2004-інші жылдың қазан айында Өзбекстанға тұтқындалып, айыппұл төлеген соң көп ұзамай бостандыққа жіберілді. Бірақ өзін тағы да қамауға ала ма деп қорқып, 2006-ншы жылдың басында Ресейге қашып кетті.

Я.Жораев Ресей үкіметіне және БҰҰ-ының босқындардың істері бойынша Жоғарғы Комиссариатына өзіне босқын мәртебесін беруді сұраған өтініш берді. Өткен наурыз айында Ресейдің миграция қызметі оған босқын мәртебесін беруден бас тартты. Ал БҰҰ-ының Жоғарғы Комиссариаты оның өтініш әлі қарау үстінде. Жоғарғы Комиссариаттың шенеунектері өзінің өтінішін сонау жыл басында – ақпан айында берген Я.Жораевпен тек 6 ай уақыт өткенде – 4-інші қыркүйекте ғана көрісуге рұқсат алды. Елена Рябининаның мәлімдеуінше, Я.Жораев бостандыққа шыққанымен де, оның басына төнген қатер әлі сейілген жоқ.

Е.РЯБИНИНА: “Қазіргі жағдайда оның бас амандағы туралы проблемасы, әрине, күн тәртібінен әлі түскен жоқ. Өйткені, кез-келген уақытта кездейсоқ жағдайдың болып қалуын біз түсінеміз”.

Е.Рябинина осыған дейін де Өзбекстан мен Тәжікстанның қауіпсіздік қызметтерінің сұрауымен Ресейде талай өзбек және тәжік азаматының астыртын түрде тұтқындалып, өз елдеріне күштеп жіберілгенін мысалға келтіреді.

Яшин Жораевты “мүшесі болды” деп айыптаған ресми тіркелмеген “Таблиғи жамоат” ұйымы – 1920-сыншы жылдары Нью-Делиде (New Dehli) дүниеге келді. Ұйым 20-сыншы ғасырдағы ислам әлемінің ықпал-беделді тұлғаларының бірі болып есептелген Маулана Мохаммад Ильястың (Maulana Mohammad Ilyas) бастамасымен құрылды. Қазір бұл ұйым – Нью-Делиде және Бангладештің астанасы – Дака қаласында орталықтары бар халықаралық құрылымға айналды және осы күні өзге елдерде, оның ішінде Орта Азияда белсенді әрекет етеді.
XS
SM
MD
LG