Accessibility links

Иран: елшіліктен кепілдікке түскен бұрынғы АҚШ азаматының кісі ұрлаушыларға “еш өкпесі жоқ”


Шеруге шыққан студенттер 1979-ыншы жылы Теһрандағы АҚШ елшілігіне басып кіріп, АҚШ азаматын кепілдікке алған кезде Джон Лимберт (John Limbert) елшілікте саяси қызмет атқаратын. АҚШ дипломаты тұтқында кепілдікте 444 күн отырды. Иранның уәжге келуді білмейтін жаңа Ислам режимі студенттердің мұндай әрекетін қоштап-қолдады. Кепілдіктен босатылған соң Дж.Лимберт Мавританиядағы АҚШ елшісі болып, Алжир, Джибути, Иран, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сынды елдерде 33 жыл бойы жұмыс атқарып, дипломатиялық қызметтен 2006-ншы жылы кетті. 2006-ншы жылы Американың әскери-теңіз училищесінде оны халықаралық қатынастардың көрнекті профессоры деп атады. 4-інші қараша күні АҚШ азаматының Иранда кепілдікке түсуіне 28 жыл толды. Соған байланысты “Фарда” Радиосының тілшісі дипломат Джон Лимбертпен сұхбат өткізген болатын.

Ең алдымен, маған сұрағын жазуға асықпаған баршаға өзімнің дән ризалығымды білдіруге рұқсат етіңіз! Барлық сауалға жан-жақты жауап беруіме уақыт пен мүмкіндіктің жоқтығына өкінішімді айтуға мәжбүрмін. Әйтсе де мен мүмкіндігінше көп сауалға жауап беруге бар күшімді саламын.

Флоридада тұратын Меһди сынды бірнеше автор болған оқиғаға (Теһрандағы АҚШ елшілігінен кісіні кепілдікке алған оқиға) өздерінің не өкініштерін білдіреді, не кешірім сұрайды.

- Қадірлі достар, менен кешірім өтінудің ешқандай қажеті жоқ... Ия, сол кезде біздің басымызға түскен тағдыр қиын да “адамды шошытқан еді”, ал менің есептеуімше, сол оқиғалардың нәтижесінде Иран халқының басынан кешкен тағдыры одан әлдеқайда ауыр болды. Егер болашақта қандайда бір кешірім сұралатын болса, оны Иран халқы үшін өзін жауапты санайтын кісілер сұрауға тиіс. Мен, сонымен қатар, Меһдидің өкініш білдіруімен келісемін. “Адамды кепілдікке алған әрекетін Иран халқы мақтан етуге тиіс” деп жазған Теһранда тұратын Араштың сөзімен мен түбегейлі келіспеймін. Нені мақтан етеді? – “Ешкім өзінің қонағын ешқашан өкпелетпеуге тиіс”, әсіресе “қонағының амандығы үшін әркім өз басымен жауап береді” деген қасиетті ұлттық салт-дәстүрдің бұзылуын мақтан ете ме? 1980-інші жылдың қыркүйегінде Ирақ президенті С.Хуссейн Иранға шабуыл жасаған кезде, Иран халқының жанында досы болмай, Иранның халықаралық сахнада оқшау қалуы мақтаныш па? Иран халқы үшін өзінің шығармашылық шабыты мен бар дарынын кең таныта алатын жарқын өмір мен ашық қоғам қалыптастыру мүмкіндігінен айрылуын мақтан ету керек пе? Елден миллиондаған ирандықтың қуылуы мақтаныш па? Біз ақиқатты тура айтуға тиіспіз: бұл бүкіл бір ұлттың қасыреті болды!

Досым Ширази Короуш (Shirazi Koroush) менің “Хафездің жасындағы Шираз” деген еңбегім туралы сұрапты.

- Короуш, бұл - біз 4 жыл бойы тұрған және ұлымыз дүниеге келген сіздің ғажайып қалаңызға деген махаббатым туралы шығарма болатын. Шығарма қаланың Хафез тұсындағы мәдениетін, саясатын және географиясын қайта жаңғыртады. Ғалым Гомоюн Санатизаде (Homoyoun Sanatizadeh) мырзаның арқасында бұл шығарманың парсы тіліне аударылғанын Сізге хабарлауға өзімді бақытты санаймын.

Теһранда тұратын Араш (Arash) пен Арманшаһрда (Armanshahr) тұратын Масуд (Mas'ud) екеуі Ирақ Күрдістанындағы Ирбиль қаласында орналасқан Иран консульдігіне АҚШ әскерінің таяуда шабуыл жасағанын еске салыпты.

- Қызметінен кеткен болса да, дипломат ретінде мен ондай оқиғаларды көруді жаным сүймейді. Өкініштісі, сауал қойылған соң, жауап та айтылуға тиіс: Сіз нені ексеңіз, соны орып жатырсыз...

Теһранда тұратын Моһсен (Mohsen): “Төңкеріске дейін және одан кейін адамды кепілдікке алуға себеп болған АҚШ-ты оның қандай іс-әрекеті үшін және қаншалықты айыпты санайсыз?” - деп сұрайды.

– Жеке өзімнің ойым бойынша, Америка Құрама Штаттарының төңкеріске дейінгі (1953-інші жылғы төңкерісті, Иран шахын көз жұмып қолдау, қыруар қаражатқа қару-жарақ сату, т.т.) Иранда істеген әрекетінің басым көпшілігі жай қателік емес, масқара болатын. АҚШ-тың өзге бағдарламаларынан – ІV-інші Бейбітшілік корпусы, ғылым, білім беруді мен мақтан тұтамын. Төңкерістен кейін біздің қарым-қатынасымызды бір-бірімізді құрметтеу, тепе-теңдік негізінде жақсартуға мүмкіндік болды. Кісіні кепілдікке алу мен оның салдары, алайда, жақсы қарым-қатынас орнату мүмкіндігін жоққа шығарды.

Мешһадте (Mashhad) тұратын Хамид (Hamid) өзінің елшілікті басып алуға қатысқанын жазыпты.

- Хамид, оған қатысқандарға менің ешқандай өкпем жоқ. Оған айыптылар - өздерінің ортасында қонағы болып тұратын дипломаттарды қорғау міндетін атқарудан бас тартып, қазір Иран билігінің басында отырғандар, және одан да жаманы – өздерінің саяси қарсыластарын қаралап, өздерінің экстремистік билігін нығайту үшін олар кепілдікке алынған кісіні саудаға салды.

Токиодан Фархад (Farhad) деген азамат: “1953-інші жылдың тамызындағы төңкерісті Иран халқының басым көпшілігі ұмытқан жоқ және ол үшін Американы кешірмейді. Кісіні кепілдікке алғаны үшін америкалықтар да дәл солай ойлай ма?” деп сұрайды.

– Ең өкініштісі, ондай нәрсенің барлығы рас. Бірақ олай болуға тиіс емес. Менің есептеуімше, оған америкалықтардың да, ирандықтардың да қалауы бар. Біз өткен 30 жыл бойы істеп келгеніміздей, біз бір-бірімізге еш нәтиже бермейтін айыптар тағып, қаралай беруімізге болады. Бірақ бұл ешқайда бармайтын жол. Немесе біз өзге жолға түсіп, бұрын орны болған оқиғаның көзімізге шел болмауы керектігін, ондай жолдың екі елге де, екі халыққа да пайда бермейтінін мойындауға тиіспіз. Ендеше бар проблеманы, өза арамыздағы барлық проблеманы тиянақты талқылау екі жаққа да әлдеқайда пайдалы болады.
XS
SM
MD
LG