Accessibility links

Куәгер Жұмаділдаева алдыңғы тергеуде берген жауаптарынан сотта бас тартты

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күні Алматыдағы Алмалы аудандық сотында «Нұрбанктың» бұрынғы жауапты қызметкерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтың ұрлануына байланысты ел президентінің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен өтіп жатқан сот ісінде биылғы 31-қаңтар күнгі «Нұрбанкте» болған «адам ұрлау» оқиғасы төңірегіндегі куәлардан сұрақ-жауап алу басталды. Сол күні Жолдас Темірәлиев банктың жаңа басшысы Гүлмира Жұмаділдаеваға іс-қағаздарды табыстау үшін банкқа келіп, содан бері банктың шаруашылық меңгерушісі Айбар Хасенов екеуі із-түзсіз жоғалып кеткен болатын. Сот барысында осы оқиғаға байланысты куә ретінде жауап берген Жұмаділдаева ханым, алғашқы берген көрсетулерінен бас тартып, «еш нәрсе көрген жоқпын, еш нәрсе естіген жоқпын» деп шықты.

Сәрсенбі күнгі сот отырысына жауап беруге келген Гүлмира Жұмаділдаева өзінің алдын-ала тергеу барысындағы берген көрсетулерінен бас тартты. Ол тергеу барысында «Рахат Әлиевтің бөлмесі жағынан үрейлі ер адамның айқайлағанын естігенмін» деп жауап берген. Ал осы эпизод бойынша жауап берген басқа куәлар ондай айқай шынымен шыққанын, сонымен қатар сынған шынылардың дыбысы естілгені, одан кейін теледидар бар дауысына қосылып қойғанын, сол күні банк қызметкерлерін ерте қайтарып жібергенін түгелімен растап берді. Тіпті осы банкта шай құйушы – даяшы боп қызмет атқарған Айнұр Ыдырысова өзін сол күні Жолдастың кабинетіне кіргізбей, шайды Нұрәлі Әлиевтің оққағары апарғанын, есік алдында киімілгіште ілулі тұрған Жолдастың күртешесін ұялы телефондағы суретке түсіріп алып, ол үшін қаржы полициясынан талай қорқыту-үркіту естігенін, ақыры ол суретті телефоннан өшіргізіп тастағанын айта келіп, «ол сурет бәрібір менде сақталып қалыпты» деп, Жолдастың дәліздегі ілгіште ілулі тұрған күртешесінің суретін сотқа көрсетті. Сонымен қатар ол қаржы полициясының қыспағымен алғашқыда көрсеткен көрсетулерінен банктағы бейне камералардың көздерінің қағазбен желімделіп қойылғанын, Кошляк, Әлиев деген фамилияларды алып тастауға нұсқау болғанын айтып берді.

Жалпы соттың барысы туралы осы сотта басынан аяғына дейін қатысып жүрген, өз есімін атамауды өтінген азамат былай деп ой бөлісті:

«Сот барысында кейбір жауап берушілер бір нәрседен қорқатыны айқын байқалады. Әрине, бұл сотта қоғамға танымал, жоғары лауазымды адамдардың, былайша айтқанда «күштілердің» есімі аталып жатыр, содан да жалтаңдауы мүмкін. Ал судьяға келсек, ол өте байсалдылық танытып, ешкімге ешқандай қысым жасамай, әлгі көптеген басқа соттағыдай қақпайламай, әділ жүргізіп отырғандай».
XS
SM
MD
LG