Accessibility links

Ресей думасына сайлау: Қазақстандық саясаткерлердің көзімен

  • Жұлдыз ТӨЛЕУ

Ресей мемлекетінде биыл Дума сайлауы бірінші рет, Қазақстанда өткен парламент сайлауы секілді, пропорционалдық жүйемен және жеті пайыздық меже арқылы өтті. Ресей Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жариялаған сайлау нәтижесі бойынша, жеті пайыздық межеден төрт партия өтіп отыр. Алайда, басым дауыс биліктің «Біртұтас Ресей» партиясына тиесілі болды. Көрші Ресей өлкесінде өткен Дума сайлауын ресми Астанада отырған саясаткерлер қалай бағалайды?

Өткен жексенбіде болған Ресей думасына сайлауды телеарналар арқылы қазақстандық саясаткерлер мен сарапшылардың дені бақылаған көрінеді. Қазақстан парламенті жоғарғы палатасының депутаттары да сайлаудың барысын көздерінен таса қылмапты. Солардың бірі - сенатор Бексұлтан Тұтқышев, думаға өту үшін жеті пайыздық межеден асқан партиялардың артында биліктері санасатындай салмақты күш бар деп санайды:

- Ресей партияларының мықтылығын көрсетеді. Демек төрт межеден өткен төрт партияның да бағдарламаларына сенетін халық бар, күш бар. Ал біздің Қазақстанда оппозициялық партиялар біресе қосылады, біресе бөлінеді. Сенім жоқ.

Ресейде биліктің «Біртұтас Ресей» партиясының басым дауысқа ие болуын қазақстандық сенатор Бексұлтан Тұтқышев қай мемлекетте болмасын билік өзінің барлық мүмкіндігін пайдаланады деп түсіндіреді.

Ал тұтастай «Нұр Отан» партиясынан тұратын Қазақстан парламентіндегі мәжіліс депутаттарының басым көпшілігі аймақтарда сайлаушылармен кездесіп жүргендіктен Ресей думасына өткен сайлауды жіті көре алмапты. Олардың дені көрші елдегі сайлаудан гөрі Қазақстандықтарға президент Назарбаевтың жолдауын, «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын таныстыру маңыздырақ дейді.

Парламент сенатының қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Мүсрәлі Өтебаев Ресейдегі партия жетекшілері өздерінің жұмыстарына қарап орындарын алды деген баға береді. Сенаторға ең бастысы Ресей мемлекетінің сайлау барысында ақпараттық технологияны пайдалану жүйесі ұнапты. Бұл Қазақстанға үлгі боларлық дейді ол:

- Түні бойы әр сайлау учаскелерінен толыққанды мағлұматтар түсіп тұрды. Кімге қажет болса, солардың бәрі электрондық жүйемен қарап отырды.

Қазақстандағы «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Байменов көрші елдің Орталық сайлау комиссиясының алдын ала жариялаған сайлау нәтижелері жалпы Ресей халқының көзқарасына жақын екендігін айтады:

- «Біртұтас Ресей» партиясының жеңіске жетуінің негізгі факторы - Владимир Путиннің партиялық тізімді басқаруы. Бүгінгі күні Путинге деген Ресей халқы тарапынан сенім деңгейі жоғары.

Сонымен бірге тоқсаныншы жылдардан бері қарай Ресей экономикасының өсуі мен шикізат бағасының әлемдік базарда жоғары болып тұруы да қазіргі Ресей билігіне оң ықпал етіп отыр, дейді «Ақ жол» партиясының жетекшісі.

Ресей Мемлекеттік Думасына сайлауда екінші орынды иеленгенімен Зюганов жетекшілік ететін Коммунистер партиясы сайлау қорытындысымен келіспей отыр. Ресей қоғамында кеңестік жүйені аңсайтындардың көп екенін айтқан «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Байменов Зюганов жетекішілік ететін партия одан да көп дауыс алуы мүмкін дейді:

- Оппозициялық партиялардың ішінен тек қана Коммунистік партияның өтуі де едәуір деңгейде заңды құбылыс деп есептеймін. Себебі, Коммунистік идеология да, Коммунистік партия да Ресей қоғамында едәуір қолдауға ие. Тіптен олардың алған дауысы он бір, он екі пайыздан да жоғары деп есептеймін.

Ал жеті пайыздық межеден өте алмаған Ресейдің оппозициялық партиялары болып саналатын оңшыл күштер мен Яблоко партиясының жетекшілері қазіргі Ресей билігін кеңестік жүйемен салыстырып сынауда. Қазақстанның «Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Байменов олардың Қазақстандағы оппозициялық күштер секілді мемлекеттік телеарналарына шығуға мүмкіндіктері жоқ екенін айтады.

Қазақстандағы коммунистік халықтық партиясының жетекшісі Владислав Косарев Ресейдегі Коммунистік партияның он үш пайызға жетпейтін дауыс жинағанына өкініш білдіреді. Бірақ ол, Қазақстандағы сайлаумен салыстырғанда, демократиялық ілгерілеудің бар екенін айтып, сайлау өткеннен кейін бірден бюллетендерді санауға кіріскенін және оны телеарналардан көрсетіп отырғаны Қазақстанға үлгі боларлық дүние дейді.
XS
SM
MD
LG