Accessibility links

Баспасөзге шолу. 01.16.2008 жыл

  • Данабек ЖАЛМЫРЗА

Сәрсенбі күнгі жарыққа шыққан басылымдардың барлығы дерлік кеше Алматыда ел президентінің үлкен күйеу баласы Рахат Әлиев пен оның серіктерінің үстінен аяқталған сот ісі туралы жазыпты. Сонымен қатар басылымдар Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған жарылыстан қаза тапқандар туралы да жазып жатыр.

«Айқын» газеті Қарағанды шахтасындағы қайғылы оқиғаға байланысты мақаласын «Митталдың миллиарды – Қарағандының көз жасы» деп атап, «Көптеген адамның өліміне жол берген шет елдік алпауыттарға мемлекет қандай талап қоюы керек?» деген сауалнамаға жауаптарын жариялапты. Онда қоғам өкілдері «шетелдік компанияларда еңбек қауіпсіздігі туралы заңның орындалуын қатаң қадағалау керек деген жауап беріпті. Сонымен қатар «Айқын» газетінде Бауыржан Омарұлы Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновпен ауқымды сұхбатын жариялапты. Онда Талғат ақсақалдың естеліктерін жазған автор мақаласын: «Беті аулақ, ел басына күн туса, қазір де ұшаққа отыруға даярмын!» деген Бигелдиновтың сөзімен тұжырымдапты.

«Литер» газеті болса, Талдықорғандағы тәнін саудалаған келіншектердің бейбіт шеруіне байланысты «Олар мемлекеттен көмек сұрауда. Мемлекет оларға немен, қалай көмек көрсете алады?» деген сауалнамаға үш түрлі жауап жазыпты. «Адам құқықтары хартиясының» атқарушы директоры Жеміс Тұрмағамбетова: «Мен қызметтің бұл түрін заңдастыру керек дер едім. Бұл жағдай осы саланың қызметкерлеріне әртүрлі заңдармен қорғалуына мүмкіндік берер еді. Әрі әлеуметтік тұрғыдан да қорғалған болар еді. Бұл құбылыс қоғамға жат, сондықтан жоқ деп басты құмға тыққанмен мәселе шешілмейді. Кім қалай десе де, бәрібір қызметтің бұл түріне деген сұраныс қоғамда бар» деген пікір білдіріпті. Ал Парламент сенатының депутаты Анатолий Башмаков: «Мен тән сатуды заңдастыру дегеніміз - қоғамның мәдени және моральдық құлдырағанының көрсеткіші дер едім. Бір жыныстыларға неке қиюға рұқсат беріп, құлдыраудың шегіне жетіп отырған Еуропа бұл тұрғыдан бізге таза бұлақтың суындай қарауы керек. Сондықтан ондайға жол бермеу керек» депті. Ал феминистер қозғалысының президенті Евгения Козырева «олардың қызметіне лицензия берілмейтіні себепті оларға араша түсудің өзі заң тұрғысынан қисынсыз. Десе де бұл салада Қазақстанның құқықтық тәжірибесінің жоқтығын ескерсек, оларды заңдастыру өте ұзаққа созылатын құбылыс екенін білулері керек» депті.

«Айқын» газеті болса осыған байланысты «Бейбіт шеруге шыққан 160 адамның бәрі енді өз азаматтық құқықтарының қорғалуы жөнінде тұрғындардан қол жинауға кіріскен. Бірақ, адамгершілік құқықтан аттаған жандардың мемлекеттен азаматтық құқығының сақталуын талап етуі тым қисынсыз көрінді» деп жазыпты.

«Егемен Қазақстан» газеті «мәселенің мәнісі» айдарымен берген «Жағдайды жан-жақпен салыстырып қарау керек» деген мақаласында Қазақстанның оңтүстігінде қанша электр станциялары бар және олар қанша электр қуатын өндіріп жатқанын айта келіп, «сондықтан оңтүстікте электр қуатына шектеу қойылып жатыр деген дақпырттың себебін әуелі жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың электр қуатына уақытылы ақы төлемеуінен іздеу ақылға қонатын сияқты» деп жазады. «Осы жағдайдың бәрін ой елегінен өткізе отырып саралап қарасақ, елімізде құдайға шүкір дейтіндей жағдай бар екен... Халыққа газ бен электр қуаты да толық берілуде» деген тұжырым жасайды басылым.

«Экспресс К» газеті соңғы кездері Жамбыл облысында газ тапшылығы болып отырғанына «Өзбекстаннан келетін газдың азайуы себеп боп тұр» дей келіп, «өзбектер осыдан бірнеше жыл бұрын газды қымбаттатар алдында осылай газ беруді азайтқан еді, осы соның көрінісі боп жүрмесін» деген алаңдаушылығын білдіріпті.

«Время» газеті «теміржолшылар мен Республикалық санэпидстанция мамандары келіспей отыр» деген мақалада Қытайдан алынған жолаушы тасымалдайтын вагондар төңірегіндегі дау-дамай туралы жазыпты.

«Аргументі факты - Казахстан» басылымы «Неге Қазақстан суретшілерінің туындылары Еуропа өнерсүйгіштерін қызықтырмайды?» деген мәселе төңірегінде «Ұлар» галереясының жетекшісі Юрий Марковичпен сұхбатын жариялапты. Мақалада Маркович «Оның көптеген себептерінің негізгісі - экономикалық себеп. Қазір Европада өмір сүру Қазақстандағыдан жеңіл» депті.

«Эксперсс К» газеті «Қазақстан хоккейшілері Ресейдің ашық хоккей лигасында ойнауы үшін оған 30 миллион доллар қаржы керек. Соны біз таба аламыз ба?» деп алаңдапты.

«Айқын» газеті Шымкент облысында бір жас жігіт бірден екі қызға үйленгені туралы жазған «Екі келіншек әкеліп, елді естен тандырды» деген мақаласын автор «Апалар айтпақшы, қазақ осылай өсіп жатыр. Дұрыс па, бұрыс па, кім білсін» деп аяқтапты.
XS
SM
MD
LG